Тың жобаларға басымдық беріледі

«Көкшетау» мәдениет сарайында алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті бесінші сессиясы өтті. Онда облыс әкімі Сергей Кулагин 8 айда атқарылған істер жайлы депутаттар алдында есеп берді. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Депутаттық корпус алдында әкімдердің есеп беруі дәстүрге айналған. Бұл жолғы есеп те аудандар мен қалалар әкімдерінің 22 шілде мен 26 тамыз аралығындағы есептерінің қорытындысы. Осы мерзімде депутаттардан түрлі сала бойынша келіп түскен 23 ұсыныс сарапқа салынып, оларды орындау бойынша жоспарлар құрылды. – Барлық деңгейдегі мәслихаттардың қоғамдық кеңестерге мүше болуы көп мәселені шешуге ықпал етеді. Бұл жалпы халықтың әлеуметтік жағдайына ортақ дүние. Әсіресе, соңғы кездері көтеріліп жүрген жер мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүйеленіп келеді. Елбасының Жер кодексінің бірқатар нормаларын жүзеге асыруға 5 жылға мораторий жариялауына байланысты облыста жер реформасына қатысты комиссия жұмыс істейді. Өңірде осы тақырыпқа байланысты 1000 кездесу ұйымдастырылып, оған 60 мың адам қатысқан. Соның нәтижесінде ауылшаруашылығы жерлерін жалға және жекеменшікке беру механизмдерін сақтап қалу бойынша ұсыныстар түсіп, ол жер реформасына қатысты республикалық комиссияның қарауына жіберілді. 2014 жылы ауылшаруашылығы жерлерін инвентаризациялау жұмыстары аяқталды. 1,1 миллион гектар пайдаланылмайтын және тиімсіз жердің 642 мың гектары айналымға жіберілді. 265 мың гектар мемлекетке қайтарылды. Қоянды поселкесіндегі өздігінен иемденген 195 учаскенің 17-не қатысты мәселе шешілу үстінде. Үлкен дау тудырған Калачи мен Красногорский селоларының тұрғындарын көшіру жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін 209 отбасы қоныс аударылған. Қазір екі елді-мекенде 128 отбасы тұрып жатыр. Оның 113-і мүлдем көшуден бас тартуда. Биыл өңірде егін бітік шықты. Осы кезге дейін 2,7 миллион гектар жердің астығы орылған. Орташа шығымдылық гектарына 13 центнерден айналуда. Өңір диқандары 5,5 миллион тонна астық жинаудан үмітті. Мал шаруашылығы жанданып келеді. Соңғы екі жылда 20 мың бас мал сатып алынған. 185 ауылшаруашылығы кооперативі құрылған. Өсімдік шаруашылығымен айналысатын екі ірі кооператив: Бірыңғай Астық Холдингі мен Өңірлік Астық Холдингтері 220 фермерлік шаруашылықтарды біріктіріп отыр. Биыл мыңнан астам ауылшаруашылығы құрылымы субсидия алды. Индустрияландыру картасы бойынша 77 миллиард теңгенің 20 жаңа жобасы іске қосылмақ. Бұл өңірде өндіріс саласын жандандырады. Биыл кәсіпкерлік субьектілері 16 миллиард теңгенің қаржылық қолдауына ие болды. Соңғы үш жылда бизнес және жұмыспен қамту «Жол картасы» бойынша 1360 өтінім мақұлданып, 6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінде «Даму» қоры мен «Есіл» шағын қаржы ұйымы 300 миллион теңгенің шағын несие қорын құруға жұмыс істеуде.
Бұл ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге тиімді болмақ. Биыл шілде айында қосымша инвестиция тартудың кеңейтілген форумында 1,2 триллион теңгенің 10 меморандумына қол қойылды. Тұрғын үйге салынған инвестиция 21 миллиард теңгені құрады. Биыл 159 жетім бала баспаналы болады деп күтілуде. Тұрғын үй-коммуналдық салаға 9,4 миллиард теңге бөлінген. Оның 2,4 миллиарды «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жылу энергетикасының 3 жобасына бағытталды. Халықты сапалы ауыз сумен қамтуға 600 миллион теңге бөлінген. 7 елді-мекенде су мәселесі жақсарды. Орталықтандырылған тіршілік көзімен 88 елді-мекен қамтылған. Биыл жергілікті жердегі автомобиль жолдарын жақсартуға 5,9 миллиард теңге қарастырылды. Ұлттық қордан бөлінген қаржыға 76 елді-мекеннің жолы жөнделетін болады. Бұл барлық аудандарға қатысты. Жергілікті полицияның жұмысы жанданып, қылмыс аза-йып келеді. Облыс бюджетінен 500 миллион теңге бөлініп, учаскелік полицейлерге көлік сатып әперілді. Білім мен денсаулық сақтау саласында ілгерілеушілік бар. Әсіресе, техникалық және кәсіптік білімге баса мән берілген. Биыл медициналық оқу орындарына 100 грант берілді. Оның 88-і жергілікті түлектерге бөлінді. Халықты жұмыспен қамтуға 5,2 миллиард теңге бөлінген. Бағдарламаға 4 мың адам қатысып, 600 адам елді-мекендерді абаттандыруға жұмылдырылған. Биылғы спорттық және мәдени шаралардың бәрі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналатын болады. Соған орай 144 ірі қоғамдық-саяси жиындар ұйымдастырылып, өңір бойынша 5000 шара өткізілмек.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс