Түйткілді мәселелердің шешімін бірлесіп табу керек

Көкшетау қаласының әкімі
Бауыржан Ғайса коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуал, биыл жүргізілетін жұмыстар жайлы және шешімін күткен мәселелер туралы айтты.

DSC_2765Биыл көкшетаулық кәсіпорындар 68,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 170,6%. Инвестиция көлемі – 15,1 млрд теңгені құрады. Есептік кезеңде 858 адам жұмыспен қамтылды. 797 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы екі қолға бір күрек тапты. Қала әкімінің айтуынша, тұрғын үй беру – ең көп талқыланатын және көпшілікті толғандыратын түйткілдердің бірі. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі жалпы ауданы 67 мың шаршы метрден асатын және жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын 21 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін Көкшетау қаласында жалпы ауданы 30 мың шаршы метрден асатын 16 баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Алайда, елімізде құрылыс материалдары бағасының өсуіне алаңдаушылық бар. Бұл өз кезегінде құрылыс саласына және нысандарды тапсыру мерзімдеріне кері әсер етті. Тағы бір мәселе көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстау болып табылады», – деп атап өтті қала басшысы. Ал, 1996 жылы ПИК құрылғаннан бері 25 жыл ішінде көптеген кемшіліктер орын алды. Бұл жалпы жүйенің беделін түсірді, сондай-ақ, азаматтардың қызмет көрсету сапасына деген наразылығын тудырды. Көппәтерлі үйлердің тұрғындары қазір басқару нысанын таңдауға және өзгертуге, сондай-ақ, меншік иелерінің бірлестігін немесе жай серіктестікті құруға құқылы. Әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің өзінің басқару органы – үй кеңесі, пәтер иелерінің, тұрғын емес үй-жайлардың арасынан үйдің мүдделерін білдіретін және қорғайтын бақылау органы болады. Ал, барлық ПИК-тер 2022 жылдың шілдесіне дейін үйге ортақ мүлікті беріп, сервистік немесе басқарушы компания түрінде дамудың өзіндік жолын таңдауы қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында азаматтардың қажеттіліктерін сапалы орындауда мемлекеттік органдардың жедел және тиімді әрекет етуі үшін әкімдіктің халықпен кері байланысының пәрменді тәсілдерінің бірі әлеуметтік желілер болып табылады, онда әрбір азамат өзін қызықтыратын сұрақ қоя алады. Әкімдік қызметкерлері күн сайын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының проблемалық мәселелерін анықтау үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Мониторинг барысында анықталған мәселелер жедел әрекет ету шараларын қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі», – деді
Бауыржан Ғайса. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығы жіті назарда. Бұл ретте, жергілікті тауар өндірушілерінің өнімі қойылған әлеуметтік сауда павильондары ашылды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес саласында да тың серпін байқалады. Қала бюджеті
7 миллиард теңгеге толығып, 61 жаңа жұмыс орны ашылған. Айта кетейік, бүгінгі күні 16 400 шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері тіркеліп отыр. – Тұрғындарды қолжетімді, тұрақты бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін  «Көкше Маркет» деген атаумен 3 әлеуметтік павильонын аштық. Олар Васильковка және Центральный шағын аудандарында, сондай-ақ, Алтынсарин, Абай көшелерінің қиылысында орналасқан. Онда әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарық бағасынан төмен бағамен сатылады. Бағаны бақылауда ұстау үшін қаланың тауар өндірушілерімен 19 меморандум жасалды», – деді шаһар басшысы. Жол мәселесі де өзекті. Биыл 11 шақырым жол желісіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оған 450 миллион теңге қаржы бөлінді. Кенесары, Әуелбеков, Қуанышев, Алтынсарин, Көл жағалауы жөнделеді. Сондай-ақ, Сәтпаев, Гвардейская, Сүлейменов көшелері ағымдық жөндеу көріп, Уәлиханов көшесінің бойындағы тротуар жаңартылады. Ақан сері көшесіне дейінгі Ғабдуллин, Әуезов учаскесінің үнемі жарылып жататын құбырларын ауыстыру жұмыстары аяқталып келеді. Екі жылға жоспарланғандарын өз мерзімінде тапсыру міндеттелген. Ал, жартылай жөнделмей қалған Гагарин көшесін қалыпқа келтіру шаралары келесі жылға шегерілді. Биыл 9 балалар алаңын, 15 спорт алаңдарын салу жоспарда тұр.
Журналистер тарапынан қаланың шешімін күткен мәселелері: құрылысы аяқталмай жатқан Красный Яр трассасы бойындағы оқу-тәрбие орталығының жай-күйі, өткен жылдан бері уәде етіліп, бірақ іске асырылмай жатқан шаралар, жұмысы тоқтап қалған тұрмыстық қалдықтарды өңдеу цехтарының бүгінгі жайы, электр желілері жиі істен шығып, жарықсыз қалатын мөлтек аудандардың ахуалы, күнделікті қажетті өнімдер бағасының тұрақсыздығы, т.т. сауалдарына жауап берген қала әкімі түйткілді мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий