Толайым істер толастамайды

DSC_7231

«Достар» мәдениет сарайында өткен қоғамдық кеңес отырысында Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың қаланың 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері туралы есебі тыңдалды.

Қала әкімі екі жыл бұрын құрылған қоғамдық кеңес тиімді және сапалы қызмет қалыптастырып үлгергенін, уақыт өткен сайын қоғам мәселелеріне батыл дендеп, билікпен конструктивті диалог орнатуда іскерлік қадамдарға барып отырғанын атап өтті. Былтыр қоғамдық кеңес отырыстарында баспана, жер, абаттандыру, коммуналдық салаға қатысты 46 мәселе қаралған. Қала әкімі өз баяндамасында халықтың қамсыз тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін тұрғын үй, денсаулық, білім, жұмыспен қамту, коммуналдық шаруашылық мәселелерін сөз етті. Әкім есебінде айтылғандай, экономиканың қай саласында да өндірістік көрсеткіштер өсе түсуде, жаңа өндіріс нысандары көбейіп, кәсіпорындар салаларын кеңейтуде, кәсіпкерлік және қызмет көрсету қазіргі заманға сай мамандануда. Мұның бәрі қалада әлеуметтік, тұрмыстық проблемаларды шешуге оң ықпал етуде. Көкшетау жыл өткен сайын құлпырып, ажарлана түсуде. Түрлі көрікті орындар пайдалануға беріліп, сәулеті жарасқан қалаға айналуда. Кеңес мүшелері өткен жылы қалада өнеркәсіп, аграрлық және әлеуметтік салалардың дамуында игі қадамдарға қол жеткізілгендігін атап өтіп, атқарушы биліктің жұмыс қорытындыларына оң баға берді. «Қалада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар көбейіп келеді. Ендігі жерде осы жұмыстарды ілгері дамыту жауапты сала басшыларының мойнында тұрған міндет. Қала әкімі көтерген мәселелер, жоспарлар, олардың орындалуы – бәрі-бәрі тиянақты нәтижесін береді деп сеніммен айта аламыз»,–деді қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса. Былтыр қалалық мәслихат депутаттары атқарушы билікке 100-ден аса депутаттық сауал жолдап, оның біразы оң шешімін тапқан. Өткен жылы қалалық мәслихаттың 12 сессиясы өтіп, онда 50-ге жуық мәселе қаралған.

Ә.ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий