Тоғыз ай табысты қорытындыланды

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде тоғыз айдың әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Сонымен бірге экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары жөніндегі қала әкімінің орынбасары Иван Иванович Юрченко таныстырылды.

Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Шұқатова мен қаржы бөлімінің жетекшісі Гүлнар Құсайынова жасаған хабарламаларға қарағанда барлық салалар тоғыз айды ойдағыдай қорытындылап отыр. Дегенмен, сол көрсеткіштерді одан әрі жоғарылатып, қол жеткен белестерге мықтап табан тіреуді көздеу керек. Сонда, жыл қорытындысында алға қойылған межелер алынбақ. Одан әрі өз жұмыстары бойынша сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі Илуа Әбенов, жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Р.Исин есеп берді. Атқарылған істер баршылық, дегенмен, әлі де түпкілікті айналысар шаруалар көп. Мысалы, саяжайлар иелерін толық анықтап, тіркеу, қала орталығындағы гараждарды шығару. Гараждар саны 273 болатын. Олардың тек 176-сы шығарылып, басқа орындарға көшірілді. Ал, алынбаған гараждар қалада екпінді жүріп жатқан көпқабатты үйлер аулаларына ойын және спорт алаңдарын салуда қолбайлау болуда. Бір аулаға келген құрылысшылар жұмысты бастауды екі апта бойына күткен жағдай болған. Демек, гараж иелерінің құжаттарын анықтап, қажет болса рәсімдеп, көшіру тездетілуі тиіс. Тұрғындар да бұл мәселеге түсіністікпен қарауы керек. Бұл көпқабатты үйлер тұрғындарына, балаларға қолайлылық үшін керек. Үйлердің сыртқы бояу түстеріне талғаммен қарау жөн. Жаңа салынатын ғимараттардың сәулетіне жете мән берілуі, архитектор талабының орындалуына қол жеткізілуі қажет. Мүгедектерге ғимараттарға кіріп-шығу үшін салынатын пандустардың қолайлылығы мұқият тексерілсін. Жаңа ғимараттарды тапсырғанда тек көз үшін ғана салынған, пайдалануға ыңғайсыз пандустар кез болып жүр. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерден кейін өзекті мәселелер: Ермек Маржықпаев күнделікті қала өміріне байланысты – қала тазалығы, жылудың, жарықтың үздіксіз берілуі, қылмыстың құрықталуы, тәртіп пен мәдениетке назар аударып, сала жетекшілерінің хабарламаларын тыңдады.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс