Тоғыз айдағы толымды істер

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2018 жылдың 9 айы ішіндегі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы мақсат-міндеттерді баяндады.

Ағымдағы жылы барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң үрдіс байқалады. Инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға артып, 200 млрд теңгеден асты. Облыста индустриалды-инновациялық бағдарламаға енгізілген 81 жобаның 27-сі экспортқа бағытталған. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, альтернативті энергетика, биомедицина, блокчейн сияқты сервистік салаларды дамытуға қатысты да бірнеше жобамыз бар», – деді облыс әкімі.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың 9 айында тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 35% -ға өсті. 394 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3800 пәтер пайдалануға берілді. 2019 жылы ел тәуелсіздігін алған бері алғаш рет 500 мың шаршы метр-
ден астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр, бұл – 4,5 мың пәтер. Болашақта жыл сайынғы өсім 380-400 пәтерді құрайтын болады. Бұдан бөлек, М.Мырзалин аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту өңірлік экономиканың негізгі тірегі екенін айтып өтті. Оның сөзінше, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биылғы жылы Ақмола облысындағы астықтың жалпы түсімі 5,6 млн тоннаға жеткен, орташа өнімділігі гектарына 13 центнерден айналды.

Облыста ауылшаруашылығын қайта өңдеу саласында жыл басынан бері 19 млрд теңгеден астам қаржы игерілді, бұл республикалық көлемдегі бюджеттің 25 % құрайды. Облыста биыл ашылған Макинск құс фабрикасы тек Елорда аумағын ғана емес бүкіл республиканы құс өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жоба. «Бүгінде құрылыстың бірінші кезеңі іске қосылып 25 мың тонна құс еті өндірілді, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істесе, өндірілетін өнім көлемін 50 мың тоннаға жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Кәсіпорын жыл сайын елдегі құс етінің 30% импортын жабады. Бұл дегеніміз 170 мың тонна құс еті», – деді М.Мырзалин. Әкімнің айтуынша, өңірде азық-түлік өндірісінде тұрақты өсу үрдісі сақталып отыр. Осы жылдың 9 айында өсім 110,8% құрады. Алдағы бес жылдың ішінде шаруашылықтарда 16 мың орынға арналған 7 мыңнан астам ет фермасы құрылады. Сол сияқты сүтті мал шаруашылығында 1000-нан астам ірі қара малға 18 отбасылық тауарлы сүт фермасы құрылды. Осы бағытта жұмыстар жалғасын табады.

Облыс басшысы Астана қаласының шеткі аймақтарын дамыту үшін кешенді жоспар жүзеге асырылып жатқанын еске салып, бұл мақсатқа ағымдағы жылдың өзінде-ақ 9,5 млрд теңге бөлінгенін айтты. Келер жылы Целиноград ауданының жолдарын төсеу және жөндеу жұмыстарына бюджеттен 4 млрд теңге қарастырылып отыр. Осы жылы су таратқыш құрылысы аяқталып, 2019 жылы Қосшы елді мекенінің төрттен үш бөлігі орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Келер жылы екі мектептің құрылысы басталады. Оның бірі 1000 орынға арналған жалпы типті мектеп болса, жеке меншік компания 200 орынға арналған мектеп құрылысын қолға алмақ. «Осы жылдың желтоқсан айында Қосшыда балаларға арналған демалыс орталығы ашылып, онда 10 үйірме жұмыс жасайтын болады. 2017 жылы Қосшыда 50 келіп-кетуге арналған дәрігерлік амбулатория ашылса, 2018 жылы 100 келіп-кетуге арналған Отбасылық денсаулық орталығы ашылды. Ендігі ретте, келесі жылы 150 келіп-кетуге арналған емхана құрылысын бастаймыз», – деді М.Мырзалин.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарының көлемі екі есе ұлғайтылып, 476 километр жол жөнделді. Өңір басшысы еліміздің солтүстік аймағын газдандыру аясында «Сарыарқа» жобасы бо-йынша Аршалы мен Целиноград аудандарының 20 елді мекеніне газ кіретінін және қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын айтты. «Өңірде құрылысы қолға алынған 9 мектептің төртеуі жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Оның ішінде Көкшетау қаласындағы 900 орынға арналған инновациялық ІТ мектеп-лицейі де бар. Қосымша бөлінетін қаражаттың арқасында алдағы үш жылдық бюджет аясында жақын уақытта облыстағы үш ауысымды мектеп проблемасы шешіледі», – деді М.Мырзалин.

13 600 педагог жаңа білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен. «Ұлт саулығы жалпыұлттық міндет болып табылады. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында облыста соңғы екі жылда 250 бірлік медицина жабдығы, 46 бірлік санитарлық автокөлік, 700-ден астам компьютер техникасы сатып алынып, 24 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Осы жылы Көкшетау қаласындағы онкологиялық емхананың құрылысы басталды. Бұл біздің облыс үшін әлеуметтік маңызы бар нысан болып табылады», – деді облыс әкімі.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий