Түзеу мекемесінің жұмысымен танысты

Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары Айгүл Нұркина, Сауытбек Әбдірахманов, Павел Казанцев, Ирина Унжакова Гранитный поселкесінде орналасқан түзеу мекемесіндегі бас бостандығынан айрылғандардың жағдайымен танысып, олардың жұмыспен қамтылуы мен бостандыққа шыққаннан кейінгі тағдырына назар аударды. Мұның бәрі жақында Үкімет сағатында талқыланатын пробациялық заңнамалардың орындалу барысынан туындап отыр. Бұдан кейін әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау жөніндегі комиссияның төрайымы Айгүл Нұркинаның төрағалығымен көшпелі мәжіліс өтті.  

DSC_1092Мәжіліс депутаттарын сотталғандардың арасында отырған мүгедек жандардың жағдайы қызықтырды. Олардың бостандыққа шыққаннан кейін жұмыспен қамтылуы, ортаға бейімделуі басты мәселе. Аяғын шалыс басып, темір тордың ар жағына қамалғандар өмірден түңілмей, отбасы мүшелерімен қайта қауышып, күйзелістен бойын аулақ ұстау үшін психолог мамандар жұмыс істейді. Депутаттар олардың отыратын кабинеттері өте тар екеніне назар аударып, соған қатысты нормаларға өзгерту қажет деген шешімге келді. Түзеу мекемесінде сотталғандарға арналған оқу-тәрбие орталығы бар. Мұнда шамамен 180-дей адам білім алады. Тіпті, жасы 20-дан асқандары да бар. Олар мектепте оқымаған, қаңғыбастыққа салынып, кейін заңнан аттап, бұзақылыққа, қылмысқа барғандар. Сондықтан жазу, сызудан бастап, алғашқы әскери дайындық пәндеріне дейін қайта оқып жатыр. Оларға жиырмаға жуық мұғалім сабақ береді. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 1-ші, 2-ші және 3-ші топтың 8 мүгедегі бар екен. Араларында зағип жандар да жүр. Депутаттар мекеменің асханасына барып, ас мәзірімен танысты. Темір торға тоғытылғандардың тамақтану режимі де көңілдерінен шықты. Оларға жалпы және диеталық тағамдар беріледі екен. Ал, бостандыққа шығуға алты ай қалғанда сотталғандар ортаға тез бейімделіп кетуі үшін түрлі мамандықты осы жерде игеріп шығады. Олар тігіншіліктен бастап, жиһаз жасау, құрылыс материалдарын дайындау, ағаш өңдеу ісіне маманданады. Тәжірибеден өтеді. Қазір ЕЦ-166/25 түзеу мекемесінде 371 адам жазасын өтеп жатыр, оның 59 пайызы ақылы жұмысқа тартылған. Мысалы, «Еңбек-Көкшетау» кәсіпорнында 154 адам еңбек етіп жатыр. Еңбекақылары 29 мың теңгені құрайды. Халық қалаулылары сотталғандармен тәрбие сабақтары жүретін орынды, тігін цехын, жатын бөлмелері мен мамандыққа бейімдейтін кабинеттерді аралап көрді. Жазасын өтеп жатқандармен әңгімелесіп, жағдайларын сұрап білді. Бірі өзінің шалыс басып, осындай күйге түскеніне өкінетінін жеткізді, енді бірі отбасы, туған-туыстарымен қайта қауышатын күнді тағатсыздана күтіп жүргенін айтты. Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина бас бостандығынан айрылғандарға өмірден түңілмеу үшін отбасылық құндылықтарды насихаттайтын отандық кинофильмдерді көбірек көрсету керек деді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс