Туған елге еңбек ету – бір бақыт

Ермек Шайдоллаұлы Тушанов 1982 жылы 20 тамызда бұрынғы Көкшетау облысының Қарағай селосында дүниеге келген. 2003 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін халықаралық-экономикалық қатынастар бойынша экономист мамандығы, кейін агроном мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы әкімінің бас маман-көмекшісі болып бастаған. 2006 жылдан СҚО Антоновка селолық округінің әкімі болып еңбек етті. 2008-2010 жылдары Ақмола облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы, 2010-2013 жылдары Зеренді ауданы әкімінің аппарат жетекшісі, 2013-2014 жылдары облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының энергетика бөлімінің жетекшісі, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы болып жұмыс атқарды. 2014 жылдан бері Көкшетау қаласы әкімі аппаратының жетекшісі.

Биыл елімізде Мемлекеттік қызмет органдарына 20 жыл толып отыр. 1998 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен посткеңестік кеңістікте мамандандырылған агенттік құрылғаны белгілі. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері бұл салада бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді, жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Мемлекеттік қызметшілер саяси реформалармен жүктелген міндеттерін кәсіби деңгейде орындап, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Кәсіби мереке қарсаңында Көкшетау қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Ермек Тушановпен мемлекеттік қызмет саласында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Ермек Шайдоллаұлы, өз қызметіңізден бөлек конкурстық комиссияны басқаратыныңызды білеміз. Бізге хабарласатын оқырмандар мемлекеттік органға қалай жұмысқа орналасуға болатындығы туралы білгісі келеді. Осыған тоқталып өтсеңіз?

– Қала әкімі аппараты және барлық атқарушы органдар, атап айтқанда, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экономика және басқа да салаларға жұмысқа қабылдау мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Осы ретте, үміткерлер бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген болса, алдымен заңнама бойынша білімді тексеру, жекелеген қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден өтуі тиіс. Бос орындар болса қала әкімі мен Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департаментінің сайтында ішкі және барлық үміткерлер үшін жалпы конкурстар өткізілетіндігі жайлы ақпарат жарияланады. Жалпы конкурс туралы жарияланымнан соң құжаттарды қабылдау 7 жұмыс күні ішінде жүргізіледі, бұл сайтта көрсетіледі. Бұдан әрі құжаттары барлық талапқа сай келетін үміткерлер профильдік, мотивациялық, ситуациялық сауалдар бойынша әңгімелесуден өтеді. Конкурстық комиссия қорытындысымен жеңімпаз туралы шешім қабылданады. Биыл 32 конкурс өткіздік, соның ішінде 11-і мемлекеттік орган қызметкерлері (7 адам тағайындалды), 4-уі барлық мемлекеттік қызметшілер арасында (1 адам тағайындалды) және 17 жалпы конкурс (16 адам тағайындалды).

– Жас мамандар еңбек өтілінсіз мемлекеттік қызметке тұра ала ма?

– Әрине. Біліктілік талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметте жетекші, бас маман лауазымдарына үміткерлер жұмыс өтілінсіз қабылдана береді. Ең бастысы, жоғары білімі болуы шарт.  Қазіргі уақытта біздің мемлекеттік органдарда 10-ға жуық жас маман еңбек етуде.

– Жас мамандар үшін қандай да бір қолдау-көмек қарастырылған ба?

– Иә, бұл ретте бізде тәлімгерлер институты құрылған. Оның құрамына екі жылдан кем емес жұмыс өтілі бар, жоғары кәсіби қасиеттерге ие, соңғы жылда жоғары нәтиже көрсеткен мемлекеттік қызметшілер кіреді. Тәрбиелік жұмыстарға бейімділік жақсы қасиет. Тәртіптік жазаға тартылмау да аса маңызды. Мұндай мамандар сынақ мерзіміне өту кезеңінде жастарға тәлімгер бола алады.  Қазіргі уақытта 20 мемлекеттік қызметші тәлімгер қатарында.

– Біліміңді ұдайы жетілдіріп отыру қашан да кеш емес. Мемлекеттік қызметшілер, атап айтқанда, аға буын өкілдері оқудан өте ме?

– Жұмысқа алғаш тұрғандар жарты жылдан соң біліктілікті арттыру курсынан, бұдан әрі үш жыл сайын біліктілікті арттыру семинарларынан өтеді. Мұның бәрі міндетті түрде жүзеге асырылады. 2018 жылға бекітілген кестеге сәйкес 61 мемлекеттік қызметшіні оқыту, соның ішінде 23-ін қайта даярлау, 38-ін семинарларға қатыстыру жоспарланған.

– Ермек Шайдоллаұлы, өзіңіз мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз?

– Бұл қызметке осыдан 21 жыл бұрын таңдау жасадым. Сол уақытта әрбір мемлекеттік қызметшінің адал, тиімді еңбек етуі мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне оң ықпал ететінін түсіндім. Әлі де осы пікірімді қуаттаймын.

– Мерекеге де санаулы күндер қалды. Осы ретте, қандай шаралар өткізілуде?

– Бастапқыда ауқымды іс-шаралар жоспарын жасадық. Біздің мемлекеттік қызметшілер «90 мың жаңа көшет» акциясына белсене қатысты. «Игі іс» қайырымдылық марафонында әлеуметтік бейімдеу орталығының балаларына сый жасау үшін қаражат жинадық. Сондай-ақ, спорт пен салауатты өмір салтына да айрықша көңіл бөлдік. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері пейнтбол ойнап, веложарысқа қатысып, үстел теннисі, дартс, минифутбол, мергендер сайысы бойынша жарысты. Сайыстарда белсенділігімен көрінген мемлекеттік қызметшілер алғыс хаттар, естелік сыйлықтармен марапатталады.

Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауап-ты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Орайы келгенде барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне жаңа табыстар тілеймін!

Дайындаған Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий