Тоғыз айдың қорытындысы сараланды

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде тоғыз айдың әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Күн тәртібінде қаралатын мәселелерге тоқталған қала басшысы барлық салалар тоғыз айды ойдағыдай қорытындылап отырғанымен, көңіл көншітпейтін тұстардың да барлығын жасырмады.

Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Шұқатова әр салаға жеке-жеке тоқталды. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде қалада 72,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, «Камаз-Инжиниринг», «Тыныс», «Новопэк», «ЕНКИ», «Ақмола Бидай», «Натур Продукт», «Регионстрой», «Көкшетау нан зауыты» сияқты кәсіпорындарда айтарлықтай өсім бар. Алайда, өнеркәсіп өнімінің үлкен үлесін шығаратын ірі кәсіпорындарда өндіріс қарқынының бәсеңдегені байқалады. Мәселен, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында алкогольді өнім өндірісі 43,9 пайызға кеміген. Бұған акциздік төлемдердің көтерілуі себеп болып отыр деп түсіндірді Г.Шұқатова. Сондай-ақ, «Көкше» АҚ, «Молоко Синегорья» ЖШС, «Ақсай нан Көкшетау», «Agrimer-Astyk» сияқты кәсіпорындарда да өндіріс көлемі азайған. Қала әкімі кәсіпкерлік бөліміне жұмыс қарқынының бәсеңдеу себептеріне жан-жақты талдау жүргізуді, инвестжобаларды жүзеге асыруда сала басшыларына сылбырлық танытпай, белсенді жұмыс істеуді қадап тапсырды. Шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 8,9 миллиард теңгенің түсімі түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артық. Кәсіпорындардың тұрақты жұмысы индустриялық салада өсу қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. 329 жаңа жұмыс орындары ашылған. Жылдық жоспар 54,3 пайызға орындалған. Алайда, жыл аяқталуға үш ай ғана мерзім қалғандықтан, бұл көрсеткішті одан әрі жоғарылатып, қол жеткен белестерге мықтап табан тіреуді көздеу керек екендігін айтқан қала әкімі бірқатар ведомство басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Қалада баспана мәселесі де біртіндеп оң шешімін тауып келеді. Құрылыс саласында көлемді жұмыстар атқарылуда. Ондағы өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Тұрғын үй құрылысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 134,4 мың шаршы метр. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс саласындағы жұмыс көлемі 12,0 миллиард теңгені құрады. Қаржы бөлімінің жетекшісі Гүлнар Құсайынованың айтуынша, қала қазынасына 13257,4 миллион теңге кіріс түсіп, 101,1 пайызға орындалған. Жоспар 125,1 миллион теңгеге артық орындалған. Жоғары көрсеткішке жер телімдерін сатудан түскен түсім есебінен қол жеткізілген. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,5 пайызға орындалған. Осы уақыт ішінде 112,6 миллион теңге игерілмеген. Қала әкімі сала басшыларына жыл соңына дейін бөлінген қаражатты толығымен игеруді қадап тапсырды. Г.Құсайынова кәсіпорындардың дебиторлық, кредиторлық қарыздары жайлы айтып өтті. «Көкшетау Жылу», «Көкшетау Су Арнасы» кәсіпорындарының жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерден кейін шаһар басшысы Ермек Маржықпаев өзекті мәселелер – күнделікті қала тазалығы, жылудың, жарықтың үздіксіз берілуі, қылмыстың құрықталуы, тәртіп пен мәдениетке назар аударып, сала жетекшілерінің хабарламаларын тыңдады. «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Сергей Жуковтың айтуынша, алдағы қысқы маусымға 72 мың тонна көмір қоры дайындалған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге артық. Ендігі міндет – пайдаланылған жылуға төлемді уақытында жүргізу екендігін атап өтті қала әкімі. Ауа райының құбылмалылығына байланысты көшелерде көктайғақ болмау үшін коммуналдық кәсіпорындарға инертті материалдарды жеткілікті мөлшерде дайындау тапсырылды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий