Түлектер қанат қақты

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетаудағы Абылай хан алаңында мектеп бітірушілерді марапаттау рәсіміне қатысып, түлектерге сәт-сапар тіледі. Биыл қала бо-йынша 53 түлек «Алтын белгі» иегері, 33 түлек үздік аттестатқа қол жеткізді.
Алдымен қаламыздағы әрбір білім ошақтары шеруге шықты. Өткен оқу жылы ішінде білім, ғылым, спорт, пән олимпиадалары тәрізді халықаралық, республикалық байқауларда топ жарған мектеп оқушыларының аттары аталып, құрмет көрсетілді. Биылғы жылы облысымыздағы білім ошақтарын тәмамдаған 4606 мектеп бітірушінің 242-і «Алтын белгі», 174-і үздік аттестат иегерлері.
Жиында алдымен сөз алған облыс басшысы Ермек Маржықпаев түлектерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. – Тәуелсіздікке қол жеткізген осы жылдар ішінде еліміздің болашағы үшін жастарға жағдай жасалып жатыр. Қазақстанның жастары шетелдегі құрдастарынан әсіресе, білім, тәрбие, мәдениет жағынан кем болмауы тиіс. Бүгін сіздер үшін тарихи күн. Республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, «Алтын белгі» иегері атандыңыздар. Мұның барлығы – өз еңбектеріңіз бен ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың берген тәрбиесі мен білімінің нәтижесі. Енді алдарыңызда үлкен сын күтіп тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтеді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Салтанатты рәсімде ата-ананың, ұстаздардың сенімін ақтап, қуанышқа кенелткен «Алтын белгі», үздік аттестат иегерлеріне ақшалай сертификаттар табыс етілді. Аталған түлектер қазақ тілі, физика, биология пәндері бойынша түрлі деңгейде өткен олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында жүлделі орындардан көрініп, мектептің атын алысқа танытқан өрен жүйрік үздіктер.
Мектеп бітіру қуанышы адам өмірінде бір-ақ рет болатын бақыт. Өмірдің даңғыл жолына енді қадам басқалы отырған түлектердің жанарлары оттай жанып тұр. «Бағы жансын, мемлекеттік грант бұйырсын» деген тілектердің де айтылар кезі осы. Тақымын қысып отырған жақындардың үмітін ақтап, өзінің он бір жылдық білімін көрсетер шақта бәйгеге түскелі отырған барша түлекке сәттілік тілейміз!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий