Түбегейлі жобалар көрмесі өтті

«Достар» мәдениет сара-йында ұсынылған 16 жобаның ішінде тұрғын үй-шаруашылық нысандары, жөнделетін жолдар, «Васильковка», «Сарыарқа», «Боровской» мөлтек аудандары, Станционный поселкесі, Қылшақты өзенінің бойы, бірнеше көшелерді абаттандыру мен жаңартудың түбегейлі жобалары, нақты есебі мен мерзімі көрсетілген. Ең бастысы, Көкшетау қаласы тынымсыз тірлік пен толассыз жұмыстар қызатын қалаға айналады. 

Бұл шаруалар 2020 жылға дейін жоспарланған.   Көрмеге арнайы келген облыс әкімі Мәлік  Мырзалинді қала әкімі Ермек Маржықпаев шаһарды көркейту және дамытуға қатысты макет және түбегейлі жоба түріндегі үлгісімен таныстырды. Бас-ты мақсат, Көкшетау қаласын геосаяси, аумақтық және инфрақұрылымдық бағытта өркендету.  Облыс орталығын дамыту мен игерудің 1-ші кезеңінің концепциясы бойынша өңірге қоныс аударушылар мен ішкі миграция есебі, «Бурабай» аймағын әлемдік деңгейге көтеру және Көкшетау қаласымен оны экологиялық, экономикалық және жобалық жүйеге біріктіру көзделген. Сондай-ақ, Көкшетау қаласының әуежайын дамудың логистикалық, туристік хабы ретінде өңірді жалпы стратегиялық басқару тетігіне айналдыру назарға алынады.

Геосаяси, аумақтық, инфрақұ-рылымдық даму мүмкіндігі, қалыпты экологиялық жағдайды есепке алып, облыс орталығының логистикалық құрылымы, өндірісі мен ауылшаруашылық индустрия-сы Көкшетауды курортты қалаға айналдыруға  әбден лайықты етпек.

Сәулет-жобаның негізгі идеясы бойынша қатып қалған функциялық аймақтандырудан бас тартып, қала аумағын ашық, байланысқа ыңғайлы, әмбебап, аралас және бағдарлы ету көзделген.  Көкшетаудың ескі бөлігін жаңарту мен жаңа аудандарын салу кезінде қаланың бас-ты құрылымдық элементі – Қопа көлі әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғындардың демалыс орны және облыс орталығының қоғамдық өмірімен байланысты жері ретінде есепке алынатын болады. Қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің жетекшісі Илуа Әбеновтың айтуынша, осы кезге дейінгі 13,93 және 33,5 гектар жерге жоспарланған жұмыстар толық атқарылды. Енді 38,6 және 88,5 гектар жерде құрылыс жұмыстары қолға алынады. Негізгі назар қаланың солтүстік  аумағына аударылады. Қылшақты өзенінің бойындағы 72 гектар жерге салынған тұрғын үйде 5000-ға жуық адам тұрып жатыр. Алдағы уақытта олардың санын жеті мыңға жеткізу жоспарланған. Бұл маңда шағын, орташа, көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ.

Жоба бойынша қалада 140 орындық екі балабақша, күніне 180 адамды қабылдайтын емхана, сонымен қатар әкімшілік, сауда орталықтары мен ойын-сауық орындарын кей аумақтарда бұрыннан бар ғимараттарға кіріктіріп салу жоспарланып отыр. «Васильковка» мөлтек ауданының солтүстік бөлігіндегі аумағы 28 және 94 гектар жердің түбегейлі құрылыс жобасы ұсынылды. 18 мың адамға лайықталған аумақта болашақта орташа және көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ. Сонымен қатар 3000 орындық стадионы, спорт- залдары мен ашық алаңдары бар спорттық-сауықтыру орталығының құрылысы қолға алынатын болады. Түрлі үйірмелері бар балаларға арналған оқыту-дамыту кешенін салу жобасы да көрсетілді.

Астана-Щучье бағытындағы Уәлиханов көшесінен шыға берісте тұрғын үй және қоғамдық құрылыс, Зеренді трассасы бағытындағы 312 гектар жердің де түбегейлі жобасы ұсынылған. 38,6 гектар аумақтағы ірі панельді үй, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі типтік жобалар да бар. 2020 жылға қарай қала тұрғындарының саны 200 мыңға жетеді. Соған орай заманауи тұрғын үйлер, коммерциялық нысандар, сервисті коммуналдық қызмет пен көлік инфрақұрылымын енгізу қарастырылған. Құрылыс жұмыстарының жандануымен су, жылу, электр, кәріз жүйелері де жаңғыртылады. Көрме барысында «Урбостиль», «Қолдау», «Казгражданпроект», «Алуастрой», «Градкомплекс» сияқты астаналық, алматылық және жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестік жетекшілері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, табиғатты қорғау мен пайдалану басқармалары мен бөлімдерінің жетекшілері баяндама жасады.

Гәкку Асылбекқызы.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий