Тілімізді құрметтеуді өзімізден бастайық!

Дәл осы мәселені мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы отырысында сөз алғандар бірнеше қайтара көтерді. Шындығы сол, өз тіліңді  өзің құрметтегенде ғана өзгелер сені құрметтейді. Биыл облыстық тілдерді дамыту басқармасы өткізген отырыста арнайы жұмыс тобы құрылып, оның мүшелігіне жергілікті жердегі тіл жанашырлары енген болатын.

Жұртшылыққа үндеу жарияланып, ана тілінде сөйлеуді отбасынан, мекемелерден бас-таймыз деп ұран тасталған. Соның арқасында сең біршама қозғалып, бір-екі айдың көлемінде осы бағытта 200-ден астам шара ұйымдастырылыпты. Жұмыс тобының отырысы бұл жолы медиа-орталықта өтіп, модераторлықты облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова атқарды. Бірнеше мекеме басшыларының баяндамасы тыңдалып, сын-ескертпелер, ұсыныстар ортаға салынды.

Көкшетау қаласындағы №1 «Арман» балабақшасының меңгерушісі Айсұлу Шәймер-денованың айтуынша, бөбекжайда қазақ тілі топтарында өзге ұлттың балалары көп, алайда олар мектеп табалдырығын аттағанда орыс сыныптарына барады. Тілі орысша қаракөз ата-аналар да «сабақ оқыта алмаймыз» дегенді сылтау етіп, баласын орыс мектебіне беріп жатыр. Яғни, бірнеше жылғы тәрбиешілердің еңбегі желге ұшты деген сөз. Бұл мәселені тек ата-аналармен жиі жұмыс жүргізу арқылы ғана шешуге болады делінді отырыста. №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының директоры Айнагүл Балташева білім ошағы оқушыларының жетістіктерін баян етті. Мектепте бүгінде 1293 оқушы оқып жатса, оның 1270-і қазақ балалары. Дегенмен білім ошағында қазақша оқып, тілін орысша сындырып жүрген оқушылар қатары азаймай отыр. Бұл мәселе әлі де өзекті қалпында қалып келеді. №1 құрылыс-техникалық колледжінің директоры Алпысбай Омаров биыл құрылыс, келесі жылы электр мамандығы бөлімдерін қазақ тілінде ашпақ. Ең басты мәселе, техникалық бағыттағы оқулықтардың жоқтығы немесе оның аудармасының түсініксіздігі. Мұнымен қоса қазақ тілінде білім беретін оқытушылардың аздығы түйінді шиелендіріп отыр. Сондықтан балалар орыс тілінде білім беретін бөлімдерге түсуге ұмтылады. Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Талғат Мұханбетжанов, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті директорының орынбасары Әсет Құрашев ең бастысы, әр мекемедегі қазақ азаматтары намысқа тырысып, өз тілінде сөйлеп, өзгелерді де сөйлетуге ұмтылуы тиіс. Осы бағытта жұмыс істеуге олар бел шеше кіріспек. Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары Орынбасар Ахметова да мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жайлы баяндады. Бүгінгі таңда аталған аудан іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу бойынша кенже қалып келеді. Сондықтан осы жұмыс тобының отырысына арнайы шақырылды. Жиын соңында облыстық департаменттер мен қала, аудан басшыларына қазақ тілін дамытуға қатысты ұсыныстар мен тілектер жазылған хат дайындалды. Отырыстың хаттамасының тапсырмасы облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімоваға жолданатын болды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий