Туризмді дамытудың өзекті мәселелері

Бурабайда  өткен «Шипажай-2019» төртінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумының аясында сегіз елдің мамандары шипажай-курортты емдеуді дамыту тәжірибесімен бөлісті. Форумда еліміздің сауықтыру демалысының мамандары мен шетелдік сарапшылар өзара ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмас-ты. «Шипажай-2019» төртінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі
Ермек Маржықпаев форумның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Баршамыз еліміздің табысты әрі заман көшінен ілгері болғанын көргіміз келеді. Бұл ретте, азаматтарымыздың денсаулығы – мемлекеттің гүлденуі жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Санаториялық-курорттық емдеу
– халықтың денсаулығын нығайту жөніндегі міндеттерді шешуде ең өзекті әрі перспективалы шешім болып отыр. Бұл ретте, облысымыз аталмыш бағытты дамытуда жоғары әлеуетке ие. Ақмола облысының әкімдігі туристік, оның ішінде санаториялық-курорттық әлеуетті ілгерілету бойынша жұмысты жалғастыратынын айтқым келеді»,– деді өңір басшысы. Пленарлық отырыс-та «Санаторийлік-курорттық істегі медициналық оңалтудың әлеуеті. Мәселелер мен шешу жолдары» талқыланды. Курортология саласында жүргізілген көптеген зерттеулер денсаулық сақтау жүйесінде медициналық оңалту саласының жоғары маңыздылығын көрсетеді. Бүгінде отандық шипажайларда курорттық емдеудің қазіргі заманғы ғылыми әзірлемелерді назарға ала отырып, жыл са-йын сауықтыру мен оңалтудың инновациялық әдістері енгізілуде. Шетелдік сарапшылар мен ғалымдар басқосқан жиында әлемнің алдыңғы қатарлы өндірушілері әзірлеген жоғары технологиялық медициналық жабдықтардың көрмелері ұйымдастырылды. Форум аясында атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктер бірлесе отырып, саланы одан әрі дамыту туралы шешім қабылдады.  «Біз бір жағынан Қазақстанның азаматтары Венгрияға келіп ем алып, сәйкесінше, жаңадан ашылған әуе рейстерінің арқасында венгрлардың Қазақстанға қыдырып келуіне қызығушылық танытып отырмыз. Яғни, осы бағыттағы қарым-қатынасымызды одан әрі жандандырсақ дейміз. Айтайын дегенім, әуе рейстері жұмысын бастаған соңғы жарты жылда қазақстандықтарға жасаған визалар саны үш есеге көбейген»,– дейді Венгрияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани. Ал, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой: «Бүгінгі форумның басты міндеті – оңалту әдістемелеріндегі стандарттау, бірыңғай тәсілдерді табу, сапаға, кадрлық құрамға, құрал-жабдыққа қатысты қойылатын талаптарды анықтау. Әрине, тиісінше басты назарда – оңалтудың халық үшін қолжетімді болуы. Біз міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды іске қосуға үлкен үміт артып отырмыз. Оны енгізу 2020 жылдан бастап жаңа тарифтік саясатты ескере отырып шипажай-курортты саланың дамуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда емделушілердің осындай топтары үшін оңалту шеңберін кеңейту мәселелері пысықталып жатыр»–дейді. Бүгінде Щучинск-Бурабай курорттық аймағында 15 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы курорттық аймаққа 30 мыңға жуық адам келген. Форумда айтылғандай, жыл сайын елімізде отадан кейін 400 мыңнан астам адам бейімдеуді қажет етеді. Президент клиникасының дәрігерлері жүргізген үш жылдық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, шипажай-курортты және қалпына келу емін қабылдаған науқастардың дәрігерге қайта бару көрсеткіші жылына 20 пайызға дейін кеміген. Форумда Италия, Германия, Чехия, Түркия, Әзербайжан, Грузия, Литва және Ресей елінен келген жетекші мамандар шипажай-курортты емдеуді дамытуда өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Тағы бір жаңалық, шарада қазақтың дәстүрлі емі енгізіле бастайтыны да ортаға салынды. Форум қонақтары елімізге танымал «Оқжетпес» шипажайы және марал шаруашылығы аумағында болып, жүзеге асырылып жатқан түрлі сауықтыру шараларымен жақын танысты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий