Тіл дамуы – ел мерейі

«Достар» мәдениет сара-йында Қазақстан Республикасы халқының тілдері күні мерекесіне орай және Тілдер онкүндігі қорытындыланған облыстық басқармалар басшылары, аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің жетекшілері, тілдерді оқыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысуымен ауқымды шара болып өтті. Оған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып сөз сөйлеп, тіл жанашырларына өңір басшысы атынан «Алғыс хаттар» табыс етті.

Құттықтау сөзінде Айна Ермекқызы тілдер мерекесі қарсаңында осы тақырыпқа арналып көптеген мазмұнды шаралар өткенін, оған арнайы мамандармен қоса қарапайым тұрғындардың, қоғам белсенділерінің, мәдениет пен өнер саласы өкілдерінің, қаламгерлердің көптеп атсалысқандарын атап өтті. Атадан мұра боп қалған ана тіліміз – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте түсу, оны жетік біліп, көркемдігі мен кемелдігінің оң ықпалын күнделікті өмірде пайдалану, ізгілігінің игі әсерін көру әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл – әр қазақстандықтың ар-ожданы арқалар асыл міндеті болғанымен, оған қол жеткізуге тілші-мамандардың тер төгуі қажет-ақ. Латын әліпбиін оқып-үйреніп, жете меңгеріп кету үшін де білікті оқытушылардың көмегі керек. Міне, осындай аса қажетті жұмыстарды бел шешпей атқарып келе жатқан мамандар, осы мәселені талмай насихаттап жүрген қоғам белсенділері мен ақпарат құралдарының өкілдеріне облыс әкімі атынан ризашылығын білдіріп, «Алғыс хаттармен» марапаттады. Олардың қатарында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұл, Зеренді ауданы аналар кеңесінің төрайымы, облыстық кеңестің мүшесі Күләш Рақымжанова, Сандықтау ауданы тарихи-өлкетану мұражайының директоры Меңдібай Қопабаев, Атбасар аудандық сотының төрағасы Нұрлан Бекенов, «Қазақ-түрік мәдениеті мен достығын дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Экиджи Фатих, «Бұқпа!» газетінің директоры Асхат Шәріпбаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау бойынша инспекторы Венера Есілбаева, Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Назгүл Бәкірова, тағы басқалар бар.
Тіл жанашырларын ынталандырып, мерейін өсірген шара мерекелік тартымды концертпен аяқталды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий