Туған халқының жоғын түгендеген

Алаш! деп айдар тағып, туған халқының арманды аңсары мен үкілеген үміттерін ту етіп көтерген қазақтың небір марқасқа азаматтары атқа қонбады ма? Әттең, маңдайлары тайқы шығып, тәтті қиял, ескексіз елеске ергендей хал кешкен алаштықтар түгелімен оққа байланып, некенсаяқтары итжеккенге айдалып, содан қалған қадау-қадаулары ғана өз жұртына жадап-жүдеп, рухтары ортайып оралған еді. Солардың бірін көзбен көру бақыты маған да бұйырып еді. Ол Қаскей Өтекин болатын.

Әкемнің туған ағасы ақын Жақан Сыздықовтың досы Қаскей атамыз сонау Қызылту ауданынан Көкшетау қаласына келген сайын біздің үйге ат басын тіреп, бірер күн қоналқалап кететін. Келген сайын туған ағасы Әлкеймен екеуінің қазақтың ұлы перзенті Сәкен Сейфуллинмен серік болып бірге жүргендіктерін ерекше ыстық сағынышпен еске алатын. Маған жазған хаттарында осы жағдаяттарды тәптіштеп, Жақан ақынмен жәй дос емес, ахиреттік дос едік дегенді де ескертуден жазбайтын еді, жарықтық. Кейіннен көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішевке Қаскей Өтекин ақсақалдың өз қолымен жазған біраз хаттарын табыстап едім. Соным жөн болыпты. Сол хаттардың бірсыпырасын Тұрсекең кәдеге асырып, 1994 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ескірмейді естелік» кітабына енгізген еді. Сәкентану ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалым осы бір аяулы да аянышты тұлғаға қатысты сынық сүйем дерлік деректерді жиыстырып, қыруар еңбек атқарды. Сонда ақын өміріне қатысты Әлкей мен Қаскей Өтекиндерге де мұрындық соқтырмай өткен еді.
Ендеше, Тұрсекеңнің Қаскей ақсақалмен кездесіп, Сәкен Сейфуллин жайында білгісі келген тұсына біз де шылбыр шалсақ деймін.
– Сәкен екеуіңіздің ең жақын жолдас болып кетулеріңізге қандай себеп болды?
– Түрмеден қашып келіп Мұқан
Айткеновтың үйінде 1919 жылы бірінші рет көрдім. Одан кейін қызмет бабымен Орынборға келдік. Әлкей ағай Сәкеннің үйінде тұрды. Содан араласуымыз жиілеп кетті. Менің ағам Әлкей Сәкенмен түйдей құрдас, оның үстіне серілігі бар. Сәкен председатель болғанда оған көмекші болуы да, үйінде тұруы да соған байланысты болды. Екі ағаның ортасында мен еркіндеу, еркетотайлау болдым. Оның үстіне орысша-қазақшама қоса сәнқойлық та менен кетәрі емес еді. Кейінгі уақытта Әлекеңнен гөрі менің жақындығым күшейіп кетті. Егер телефонмен сөйлеспей, күніне бір рет кездеспей қалсақ, ол күніміз харам болғандай сезінуші еді. Міне, Қаскей Өтекин Сәкен ағасы хақында осылай дейді. Ал, Сәкеннің де, Әлкейдің де кейінгі тағдырлары кейінгілерге мәлім ғой. Қаскей әке де атылып кетпеді демесеңіз сотталып, көрмеген қиянат қорлықты бастан өткерген еді. Мен осы бір оқиға желісін әңгімеге арқау етіп отырмын. Сәкен де, Әлкей де, Қаскей де Алаш партиясына мүше болмағандар. Қайта Сәкен Сейфуллин өзінің атышулы «Тар жол, тайғақ кешу» атты деректі кітабында алаштықтарға деген қарсылық пиғылын ашық айтып, батыл үкім шығаруға дейін барады. Өз қолымен құрысқан Совет үкіметін қызғыштай қорып, алашордалықтармен ашық күреске шығады. Сөйте тұра туған халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдарда алаштықтармен кей тұстарда үндес, тілектес, ұрандас та болып кетеді. Бұл Алаш партиясының саяси платформасын түбегейлі мойындап, түптеп келгенде қолдаушысы, қорғаушысы болды деген сөз емес. Оны алаштықтардың басты мақсаттарынан туған ұлты, қазағы үшін дейтін қасиетті қағидаттардан туған көзқарастардан іздестірген жөн болса керек. Бұл орайда Сәкеннің «біз қырғыз емес қазақпыз, іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізбей тіліміз өркендемейді, т.т. позициялары дәлелдікке алынбаққа керек. Сөйткен Сәкенді большевиктер партиясы, оның құйтырқы саясаты аяған жоқ. Құрбандыққа шалды. Осынау сойқанды саясаттың түпкі мақсаты неде еді деген сауал әлі күнге түбегейлі зерттеліп, зерделенді дей алмасақ керек. Әлі де ақтаңдақтар атойлап алдымызды орайды. Бұл арада Алаш партиясының көсем серкелері мен белсенді мүшелерінің тағдыры әу баста-ақ шешіліп қойылған. Оларды түгелімен ажал араны тосып тұрған. Енді осы өксікті мәселеге ойыссақ әлі күнге есімдері елге беймәлім қалып келген жерлестеріміздің барлығын мойындау керек.
Қошке Кемеңгеров, Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғыжанов тәрізді тұлғалар жиі сөз болғанымен екінші пландағы (бұлай деп баға беруге ауыз да бармайды) Айдархан Тұрлыбаев тәрізді тұлғалар тереңірек зерттеп, жалғанның жарығына шығаруды күтіп жатқандай. Сонымен Айдархан Тұрлыбаев кім еді? Ол Алаш қозғалысының білімдар, кесек тұлғалы өкілі болатын. Әкесі Тұрлыбай, анасы Алтын. Көкшетау уезіне қарасты Мезгіл болысында дүниеге келген. Омбыдан гимназия бітірген Айдархан өзінің зеректігімен, ұқыптылығымен, білімге деген құштарлығымен көзге түскен. Гимназияны тәмамдағандағы аттестатына былай деп мінездеме берілген (құжат орыс тілінде жазылғаннан ке-йін аударуды жөн көрмедік): «Дань сей Турлыбаеву Айдархану, сыну киргиза, магометанского вероисповедания имеющему оть роду 19 лет, обучавшемуся 8 лет (1889 по 1897) въ Омской Гимназіи и пробывшему один годъ в восьмом классе, в томъ, во-первых, что на основаніи наблюденіи за все время обученія его в Омской Гимназіи поведение его было отличное, исправность в посещеніи и приготовленіи уроков, а так же въ исполненіи письменных работь примерная, прилежаніе безупречное и любознательность ко всем предметам одинаковая и, во-вторых, что он обнаружилъ нижеследующие познания…». Гимназия басшылығынан осындай мазмұнда өте жоғары баға алған Айдархан Тұрлыбаев Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне (юрфак) оқуға қабылданады. Далалық өлкенің генерал-губернаторынан жыл сайын 400 рубль стипендия алып тұрады. Ол болашақтағы Алаш партиясының белсенді өкілдері Райымжан Марсеков, Жақып Ақбаевпен бірге оқыған. (Осы арада ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында Санкт-Петербург университетінде жиырмаға жуық қазақ жастарының оқығандығын еске сала кетуге болады. Ресейдің басқа қалаларында да қазақ балаларының орысша оқып, білім алғандығын ескерсек кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың Октябрь төңкерісіне дейін қазақтың сауаттылығы 1-2 пайыздан аспады дегендігінде еш негіз жоқтығын қадай айтуға қақылымыз).
Жоғары білімді заңгер Айдархан Тұрлыбаев Омбыға оралып, сот хатшысының көмекшісі қызметіне қабылданады. Оның жоғары білікті заңгер екендігін кезінде «Қазақ» газеті мақтанышпен жазған болатын. Ол жай ғана қызмет атқарған қатардағы шенеунік болып қалмады. Туған елінің болашағы жолында ауқымды жұмыстар атқарды, саяси істерге батыл араласып отырды. Омбыда 1917 жылдың 25 сәуір мен 5 мамыр аралығында өткен Ақмола облысы қазақтарының тұңғыш съезіне төрағалық етті. «Қазақ» газетіне съездің жұмысында жөнді сөз сөйлейтін міндеттер белгілеп, келешекке жоспар жасайтын адамдардың болмағандығына өкініш білдіріп, өткір сынға алады. Алаш партиясының І және ІІ съездеріне қатысып, Алаш-Орда үкіметінің үш төрағасының бірі болып сайланады. Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев және Б.Маметовпен бірлесіп Семейде полкті жасақтауға басшылық жасайды. 1934 жылы Айдархан Тұрлыбаев түрмеге қамалады. Сол кезде қамаудағы оған қазақтың ұлы балуаны Қажымұқан келіп қал-жағдайын біліп тұрыпты. 1934 жылы қазақтың қайран азаматы атылып кеткенде Қажекең дүниеге келген ұлына Айдарханның есімін беріп, ұлы тұлғаның аруағына зор құрмет көрсеткен.
Санкт-Петербургте оқып, дипломдық жұмысын қорғауына көрнекті ғалым Адольф Христианович Гольмстен жетекшілік жасаған. 1899-1903 жылдары университет ректоры болған Адольф Христианович Айдарханның дипломдық жұмысына жоғары баға беріп, «весьма удовлетворительно» деп қолын қойған. Бұл бүгінгінің өлшемімен «аса жақсы» деген бағамен сәйкес келетіндігін ескерсек Айдархан Тұрлыбаевтың университетте де аса білімдар студент болғандығын аңғаруға әбден болады емес пе? Әрине, солай! Оның дипломдық жұмысы «Брачное право киргизов» деп аталады. Мұнда жас заңгер туған халқының арасындағы отбасын құрау, екі жастың өмірлік жолына оң сапар тілеу тәрізді әдемі дәстүрлерді сөз етеді. Сонымен бірге қазақ өз генафондын сақтап қалуда ата-бабалар дәстүрінің озық үлгілерін алға тартады. Мәселен, жеті атаға жетпей қыз алмау, емшектесімен қосылмау, тектілік мәселесіне келгенде «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «аяғына қарап асын іш, шешесіне қарап қызын ал» дейтін қазақи қағидаттардың дұрыстығын көз жеткізе дәлелдеп, осы дәстүрлер берік сақталғанда ғана қазақтың ұлттық қасиетінің жоғалмайтындығын, қанының бұзылып, дүбәрә ұрпақтың тумайтындығын сөз етеді. Бұл, сөз жоқ, туған халқының таза да текті ұрпақ тудырар ұлық халық болуын көксеген адамның арманды аңсары емес деп кім айта алады. Әрине, ешкім де!
Айдархан Тұрлыбаетың осынау қағидаттай қабылданар ғылыми еңбегінің тап бүгінгі күні аса маңыз-дылығын жоққа шығару тіптен мүмкін емес. Көлемі 75 беттен аспайтын Айдархан Тұрлыбаевтың дипломдық жұмысын кітапша етіп жарыққа шығарып, ұрпақ кәдесіне асырсақ, туған халқымыздың бір жоғының орны толар еді деп ойлаймыз. Өйт-кені, дүйім қазақ ұлтының азып-тозуға бет алған бүгінгі бейшара кү-
йіне тосқауыл қояр құнды да қажетті қағидат бар, ұлт келешегін ойлаған зор арман тілек бар. Бүгінгі ұрпақ Алаш қайраткерлерінің есімдерін елеп еске алумен қатар, артында қалдырған ұлы мұраларын да ескеріп, елге көзайым етуге міндетті. Сондай жарқын еңбек жазып қалдыр-
ған Айдархан Тұрлыбаев тәрізді тұлғаларды өз ортамызға алып келу үшін ең алдымен еңбектерін ескеруге, жарыққа шығаруға күш жұмсау қажет-ақ. Айдархан Тұрлыбаев та соған лайық кесек тұлға.

Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының
Ақмола облыстық филиалының директоры, жазушы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс