Туризмнің төріне айналуға тиіспіз

Ел Үкіметі курортты аймақтың өркен жаюына ерекше көңіл бөлуде. 2023 жылға дейінгі жоспар бар. Міндет – соны мінсіз орындап, Бурабайдың баурайын жыл он екі ай адам аяғы үзілмейтін демалыс аймағына айналдыру. Бұл үшін мемлекет саланы субсидиялауға дайын. Өткен аптада өңірге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

rixos_borovoe_borovoe_kazahstan_39Үкімет Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың үшінші кезеңін бекітті. Оның аясында аймақтың көлік-логистикалық, инженерлік және инфрақұрылымдық мәселелерін, экологиялық проблемаларын шешуге, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Бұған 61,4 миллиард теңге жұмсау көзделген. Үшінші кезең жобаларын жүзеге асыруға 180 миллиард теңге жеке инвестициялар құйылады деп қарастырылуда.
– Туризмнің табыс көзіне айналатын уақыты жетті. Ақмола облысына барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. Президентке «Табиғат» мұражайы таныстырылды. Мұнда өңірдегі Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемі туралы құнды дерек көп. Туристердің қызығушылығын тудырудың бір әдісі. Асқар тауымыз, айдын көлді табиғатымыз бар. Саланың дамуы шабан аттай сылбыр. Өңірлерде демалыс орындарын жарнамалау әлсіз. Қазір Бурабайды дамытуға арналған кешенді бағдарламаның үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. 2023 жылға дейін жоспарланған істерге 61,4 миллиард теңге қарастырылған.

rixos_borovoe_borovoe_kazahstan_26Елбасына таныстырылған ауқымды жобаның бірі – «Promenade Burabay». Курортты аймақтағы шағын қалашық десе болады. Қазір нағыз жұмыс қызған шақ. Тұрғын үйлерден бастап, дүкендер, сауда жасайтын орындар, конференция өткізуге арналған залдар мен мешіттің құрылысы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Ең бастысы – туристерге жайлы әрі пайдалы демалыс ұйымдастыру. «Бурабай даму» серіктестігінің өкілдері, жаяу жүргіншілер мен велосипедке арналған жолдарды көрсетті. Курортты аймақты дамыту үшін әуелі Бурабай кенті мен Щучье қаласындағы жолдар жөнделді. Табиғаты әсем аймақтың инфрақұрылымы жетілдірілді. Көпшілікке жасалған қолайлы жағдай жергілікті халықты қуантып отыр. Дегенмен алда атқарар жұмыс көп. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин туризм кластерін дамытуға бағытталған жұмыстарды баяндады. – Туристерді көптеп тарту үшін «Four Seasons» жобасы қолға алынған. Яғни жыл оны екі ай тоқтаусыз жұмыс істеу көзделген. Оның аясында Бурабайда ірі республикалық, халықаралық шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Бұрын курортты аймақта тек жергілікті кәсіпкерлер жұмыс істесе, қазір сауда орындарын Астанадан арнайы сұрап келетін кәсіпкерлер көбейді. Былтыр Бурабай-Щучинск курортты аймағы 850 мың демалушыны, ал жыл басынан бері 400 мың саяхатшыны қабылдаған. Жыл басталғалы бері ғана мұнда 400 мыңдай адам тынығып қайтқан. Туристік маусымның нағыз қызар шағы енді басталғаны мәлім. Жыл соңына дейін Бурабай бөктері 1,2 миллион туристі қабылдайды деп күтілуде. Саф ауаны жұтып, көрікті жерлерді тамашалауға келетіндердің дені – Астанаға жолы түскен шетелдіктер мен ел тұрғындары, – деді өңір басшысы Мәлік Мырзалин.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қызмет көрсету саласын арттыруға ерекше ден қойылатынын айтып өтті. Туризм саласына білікті кадрларды даярлау үшін Астанада халықаралық туризм және қонақжайлылыққа баулитын университет ашу жоспарда бар. Білім ордасы әлемнің үздік іргелі оқу орындарымен байланыста болады. Министр Бурабайдың әсем табиғатын Голливудте түсірілетін туындылар арқылы әлемге таныту идеясын да ұсынды. Әзірге бұл мәселеге қатысты нақты шешім жоқ. Бір анығы, шетелдіктер тарапынан қызығушылық жоғары. Сондай-ақ облыста бес жұлдызды қонақүйлерді көбейту мәселесі өзекті. Жыл соңына дейін 34-ке жеткізілмек.
Жалпы Бурабайдағы туризмді дамытуға арналған кешенді бағдарламаға зор міндеттер жүктелген. Президент ең бірінші кезекте инфрақұрылымға көбірек көңіл бөлуді тапсырды:– Біз осы уақытқа дейін туризмге тиісті көңіл бөлмей келдік. Бурабайда ең бірінші жасайтын мәселе – ішкі инфрақұрылымын бітіру. Сыртқысын біз аяқтадық. Дайындық жүргіздік, бұған келу үшін дайындық керек еді. Астанадан Бурабайға қарай үлкен жол салынды. Автожол, теміржол салынды. Көкшетаудың аэропорты жөнделді. Жолдың барлығы ішіне келді. Енді инфраструктураны енгізу керек. Егер де объектілерге су, электр жүйесі, жылу, канализация әкелетін болсақ, мемлекеттің туризмге істейтіні сол болады. Оны мемлекеттен басқа ешкім салмайды. Сонда инвесторлардың келуіне мүмкіншілік жасалады. Оларға жеңілдік жасайтын болсақ, салық жағынан ол да жақсы. Сондықтан қазір көп жұмыс істейтін уақыт келді. Осыған байланысты менің берген тапсырмам бойынша мемлекет тарапынан 2023 жылға дейін үш жылдық бағдарлама қабылданды. Соны орындаудың жолдарын мен қазір тыңдадым. Үкіметті де тыңдадым. Министрлік, әкімдер не істеп жатқанын көрдік. Бұл жұмысты бітіруіміз керек. Сервис мәселесі әр уақытта ең негізгі болып саналады. Біз жастарды оқытуымыз керек. Аймақты дамытып, мол табысқа кенелу үшін инвестор тарту қажет. Ал пайда тапқысы келетіндер үшін қолайлы жағдай керек екені айтпаса да түсінікті.
Расында жаһандық экономика мың құбылған сәтте кез келген мемлекетке тұрақты табыс түсіріп отырған – туризм. Туризм мен қызмет көрсету саласы қарыштап дамыған елдердің айдарынан жел есіп тұр. Түркия, Таиланд болсын. Туризм талайын тығырықтан алып шықты. Қазақстанда Таиландтағыдай мұхит жоқ. Есесіне туристерді қысқы туризм арқылы тартуға мүмкіндік бар. Осы мақсатта Щучинк қаласындағы шаңғы базасы ашылды. Енді ұлттық құрама ойыншылары шетел аспай, еркін жаттыға алады. Бірегей шаңғы базасының сапасын бірінші болып шаңғышылар тексеріп көрді. «Шаңғы базасы» – шартты түрдегі атауы. Мұнда биатлон, шаңғы және трамплиннен секіру секілді қысқы спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Кешеннің жалпы аумағы – 125 гектар. Мұнда 2 тұғыр бар. Біреуі – 90 метр, екіншісінің биіктігі – 125 метр. Ал нысанның өзі теңіз деңгейінен 430 метр биіктікте орналасқан. Бұл ретте Ақмола облысы шаңғы базасымен тоқтап қалмайды. – Үкімет пен облыстың әкімдігіне инвестиция тарту, оларға жағдай жасауға тапсырма берілді. Басты міндет 2023 жылға дейін туризмнен түскен пайданы 1 млрд доллларға жеткізіп, жылына 3 млн. турист тарту көзделіп отыр. Курортты аймақта қазір қоқыс өңдеуге де ерекше мән беріліп отыр. Бұл – қоршаған ортаны қорғау үшін өте маңызды қадам, – деді облыс басшысы.
Ертегідегідей ғажап бұл өңірдің туристік тартымдылығы алда одан сайын арта түсуге тиіс. Инвестициялық жобаларға Щучинскідегі Үлкен Шабақты көлі жағалауында бой көтеруге тиіс «Ақ бура» жаңа курорттық аймағының, «Бурабай» тау-шаңғы курортының құрылысы кіріп отыр. Әлемдік тәжірибеде ірі қаржылық форумдарды және халықаралық іс-шараларды елдің астанасында емес, оның жанындағы курорттық қалашықта өткізудің қалыптасқан үрдіс-тренді бар. Осыған байланысты Елбасының тапсырмасымен Бурабай конгресс орталығын салу бойынша жұмыстар басталмақ. Онда Швейцариядағы Давос, Қытайдағы Боао және Ресейдегі Валдай секілді дүниежүзіндегі үздік тәжірибе негізге алынуда. Осы жобаларды жүзеге асыру арқасында біріншіден, курортты аймаққа келетін туристер легі 3 миллион адамға дейін арттырылады. Екіншіден, аймаққа және ел экономикасына 180 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылады. Үшіншіден, мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылады.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий