Түлектер үлкен өмірге қанат қақты

       2015-2016 оқу жылының қорытындысы бойынша қала мектептерін 901 оқушы тәмамдады. Олардың ішінде 771-і Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Жауапты бұл сыннан сүрінбей өткен №5 мектеп-гимназия шәкірті «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері Әсем Серікбай 123 балл, №5 мектеп-гимназия оқушысы Асыл Жасұлан, №18, 19 орта мектептердің шәкірттері Жібек Мұнайдар мен Дамира Итжанова 118 балл алды. Ал, қала мектептері арасында ең жоғары балдық көрсеткішке гуманитарлық-техникалық лицей-мектеп шәкірттері қол жеткізді. Өткен жұма күні облыс орталығындағы жаппай білім беретін мектеп түлектері үшін салтанатты қоштасу кеші өткізілді. «Алтын белгі» алған үздік оқушылардың бәріне ақшалай сертификаттар тапсырылды.

 

Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында №18 қазақ орта мектебін бітірушілердің салтанатты кеші өтті. Гүл құшақтаған түлектердің жүздері бал-бұл жанады. Білім сынағынан ойдағыдай өткен олар бүгін қолдарына куәліктерін алып, тағы да арман биігіне қанат самғатады. Салтанатты шара басталмас бұрын мектеп бiтiрушi түлектер мен олардың ата-аналары мектеп қабырғасындағы сабақтардан үзiндiлер, түлектердің сынақ тапсыру кезiн тағы да бiр сәт көз алдарынан өткiздi.

Биыл білім ордасы 61 түлекті ұшырғалы отыр. Ертеңгi өмiрге асығып, көңiлдерiнде күдiк емес, үмiт оты алаулап, жанарлары нұрға толған елiмiздiң ертеңгi болашақтарын мектеп директоры Жақсылық Өтебаев құттықтап, ақжарма тiлегiн жеткiздi: – Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас түлектеріміз өмірінің келесі бір жарқын кезеңіне аяқ басқалы тұр. Балалары осы бір қуанышты сәтке жетсе деп армандаған ата-аналар, он бір жыл білім нәрімен сусындатқан қадірлі ұстаздар, бұл кез барлығымыз үшін қуанышты күн. Үмітіміз ақталған күн. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Жыл өткен сайын білім сапасының артуы бізді қатты қуантады. Биылғы түлектер де білім сапасы жақсы екендігін дәлелдеді. Мұның бәрі – үздіксіз дайындық, ерінбей еңбектенудің жемісі. Мұғалімдер мен түлектердің бірлесіп еңбек етуінің арқасында осындай деңгейге көтеріліп отырмыз. Салтанатты рәсімде ата-ананың, ұстаздардың сенімін ақтап, қуанышқа кенелткен «Алтын белгі» иегерлері Аяжан Төлеген мен Жібек Мұнайдарға және ерекше үлгідегі аттестатқа қол жеткізген Әділхан Төлепбергеновке облыс әкімінің атынан ақшалай сертификаттар табыс етілді. Аталған түлектер қазақ тілі, физика, биология пәндері бойынша түрлі деңгейде өткен олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында жүлделі орындардан көрініп, мектептің атын алысқа танытқан өрен жүйрік үздіктер. «Алтын белгі» иегері Аяжан Төлеген болашақта дәрігер болуды армандайды. «Сынақта жоғары ұпай жинайтыныма сенімді болдым. Менің алғашқы үлкен жеңісім ата-анам мен ұстаздарымның өлшеусіз еңбегінің жемісі дер едім», – деп тәлім-тәрбие беріп, барынша қолдау көрсеткен ата-анасы мен білім нәрімен сусындатқан мектеп ұстаздарына алғысын жеткізді. Сынақтан 118 балл жинап, «Алтын белгі» төсбелгісін алған Жібек Мұнайдардың да қуанышында шек жоқ. «Жыл басында өзіме жоғары балл жинаймын деп мақсат қойдым. Сөйттім де, әрбір сәтті бос жібермей тыңғылықты дайындалдым. Ата-ана, ұстаздарымның сенімін ақтап, «Алтын белгіні» қорғап шыққаныма қуаныштымын. Төккен теріміз текке кеткен жоқ. Енді армандаған оқу орнының табалдырығын аттап, көп ұзамай туған халқымның арқа сүйер қызына айналатыныма сендіргім келеді», – дейді ол. Мектеп бітіру қуанышы адам өмірінде бір-ақ рет болатын бақыт. Өмірдің даңғыл жолына енді қадам басқалы отырған түлектердің жанарлары оттай жанып тұр. Балалықтың балғын шағы артта қалса да, келешекке деген кемел сенімі бар. Қазақ қашанда алыс сапарға шығар алдында ақ жол тiлейдi. Мiне, барша қауымның ақ тiлегiмен қазақтың ұл-қыздары өтiп барады. Соңғы мектеп вальсін билеген жас түлек қызығы мен қуанышы қатар жүретін өмір атты өзеннің ағынына ілесті. Сәт-сапар, жас түлек!

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс