Туған жер: Парасат және парыз

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин 12 мамырда Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бастаған делегация мүшелерін қабылдап, осы оқу орны ғалымдарының Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізетін инновациялық жобаларымен танысты және осы ізгі ниетке қолдау білдіріп, әкімдік пен университет арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Айта кету керек, биылғы жылы аталмыш университетте білім алатын облысымыздың  10 студентіне облыс әкімінің арнайы стипендиясы тағайындалатын болады.

«Туған жер: Парасат және парыз» акциясы аясында өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары әңгіме өзегіне айналды. Маңызды құжатта көрсетілген басым бағыттарды дүйім жұртқа түсіндіру мақсатында өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген оқу орнының делегациясына облыс әкімі Мәлік Мырзалин алғыс айтып, университетпен ықпалдастықты дамыту мәселелерін ортаға салды. Әлемнің алдыңғы қатарлы 500 жоғары оқу орындарының қатарына енген, еліміздің маңдайалды университетімен өзара ынтымақтас-
тық орнату біздің облысымызға өз жемісін береді деген үміттеміз.
Кездесу барысында университет ректоры Ерлан Сыдықов сөз алып, Елбасы мақаласында айтылған басым бағыттарға тоқталды. Жиында университеттің инновациялық парк директоры, техника ғылымдарының докторы Владимир Ким, туризм кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Азамат Дүйсембаев, электроника және телекоммуникациялар кафедрасының меңгерушісі Шахмаран Сейілов сөз сөйлеп, жаңа жобаларды таныстырды. Атап айтсақ, энергетикалық сервис келісім-шарты сұлбасы бо-
йынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың энергиялық тиімділігін арттыру, түрлендірілген битумды өндірудің инновациялық жолы, балшық шөгінділерін экологиялық таза түрде кәдеге жарату, сондай-ақ, «Алтын сақина» жобасы туралы ғалымдар кеңінен әңгімелеп берді. Әсіресе, ғалым Азамат Дүйсембаевтың туризм саласын дамытуға бағытталған жаңа жобасы ақмолалықтардың қызығушылығын туғызды. Ғалымның пайымдауынша, облысымыздың көрікті өлкелеріне, атап айтсақ, Бурабай, Сандықтау, Зеренді, Қорғалжын сияқты аудандарына саяхат жасап, сондағы тарихи жерлерді аралауға, өлкеміздің тыныс-тіршілігі мен тарихына терең бойлауға мүмкіндіктер туғызу керек. Ол үшін этноауылдарды көптеп ашқан жөн. Келелі кеңес соңында Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков облыс әкіміне өз қолынан шыққан рәмізді тарту етті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс