«ТОР» адасудың ащы ақиқаты

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры Владимир Коняевтің «Тор» деп аталатын психологиялық драмасын сахналады. Бұл – жиырма жылдық тарихы бар өнер ордасының күрделі жанрға жасаған алғашқы қадамы, тәуекелі. Нәтиже, іс жемісі қашанда ізденістен туады. Тыңнан түрен салған мұндай ізденістердің ұжымды серпілтіп, сергітіп, жаңа бір деңгейге көтерері бар. Қым-қиғаш тағдыр, сүріну, мұқалу, тән қиналысы мен жан жарасы, тығырыққа тірелген адамдардың алас ұрған арпалысы, ішкі тебіреністерінің толқыны көрерменін ойға батырары сөзсіз. Бүгінгі күннің проблемасын көтерген күрделі қойылым. Қоюшы режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов, қоюшы суретші Айдана Бисембаева.
Ақпараттар ағыны аласұрып тұр. Арнасынан асқан, тасыған адуын өзен сияқты. Асығыс өмір. Бітіп болмас күйбең тіршілік. Сөйтіп, мігір көрмей жүргенде жұрттың көбі өз баласының қашан өсіп, немен айналысып, қалай қалыптасқанын да аңғармай қалады-ау. Көбіне өзінің іс-әрекетіне, айтқан сөзіне де мән беруге мұршасы болмайды. Сосын, перзенті бір пәлеге душар боп, бірдеңеге ұшыраса «Бұл неге мұндай болды?» деп аңтарылып отырғаны. Ал, бала үлкенге қарап өседі. Әсіресе, оның айтқанына емес, ісіне қарап. Еліктеп. Оған үлкендер үнемі мән бере ме? Міне, психологиялық драманың үлкен-кіші көрерменге алып шыққан негізгі айтары осы. Алайда, сол бір шындықты сахнагерлер сай-сүйекті сырқыратып қалай бетке басады десеңізші?! Шындықты тыңдау, көтеру, мойындау дегенің асылы, оңай емес-ау. Драма мәтінімен таныспыз. Терең. Тебірентерлік. Режиссер Мұратбек Оспанов мәтінде ширыққан ой иірімдерін қыбын тауып, шебер көрсетіпті. Жан тебіренісін туғызар әуен, тосын дыбыстар онсыз да шиыршық атқан жүйкені жалаңаштай түсетіндей. Сахнаны түгел қоршаған, саңылаусыз тор, жан-жақтан тұмшалап, қыспаққа алған қараңғылық ащы ақиқаттың салмағын зіл батпан қып иығыңа артады. Алдарындағы әлсіз ғана сәулеге телміріп, әлі де бір жақсылықтан үміттеніп, тор ішінде шыр айналған бейбақтар…
Ойын үстіндегі алты актер өздері тап болған тылсым әлемнің әлегін әшкерелеуге күш салады. Бір сәт босаңсымайды. Көрерменіне де көз аудартпайды. Тынысын тарылтатындай. Сахнада актерлер ойыны арқасында пайда болған ерекше қуат күшіне байланғандай әсерден шымылдық түскенде ғана «уһ» деп арыласың. Өйткені, шырқыратып айтылған шындық, азғындық жолына түсіп, енді жан күйзелісі мен тән күйзелісі бірдей қинап, осындай күйге түскеніне зығырданы қайнап, зіркілдегендер жағдайы сенімді-ақ. Бір кейіпкер жан тебіренісін ақтарып, сөйлеп тұрғанда басқа кейіпкерлер босаңсымайды. Әлі де сол ширыққан қалыпта, өз ойларымен әбігер. Қиналыс үстінде. Біреуі бет-жүз мимикасымен, біреуі ебедейсіз қимылымен болса да сахнаны толтырып, монолог айтушының ойын үстемелеп тұрады. «Мимика» демекші нашақорлықтан қор болып өлген қызын уайымдап, өзі маскүнемге айналып, одан қызын сол жолға түсіріп, түбіне жеткен жауызды жайратып, алжасуға жақын қалған ана кейпін сомдаған актриса Маржан Бөкешеваның рөліне жауапкершілікпен қарап, көп дайындалғаны байқалды. Ол тек дауыс, әрекет емес, бет-жүзінен де ананың аласапыран көңілін көрсете алды. Зүлкәпіл Батихан кейіпкерін өз деңгейіне жеткізіп алып шықты. Айналасындағы адасқан бес адамнан тұрпаты бөлектеу кейіпкерінің ішкі сырын аша білді. Бұл мәтінді терең оқып-түсіну, режиссер талабы тезінен көріну нәтижесі болса керек. Жас актердің тез ширап, тез өсіп келе жатқанын салмақты ойыны дәлелдегендей.
Тағы бір қойылым – өмірдегі ортаны толтырып, онсыз да тартыс пен күйзеліс, жан шырылынан сахнада қайнаған энергетиканы қапысыз қыздырып, әлем-тапырық ой қазанын бұрқ-сарқ қайнатқан қызуқанды актер Бекас деген екіжүзді, сухит біреуді сомдаған Медет Хамзин болды. Бұл актер мимика, плас-тика темпераментіне қоса ішкі жан күйзелісі иірімдерін беруде шеберлік танытты. Әлгі айтқан көрінбейтін қазанды қайнату міндеті де көбіне осы Бекастың міндеті болғандай. Медеттің сахнадағы әріптестерін ойын өрнегіне тарту, керек жерінде оларды қолдау шеберлігі де жеткілікті екен. Қышқыл деген мазаң маскүнемді ойнаған Дархан Қасенов, наркоман Инені сомдаған Гүлнұр Қожақова, шала бүлініп ғашық болып жүріп орға қалай құлағанын білмеген Бикешті кейіптеген Ақмарал Жайлауова да осал ойнаған жоқ. Кейіпкерлерінің мінез-құлқын жете зерттеп, мақсаттарын айқындап алғандары анық. Сондықтан да, тартынбай, еркін де батыл өнер көрсетті.
Қойылымнан енді бір аңғарғанымыз актерлердің аласұрған қимыл үстінде жүрсе де айтар сөздерін, ұзақ-ұзақ сөйлемдерін анық естіртіп, анық жеткізгендігі. Бұл – үлкен шеберлік. Мұратбек Оспановтай тәжірибелі қоюшы режиссердің қолтаңбасы, мектебі. Осыншама төгілген тер, ізденіс, безендіру, жарық, музыканың басын біріктіре келгендегі нәтиже – драманың көрерменге жеткізген анық ойы. Неге адам нашақор, шылымшы, маскүнем болады? Неге отбасын құрмаған сабау басты? Неге белсіз, баласыз? Неге қайырымсыз? Неге арамза, неге екіжүзді? Осы жолға қалай, қашан түсті? Міне, осындай сұрақтарға жалғансыз, қара қылды қақ жарып айтылар жауаптарға жолығасыз. Кемшілігіңізді көресіз, олқы тұсыңызды ойлайсыз. Жалпы, «Тор» өткен жылы ғана өзінің жиырма жылдығын атап өткен облыстық қазақ театрының сахнасында қойылған алғашқы психологиялық драма екен. Бұл жанрдың жүгі ауыр екені сөзсіз. Денеңді түршіктіріп, арқаңды мұздатар күрделі қойылымға да тәуекел еткенде, театр ұжымы оны білмеген жоқ. Білді. Алайда, онда көтерілетін тақырып бүгінгі күні «күйіп тұрған» мәселе екені рас. Демек, керек. Ұжым сол тақырыпты көтеріп, жасөспірімге, ата-аналарға ой салуды көздеген. Енді, қадірлі көрермен театрға барып көру, көргенімізден ой түю бізге сын. Өйткені, қойылым драмаға қойылар: «Нені айттың?», «Кімге айттың?» «Қалай айттың?», «Не үшін айттың?» (Д.Исабеков) деген талаптардың бәріне жа-уап беріп тұр.Үлкендер өзіміз көрейік, егемен елдің ертеңі – ұл-қызымызға көрсетейік. Оқу орындарында жастардың, тіпті ата-аналардың ортасында талқыласа артық па? Ал, жаңа жанрға жол ашып, елең еткізіп келген психологиялық драманың қойылған сайын жетіліп, ширыға түсері, кейбір кедір-бұдырынан арылып, жетіле түсері сөзсіз. Сахнада қызуы қарыған, тартымдылығы мықты, «тірі» бір әлемнің көрермен көзайымына айналып, ғұмырлы боларына сенім мол. Қойылым соңынан кейін пікірлескенімізде жас-тар өздерінің ерекше әсерде екендерін кейбір ересек адамдар: «Кейіпкерлер айғайлап сөйлейді, айғай, жерді сабалау көп» деген сындарын айтты. Біріншіден, жанын қыздырып, өкініш өзегін өртегендер айғайламағанда қайтсін? Екіншіден, қойылымның негізінен жастарға арналғаны да белгілі. Жастардың сленг тілінің жиі қолданылуы – әдейі сол аудиторияға жақындай түсудің, түсінікті бола түсудің қамы. Театр дайындаған буклетте де: «Пьеса жасөспірімдер мен жастарға арналып жазылған», – деп көрсетіліпті. Сондықтан, өнер ордасына алған белестеріңіз құтты болсын, жаңа биіктерден көріне беріңіздер, демекпіз.

Серік Жетпісқалиев,
жазушы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс