Тура жолдан таймаған

        Дәл осы сөзді Көкшетау қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ел ағасы, ортасына сыйлы жан Қасқырбай Әбуовқа қарата айтуға болады. Мінезі тік, айтқанынан қайтпайтын, әділдікке жаны жақын, жылпостармен жан аямай күресетін, кемшілікті тура бетке айтатын қасиеті анасынан дарыса керек. Негізі, мінезді адамның алмайтын қамалы жоқ. Оны өмірдің өзі де дәлелдеген. Осыдан бірер жыл бұрын қалалық әкімдікте тұрғындармен өткен кездесу жиындарында түйдек-түйдек ойларымен көзге түсіп, биліктегі азаматтарға тілегін бұқпантайламай, анық жеткізіп, дауысы саңқылдап тұратын «сары ата» көптен бері көрінбей кетіп еді. Денсаулығы аздап сыр беріп, қазір жайбарақат тірлікке көшіпті. Соның өзінде көзіндегі от кезінде қызметіне мығым, тиянақты, жауапкершілігі мол жан болғанын сездіреді. Қайсарлығы мен қайраты да жанарында тұнып тұр. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған жан кезінде талай қазақ азаматына қолдау көрсетіп, демеп, жақсы қызметке тұруына жәрдемдескен. Олар күні бүгінге дейін сол жақсылығы үшін басын иеді. Туған бауыры Қалтай өмірден ерте озғанда оның жеті баласын жетілдірген де осы азамат. Мұны ол ата-анасының алдындағы борышы деп түсінеді.

Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қасқырбай Әбуов – 80 жаста!

       «Мен партияның адамы болған жанмын. Сондықтан тура жолмен, үкіметтің тапсырмасымен жүрдім. Ешқашан ерінген емеспін. Тіпті, қазір маған тапсырма берсе, жүгіріп кетер едім», – дейді Қасқырбай аға ақырын ғана жымиып. Ата-анасы қарапайым, колхозшы болған. «Анасы Бәтжан қайратты жан еді. Меккеге барып, қажылық парызын орындаған адам. Ол кісіні турашылдығы үшін бәрі жақсы көретін. Өте ақылды жан болған еді. Үстіне қамзол, басына ақ крепдешиннен кимешек, оның үстінен сәлде орап жүретін», – деп еске алады жан-жары Ханшайым апа. Қасқырбай аға 1936 жылы Чистополь жерінде қос басында дүниеге келіпті. Анасы егіс басындағы колхозшыларға тамақ дайындайтын. Ал, әкесі колхоздың жұмысымен ауылда жүрсе керек. Сол кезде Әбу әкеден сүйінші сұраймын деп жүгіріп кеткен
ауылдасына жолшыбай қасқырлар кезігіп, ол қосқа кері қайтыпты. Көк бөрінің ұрпағы дүниеге келген екен деп анасы ырымдап, есімін Қасқырбай қойыпты. Атына заты сай болды. Бала жасынан турашыл, тік мінезді, батыл болып өскен ол елге сыйлы тұлға дәрежесіне дейін жетті. Туған ағасы Есмағзам қан майданнан оралмай, із-түзсіз жоғалған. 8-ші сыныпта оқып жүргенде әкесі көз жұмды. Алайда, әкесін соңғы сапарға шығарып сала алмаған өкініші әлі күнге дейін өзегін өртейді. Соны ойласа, көзіне жас үйіріледі. Ауыл балаларымен бірге Қасқырбай ата Шұқыркөлдің интернатында оқып, тәлім-тәрбие алып, осында өсіп, жетілді.
Аға ұрпақ өкілдері жетімдіктің ащы дәмін татып, соғыстың зардабын көріп, тұрмыс тауқыметін тартып жетілген. Бірақ олар әрдайым білімге құштар болды. Арман жетелеуімен Қасқырбай Әбуұлы да Целиноград ауыл шаруашылығы институтынан агроном-экономист мамандығын алып, СОКП Орталық Комитетінің Жоғарғы Партия мектебін тәмамдап, білікті маман дәрежесіне жетіп, Чистополь, Арықбалық аудандық партия комитеттерінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, хатшы қызметтерінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Ол кезде қызметке сатылай көтерілетін. Еліңе адал еңбек етсең ғана, дәрежең өсетін. 1973 жылы Қасқырбай Әбуұлы Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Білікті басшы жұмысын тыңғылықты істеп қана қоймай, ауыл-аймақтың дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ азаматтарына қолдау көрсетіп, ісіне жауапкершілікпен қарайтындарын жақсы орындарға жайғастырып, түрлі қызметтің тізгінін берді. Сол арда ұлдар сенімді ақтады, жерге қаратпады, ел ағаларына айналды.
1985 жылдан бастап қызмет бабымен Көкшетау қаласына қоныс аударған Қасқырбай Әбуұлы әлеуметтік мәселелерді шешуге кірісіп кетті. Халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Мемлекеттік мүлік комитеті мен Көкшетау облысы бойынша монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитеттің алғашқы төрағасы болды. Зейнетке шықса да қоғамдық қызметтен қалыс қалмайтын жан қалалық әкімдіктің тәуліктік кезекшілікті жүзеге асыратын бас маманы, кейін №1 орталық аумақтық округінің әкімі міндетін де мінсіз атқарды. Талай түйінді мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етіп, тұрғындардың өтініш-тілектерінің аяқсыз қалмауына ықпал етті.
Әрине, бір адамның өмірбаянын тізбелеп айтып шығу оңай. Бірақ бұл жолда қаншама жүйке тозып, қаншама тер төгілгені Қасқырбай атаның бір өзіне ғана аян. Атаның тірнектеп жиғаны дүние-мүлік емес, кітап екен. Әр бөлмеге тиянақтап жиналған кітап қорының мазмұндылығына мән бердім. Өмірден көрген-түйгендерін осы рухани азықпен молықтырып жүргені бөлек әңгіме. Бір бөлмесінің тұтас қабырғасына отбасылық суреттер ілініпті. Ұлдары мен немере-шөберелерінің табыстарын жанымда әңгімесін жалғай жүрген Ханшайым апа тізбелеп айтып жатыр. Мақтануға тұрарлық болса, сүйінерлік болса, неге айтпасқа!
Өмір адамға бір рет қана беріледі. Аз ғұмырда жақсылық жасаған жанға Алланың да шарапаты ерекше түседі дейді. Қолыңда тұрса, көмек сұрай келген жанның бетін қақпай, жәрдемдессең, күні ертеңдері ол сенің үрім-бұтағыңа сәуле болып тарайды. Бұл – Қасқырбай атаның өмірлік ұстанымы. Бүгінде қос ұлы Жұмабек пен Нұрланынан немере-шөбере сүйіп, олардың ыстық ықыласына бөленген жан сүйген жары Ханшайым апаның өзін балаша күтіп, мәпелеуінің арқасында жүдемей жүргенін үнемі айтады. «Тек сен менің жанымда болшы, одан басқа ештеңе де тілемеймін!» – дейді. Бұл бір-бірімен жастайынан табысып, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып, қарттықтың табалдырығын бірге тоздырып, арайлап атқан әр таңға шүкіршілік етіп келе жатқан бақуатты жандардың пайымы.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс