«Тіршіліктің» ғасырлық ғұмыры

Өткен бейсенбі күні «Көкшетау» мәдениет сара-йында облыстық «Арқа ажары» газетінің 100 жылдығы салтанатты түрде аталып өтілді. Шығармашылық ұжымды облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтап, бірнеше қызметкерге Алғыс хат және редакцияға автокөлік тарту етті.

Салтанатты жиынды басылым директоры Жабал Ерғалиев ашып, сөз кезегін облыс әкімі Мәлік Мырзалинге ұсынды. Өңір басшысы құттықтау сөзінде «Облыстық газет арқылы ақмолалықтар Елбасы саясатын жүзеге асырудағы жерлестеріміздің еңбегімен, еліміздегі жасампаз істермен таныс болуда. Экономикалық реформалар, әлеуметтік мәселелер және индустриалды-инновациялық жобалардың жүзеге асуы туралы осы ақпарат құралы арқылы білуге болады. Кезінде Сәкен Сейфуллин ашқан газет ғасыр «жылнамашысы» рөліне ие» деген облыс әкімі шығармашылық ұжымға табыстар тілеп, газеттің бас редакторы Қайырбай Төреғожаға, бас редактордың орынбасары Байқал Байәділовке, бөлім меңгерушісі Қалкөз Жүсіпке, оператор-терушілер Ботагөз Тарбақова мен Раушан Омароваға Алғыс хаттар табыстап, редакцияға автокөлік кілтін тарту етті. «Арқа ажары» газетінде көп жыл қызмет атқарған, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Алдан Смайыл, Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, профессор Амангелді Қашқымбаев, мерейтойға келген Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстық газеттері бас редакторлары атынан Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Арын мінберге көтеріліп, құттықтау лебіздерін жеткізді.
«Өткен күнде белгі бар» демекші, өткен күнде қанша адамның маңдай тері, еңбегі, өмірі мен тағдыры бар! Сондықтан да, редакцияның осы мерейтойға арнап «Тіршіліктің ғасыры» деген атпен кітап шығаруы құптарлық іс болды. Беташар-тілек ретінде облыс әкімі М.Мырзалиннің газет ұжымы мен ардагерлерін құттықтау сөзі, басылымның меншік иесі «Ақмола –«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ж.Ерғалиевтің «Ұлттық жаңғырудың жаңа тақырыбын бас-таймыз» атты мақаласы берілген. «Қазақ елінің асыл мұраты Мәңгілік ел болу жолындағы арман-мүддесін, егемендігіміздің баянды болуын және елдігіміздің жасампаздығы мен абыройын асыру үшін қызмет жасап келе жатқан үнпарақтың көнеден және бүгіннен сыр тартар 100 жылдық тарихы осы жинаққа топтастырылған» делініпті таныс-тыру-аннотациясында. Кітаптың «Тарих парақтарының сыры» деген тарауына «Арқа ажары» бас-тау алған, 1917 жылы Ақмолада жарық көрген «Тіршілік» газетін ұйымдастырушы, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің сөздері, пікірлері, суреттері енген. Сол сияқты Х.Бекхожин, Б.Кенжебеков, Т.Қожакеевтер пікірлері, газетке қатысты қаулы-қарарлар, газеттің 100 жыл ішіндегі өзгерген атаулары берілген. Ал, «Жаңғыра берер дәуір үні» атты бөліміне әр жылдарғы газет редакторлары, қызметкерлері туралы мақалалар кіріпті. Олардың қатарына майдангер жазушы-журналист Әскен Нәбиевтің Әмір Нүркішев, Амангелді Жұмабектің Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалықтың Мәди Хасенов, Ақселеу Сейдімбековтің Жомарт Әбдіхалық, Жарасбай Сүлейменовтің Нұрғожа Ораз, Дәуренбек Ақбекұлының Рүстем Ғаббасұлы туралы мақалалары жатады. Тарихи фотосуреттер қаншама?! «Арқа ажарының» мерекелік нөмірі де көз тартады, фойеден орын тепкен фотосуреттер көрмесі көнеден бүгінге дейін сыр шертеді. Көрмеден редакцияға әр жылдары ат басын бұрған Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Жайық Бектұров, Рақымжан Қошқарбаев, Әбділда Тәжібаев, Серке Қожамқұлов сияқты қадірлілермен газет қызметкерлерінің бірге түскен суреттерін тамашаладық.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий