Тілдер күні – маңызды мереке

Көкшетау қаласындағы барлық этномәдени бірлестік өкілдері Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай Неке қию сарайы алдында бірлік пен татулықтың үлгісіндей аспанға шарлар ұшырды.

Мерекелік шара барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің тілдерінде сәлемдесуден басталды. Жиналғандарды қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтап, біздің ата-бабамыздың қалдырған ұлы мұрасы – туған тілімізді қадірлеп, қастерлеу басты міндетіміз деді. Облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Қаратай Төлекеев ана тіліміздің мәртебесін нығайту өз қолымызда екенін айтып, онкүндік аясында бәріміз бір кісідей мемлекеттік тілге жанашырлық танытайық деді. Көкен Шәкеев атындағы жас ақындар мектебінің жетекшісі Мұхаммед Қоңқаев та ұлы баба тілінде жырын төгіп, әдемі өлең жолдарымен халқымыздың қасиетін арттырған жандар жайлы толғанды. Өзбек ұлттық орталығының өкілі Индира Нұралиева біздің елімізде әр адамға өз тілінде сөйлеп, ойын жеткізуге әрі ұрпағына аманат етіп қалдыруға мүмкіндік беріліп отырғанын жеткізді. Одан кейін Көкшетау қаласындағы тілдерді оқыту орталығының тыңдаушылары Александра Чемезова мен Василий Волобуев қазақ тілінде өлең оқыды. Салтанатты шара шығармашылық ұжымдардың концертімен жалғасын тапты.

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Дәл осындай атаумен өткен республикалық семинар ұсыныстар ортаға тасталып, тұжырымды ой айтылған, өзара пікірталас түрінде өткен салмақты да салиқалы кешке айналды. Оған қатысқан ұлт жан-ашыры, саясаткер, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Дос Көшім көкейде жүрген сауалдардың бәріне дерлік байыпты да байсалды қалпынан таймай жауап берді. Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КЕАҚ терминология және ономастика бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жапсарбай Қуанышов та ана тілімізге қатысты жәйттерді сараптады. Семинарға қатысқан көпшілік арасынан сауалдарын жолдаған жас та, кәрі де айтылып жүрсе де шешімі табылмаған мәселелерді қаузады. Шараны ашып жүргізген облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова көпшілікті тілдер мерекесімен құттықтап ашып, тізгінді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыповаға берді.

Семинар барысында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтерудегі кедергілер мен қиындықтар, ұлттық сана-сезімнің көкжиегінің әлі де кеңеймей жату себебі, қазақ тілін латын һарпіне көшірудің маңыздылығы мен әлі де жетілдірер тұстары, идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен көше атауларын алмастырудағы түрлі көзқарастар, қазақ тілі мен ресми тіл арасындағы айырмашылық, зия-лы қауым өкілдері белсенділігінің төмендеу салдарының салқыны, мемлекеттік қызметке қабылданудың шарттарындағы қазақ тілінің орны, биліктегілердің ана тілге немқұрайлылығы, тіл үйренуге деген құлықсыздықтың кеселі сияқты қадау-қадау мәселелер ортаға тас-талып, талданды. Сонымен қатар азаматтық біртектілік, мәдениет, тіл, дін, тарих сияқты төрт саладан тұратын елдің болашағын қазақтілді азаматтардың өздері жасайтындығы жайлы да әңгіме өрбіді. Жаңғыруды ата-тектен бастау қажеттігі, көпсөзділіктен нақты іске көшетін уақыттың келгендігі туралы да айтылды. Біздің елде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі делінді шара қорытындысында. Етек-жеңімізді жиып, ана тілімізге жанашырлық танытып, өзімізді өзіміз алға сүйрегенде ғана нәтиже шығатыны да ортаға тас-талды. Аталған семинардан көпшілік ой түйіп тарқасты.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысының негізінде айтулы мерекелердің арасында Қазақстан Халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болды. Тіл мерекесінің осы күнге белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады», – деді журналистермен баспасөз мәслихаты барысында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова.

Биыл осы мереке аясында, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, этнос тілдерінің дамуына ықпал ететін онкүндік жоспары жасалды. Оның аясында 40- тан астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Онкүндіктің әр күні «Алаш зиялылары және мемлекеттік тіл», «Шешендік өнер – атадан қалған асыл мұра», «Тіл – достықтың айғағы» атты тақырыптық шаралармен белгіленді. Қазақ тілінің ұлттық тіл ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірген Алаш қайраткерлерімен, қазақтың атақты би-шешендері туралы деректі материалдар М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана арқылы топтастырылып, облыс көлемінде орындаушыларға әдістемелік көмек ретінде таратылды. Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай өтетін онкүндік аясында облысымыздың оқу орындарында Қазақстан Республикасы халқының тілдері күні мерекесінің салтанатты ашылуы өтеді. Шараның бірінші бөлімі «Алаш зиялылары және қазақ тілі» деп аталып, онда Алаш зиялыларының өмірі мен шығармашылығы қамтылады. «Шешендік өнер – атадан қалған асыл мұра» деп аталатын екінші бөлім бойынша көркемсөз сағаттары ұйымдастырылмақ. Үшінші бөлім «Тіл – достықтың айғағы» деп аталады. Басты мақсат, өңірде тұратын түрлі ұлттың өкілінің арасындағы байланысты тіл арқылы нығайту. «Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы – мемлекеттік тіл» деген төртінші бөлімде мәдени-көпшілік шаралар атқарылады. Биыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен өңірдегі тілдерді оқыту орталықтарының бес мың тыңдаушысына жергілікті 20 жазушының кітаптары үлестірілді. Олар келесі жылдың мамыр айына дейін сол кітаптарды компьютерде қолмен теріп шығады. Тыңдаушылардың ұлты әртүрлі. Кітапты басу арқылы әрі қазақ тілін үйренеді әрі әріптерді, жазылу емлесін есінде сақтайды. Бұл бастамаға елімізде жұмыс істеп жатқан тілдерді оқыту орталықтарының мамандары үн қосып, қуаттапты. Жалпы, Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі кең көлемде аталып өтілмек.

Г.БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий