Тоғыз жолдың торабына айналсақ

Ел мен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған көлік саласының маңызы зор. Көлік логистикасы – экономиканың күретамыры болғандықтан, бұл саланы дамытуға әркез баса көңіл бөлініп келеді. Қайтарымы бар салаға салынған қаражат та аз емес. Нәтижесі көз алдымызда.

Тәуелсіздік тұғыры орнаған ширек ғасырда біраз жұмыстың басы қайырылды. ТМД елдері арасында Қазақстан – 25 жыл ішінде 2500 шақырым жаңа теміржол желісін салған жалғыз мемлекет.
Бүгінде елімізде 5 халықаралық теміржол және 6 автомобиль дәлізі құрылды және қарқынды түрде жұмыс істейді. Осы дәліздерді дамыту үшін еуразиялық көлік дәліздерінің жаңа архитектурасы құрылуда. Каспий аймағының Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік бағыты сияқты дәліздер Қытайдан Еуропаға, Үндістаннан Еуропалық одақ елдеріне және Ресейге жүк тасымалдау уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Каспий аймағындағы теңіз порттары Әзербайжанға, Түрікменстанға, Ресей мен Иранға және одан әрі Таяу Шығысқа қол жеткізуге мүмкіндік туғызады. Осы орайда тілге тиек етерлік жедел жобалардың бірі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі. Бұл жобаның арқасында Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға дейін жүктер 10-12 күн ішінде жеткізіледі, ал Оңтүстік Теңіз жолы бойымен 45-60 күнде жеткізуге болады. Теміржол саласында жалпы ұзақтығы 112 км «Алматы-Шу» учаскесінде екінші жол желісінің құрылысы 2017 жылдың соңында аяқталды. Жалпы, жобаны іске асыру учаскенің өткізу мүмкіндігін 3 есеге, қозғалыс жылдамдығын 2 есеге арттырды. Өткен жылдың мамыр айында Елордада «Нұрлы жол» жаңа вокзал кешені пайдалануға берілді. Жаңа вокзал тәулігіне 35 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал, Астанадағы қолданыстағы ескі вокзалмен қоса алғанда тәулігіне 47 мың жолаушыға қызмет көрсетіледі. Бұл елордадағы жолаушылар ағынына сапалы қызмет көрсетуді толығымен қамтамасыз ететін көрсеткіш. Бүгінгі таңда Кас-пий теңізіндегі Құрлық портының жаңа теміржол паром терминалы арқылы миллион тоннадан астам жүк өңделді. Еліміздің шығысында, Қытаймен шекара маңындағы аумақтағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ базасында 2015 жылы Құрлық портының және инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. 2017 жылы Астана қаласы әуежайында жаңа терминалдың құрылысы аяқталды. Жаңа нысанның жолаушылар өткізу мүмкіндігі жылына 5 млн адамды құрайды. Қазіргі уақытта халықаралық әуе қатынастарының саны – 96.
Өңірде жол-көлік инфра-құрылымын дамытуға 2017 жылы 12,3 миллиард теңге бөлініп, игерілді, 235,6 шақырым жол жөнделді. Жалпы, пайдаланатын 9 автомобиль жолының учаскелерінде күрделі және орташа жөндеумен 70,7 шақырым жол қамтылды. Бүгінде Астана мен Көкшетауды жалғастыратын алты жолақты күрежолда автокөлік әрі-бері күн сайын тоқтаусыз ағылуда. Жуырда Мемлекет басшысы курортты аймаққа жасаған сапарында: «Қазір «Щучье-Бурабай» курортына барып-келуге барлық жағдай жасалған. «Астана-Көкшетау» автобаны салынды. Көкшетау әуежайы жұмыс істеп тұр. Енді Бурабай кентіне ішкі жолдар салып, адамдар демалатындай қолайлы жағдай туғызуымыз қажет» деген болатын.
Көкшетау – жыл санап көркейіп келе жатқан қалалардың бірі. Соған сай, қаланың жол-көлік қозғалысы да жетіліп отыруы керек. Былтыр Тәшенов көшесінің жолына күрделі жөндеу жүргізілді. Келер жылы Ғабдуллин көшесінің жолы жаңартылады. Биыл қаладағы Мир көшесіне Абай көшесінен Уәлиханов көшесіне дейінгі, Вавилов көшесі бойымен Көкшетау-Зеренді автомобиль жолынан Жайлау мөлтек ауданына дейінгі, Наурызбай батыр көшесіне Кенесарыдан Янко көшесіне дейінгі аумақтағы көше жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Астана бағытына шығаберіс айналмалы жолдарын тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қала бойынша 52 көше жолдары жөнделді.
Соңғы жылдары қалаға қоныстанушылар, жан-жақтан көшіп келушілер көп. Соған байланысты жыл өткен сайын қала ауқымы кеңейіп келеді. Жаңадан бой түзеген тұрғын үй массивтері жетерлік. Мұндағы жолдардың бәрі бірдей бір-екі жылда жаңара қою мүмкін емес. Кезең-кезеңімен, кезек-кезегімен жоспарға сәйкес жасалады. Биылғы жылы қала бойынша жол жөндеуге байланысты жасалған кейбір жобаларда жаяу жүргіншілер жолдарын, ал кейбіреулерінде жарық шамдарын орнату, суағар жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарастырылған. Бұл жұмыстар көшелер мен автокөлік жолдарына жасалатын күрделі жөндеу кезінде толықтай жасалады.
Атқарылып жатқан жұмыстар қала көркіне кәдімгідей оң өзгерістер әкелгені айқын аңғарылады. Көшелер ретке келтіріліп, жолдар тегістеліп, ерекше бір жинақылық байқалады. Ең бастысы – жүріп-тұруға қолайлы, абаттандырылған, ерекше жарық шамдар қондырылған, жаңғыртып қайта асфальтталған көшелер молая түсті. Бұрын, жүргізушілердің жүйкесі жұқарып жататын ойқы-шойқы жерлер қазір тақтайдай жазық. Қаланың шеткі аймақтары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Станционный поселкесі, Красный Яр селосы, қаланың шеткі аймақтарының көше жолдары ретке келтірілуде.
Қазіргі кезде автомобиль саны жедел өсуіне, жолаушылар тасымалдау, көліктер қатынасының ұлғая түсуіне байланысты жолдың сапалы болу қажеттілігі өмір өзі қойып отырған талап. Жолдарға салмақ түсіп, жол қозғалысының қауіпсіздігі маңызды бола бастады. Осының бәрі қаланың көше жолдары желісін жақсартуды, жетілдіруді талап етеді.
Өмiр керуенi iлгерi тартуда. Ал, көлiксiз күнiң қараң. Көлiк бiткен жолмен жүретiндiктен, жол жағдайына қалайша бейжай қарай аларсың? Өмiр – тақтайдай түзу болмағанымен, жол қозғалысының бiрден-бiр кепiлi – жолдардың тақтайдай түзулiгi керек. Өмiр көшi дегенге қаратып та солай деуге болады. Бәрi де өз игiлiгiмiз үшiн…

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий