Тілді дамытудың алғышарттары

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин журналистермен өткізген брифингте жарнамадағы қателерге қатысты ойын білдіріп, ана тіліміздің өміршеңдігін жоғалтпаудың жолдары жайлы да ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар. Қазіргі кезде оның үшінші кезеңі Үкімет қаулысымен бекітілді. Біздің өңірде қазақ тілінің дамуы қандай деңгейде деген сауалға келетін болсақ, бүгінде мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 64 пайыз, мемлекеттік тілді оқып жатқандар саны өткен жылы 12 пайызды құрапты.
Қазақ тілін жүйелі оқытумен облыс бойынша 19 орталық айналысуда. Биыл Қорғалжын ауданында да ашылады. 2014-2015 жылдары мемлекеттік тілді 4111 тыңдаушы оқыған болса, 2016-2017 оқу жылында оның саны 4888-ге жеткен. Яғни, қазақ тілін оқуға қызығушылық танытушылар қатары көбейе түскен. «Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік тілді В1 деңгейде меңгергендер үлесі өткен жылы 30 пайызды құрапты.
Тілдерді дамыту орталығының басшысы Арман Бердалиннің айтуынша, әлі де ана тіліне немқұрайлылық танытып отырған мекеме жетекшілері бар. Әрі олардың өз бауырларымыз екені қынжылтады. Өзге ұлттың өкілі қазақ тіліне үйренуге бет бұрып жатқанда, өз қандасымыздың кертартпалыққа салынып отырғанын түсіну де қиын. Қазір мемлекеттік тілді дамытудың 4 бағыты белгіленген. 1-ші бағыты – мемлекеттік тілді меңгеру, 2-ші бағыты – мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдалану аясын кеңейту, 3-ші бағыты – қазақстандықтардың тілдік мәдениетін көтеру, 4-ші бағыты – Қазақстандағы лингвистикалық капиталды дамыту. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін көшедегі, сауда орындарындағы қателері өріп жүрген жарнамалар қызықтырды. Оларды ретке келтіру неге мүмкін болмай отыр? Не қолбайлау болуда? Одан шығудың жолдары қандай? Арман Тілектесұлының айтуынша, Көкшетауда барлығы 19 жарнама агенттігі бар. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланғалы жекеменшік кәсіп иелеріне тиесілі аумаққа кіру, оның ісіне араласу мүмкін болмай қалды. Соның салдарынан қате жарнамалар, ақпараттық хабарландыруларға тұсау салынар емес. Орталық қызметкерлері қаланы түгел аралап шығып, қате жазуларды суретке түсіріп, қалалық прокуратураға, кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне табыс етіпті. Алайда, әзірге еш нәтиже жоқ. Қате жазулар сол қалпында қалып отыр. Кейде қаракөз басшылардың өздері ескертулерді ескермейді, тіпті құлақ аспайды немесе мораторийді мысалға алып, өзінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысады. Ұлттық намыс оянбай, бұл қателікті жөнге келтіру қиынға соғады. Журналистер тарапынан қоғамдық көліктерге, ірі сауда нүктелеріне күнделікті қолданылатын сөздерді, сөз тіркестерін аудармасымен жазып қою ұсынылды. Сонда тіл үйренушілер қатары өсе түсері сөзсіз. Бұл жұмыстар жүйеленсе, көп мәселе шешілетін еді. Орталық басшысы ұсынысты қабыл алып, алдағы уақытта жоспарға енгізетінін айтты.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс