Тоқсанның төрі той-думан

Қанмен келер, ұрпақтан-ұрпаққа дарыр дара қасиеттерді бүгін де, кеше де ешкім жоққа шығармаған. Ол – өз алдына бір төбе әңгіме. Ал, арғы-бергі ата-бабасының сарқылмаған базарлы бағдары, сара жолы, атқарған іс, иығына артқан жауапкершілігі, елден алған алғысы мен баға-сы да ойланған адамға адас-тырмас алтын жұлдыз –темір қазығы болары хақ. Тіпті, күнде ойлап, күнде тізбелеп отырмаса да сол соны соқпақпен өзі де өрге өрлей бермек. Міне, қазір тоқсан деген тулаған ат, тарпаң тағыдай жасты ерттеп мініп, жүген қаққан, Көкше өңіріне жақсы аты кеңінен мәлім Қабдөш Әлмұсаевтың тағдыр жолына қарасаң еріксіз осындай ойлар жиектейді. Алғашында мұғалім, бір-неше мектептердің директоры, кейін облыстық білім басқармасында инс-пектор, бертін Көкшетау облыстық партия коми-тетінің нұсқаушысы, Көкшетау қалалық атқару комитетінің хатшысы сияқты жауапты қызметтерді жаңылмай атқарыпты. Ел таныған, жұрт білген Еркін Әуелбеков, Оразбек Қуанышев, Бота Құсайынов, тағы басқа азаматтардың бастамаларын жүзеге асырысып, қанаттас қызмет істеп, бірінен бірегей алғырлықты, бірінен қайтпас қайсарлықты, бірінен мұқияттылық пен ыждағаттылықты үйренгендей. Әйтеуір, білімі мол, зерек, қызметтік тәртіп пен құжат, іс-қағаздарына аса сауатты Қабдөш Балтаұлы кіммен қызметтес болып, қандай қыз-қыз қайнаған науқан көрігінің ортасынан табылса да, талап биігінен шыға білді. Қабдөш ақсақалдың осындай, өз биігінен төмендемеген, қанаты талмаған алғырлығына қайран қаласың да, оның ғұмыр-тағдырына тағы үңілесің…
Иә, ол сонау 1947 жылы осы Көкшетаудағы атақты №3 мектепті күміс медальмен бітірмеп пе еді? Атақты Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін ойдағыдай тәмамдамап па еді? Одан әрілей түссең ше? Үлкен атасы Төреғожа топ алдында сөз бастаған, суырыла сөйлеп дауға түскен шешен адам болмап па еді?! Өйтпесе, оның артынан: «Төкең қара сөзге өткір екен, кеңеске қағидалы тапқыр екен» деген сөз қала ма? Тасқа түскен таңбадай мұндай бәтуәлі сөзді қазақ қашан тегін айтып еді?! Алайда, елге сыйлы, сөз ұстаған аталар ұрпағы да 1928-1932 жылдарғы ашаршылық, коллективтендіру, кәмпес-келеу қырсығынан, қызыл үкімет құрығынан құтыла алмаған. Талай зардап шегіп, тауқымет тартқан. Содан да Балта әкесі ағайын-туғанын ертіп, ауа көшіп Самарқанд қаласына жеткен. Табиғаты жұмсақ, жері құнарлы өңірде жан сауғалап, сәл оңалған соң Шымкент мырыш балқыту зауытына жұмысқа кіріп, табысымен туған-туысын асыраған. Әйтеуір, ерен еңбек, жігер-қайраттың арқасында сол бір зұлматтан отбасын аман алып қалған екен. Самарқандқа үй-іші көшкенде Қабдөш бар-жоғы бір жарым ғана жаста болыпты.
Бұл әулет 1936 жылы жөнін тауып Көкше өңіріне келіп, орын тепкен. Одан Ұлы Отан соғысы бас-талады. Әкесі соғысқа алынып, бірінші топтағы мүгедек болып оралады. Тағдыры шар болаттай қайралған қайсар әкесі мүгедектігіне қарамастан қызметке кіріседі, қаржы инспекторы болады. Соқтықпалы-соқпақты өмір шалдықтырған ауру алып жығып анасы Ұлтай көз жұмады. Қабдөшті көшке ілестірген тәтесі Шәмші мен екінші анасы – Ақан селолық кеңесінің төрайымы болып қызмет атқарған Күлзейнеп…
Қарап отырсаң – жұртымыз кез болған қым-қиғаш қиындық, шаш ал десе бас алған асыра сілтеу, дігірлеп дәулеттінің малын тәркілеу, «құлаққа» іліндіріп, жер аудару, итжеккенге айдау, тыныш жатқан елге тап берген фашистермен соғысу бұл әулетті де айналып өтпеген.
Бүгінгі күні Отанына маңдай терін төгіп, қалтқысыз қызмет істеп, еңбегінің зейнетін көріп, Болат, Дулат, Сағдат, Сәден атты төрт перзент өрбітіп, олардан бес немере, бес шөбере сүйіп отырған Қабдөш ақсақалдың аталары әлгіндей қиындықтарды қақ жарып өткен. Солар өткен өнегелі жол оның табысты, бақытты, тұғырлы ғұмырына негіз болғандай. Сол өткен бабаларының арман-тілегі, ақ баталары орындалып жатқан да шығар, бәлкім. Жасынан зерек, зерделі жанның бір бақыты, өзін түсініп, қолдай білген жан жары, аяулы қосағы болса керек. Майра Уәлиқызы екеуі өмірдің қызық-қуанышын да, қиын-қыстауын да бірге өткерді. Ол қазақ педагогикалық техникумын, одан кейін Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институтты бітіріп, 40 жыл бала тәрбиелеп, ұстаздық етті. Еңбек ұжымдарында сыйлы, құрметті болды. Қашанда өз мамандығының білгірі, мейірімді бала бағбаны ретінде қадірленді. Осындай зиялы, өнегелі отбасына береке қонды, бақыт ұялады. Жаратқан сол береке-бақытынан айырмағай. Бүгіндері бала-келіндері, олардан өрбіген бал бөбектер –немере-шөберелері алдында осынау сындарлы шыңды бағындырып отырған ақсақалға: «Тоқсаныңыздың төрі сарқылмас, тарқамас той-думан болғай, қадірлі Қабдөш ата!» демекпіз.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий