Түнгі ойын-сауық: келеңсіздікке кім кінәлі?

Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Е.Исімбаевтың төрағалық етуімен өткен қалалық қоғамдық кеңес отырысында «Ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын шектеу жөнінде», «Конкурсқа қойылған жер телімдері тізімін бекіту жөніндегі» мәселелер қаралды. 

Әсіресе, бірінші мәселе жөнінде қызу пікірталас өрбігенін айту жөн. Түн ауа, таң ата тарқайтын ол сауық орындарының қонақтары сол маңайдағы тұрғындардың түн ұйқысын төрт бөліп, шулайтыны, мастық салдарынан айтысып-тартысып, кей кезде қылмыс істейтіні жасырын емес. Ішкі істер басқармасында тіркелген деректер оған дәлел. Ол орындардың кейбірінде не бейне бақылау, не күзет жоқ. Күзетшілері барлары да тек қана іштегі тәртіпті қадағалайды. Айғай-шу көтерген мас адамдарды өз есіктерінен шығарып салуды ғана көздейді. Сонымен, мезгілсіз уақытта мас жанжалшылар көшеде жүреді. Кімге кездеседі, не болады, оқиға қалай өрбиді – ол беймәлім.
Ал, түнде болса да бизнесін өрістетіп отырған кәсіпкерлер мекемелерінің жұмыс жасау мерзімін қысқарту – олардың табысына кедергі жасау. Оның үстіне түнде тойлауды жөн көретіндер ондай орындар болмаса, басқа, заңсыз жерлерде бас қосып, тұрғындар мазасын алулары мүмкін. Сонда, қайтпек керек? Міне, қоғамдық кеңес «Евразия», «Астория», «Жарқын», «999», «Индира» сияқты мекемелер басшыларының, заңгерлердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің пікірлерін тыңдады.
Бұл мәселелер одан әрі зерттеліп, болашақта ортақ мәмілеге қол жеткізілмек. Мақсат – қылмыстың алдын алу, тұрғындар тыныштығын қорғау.

С.САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий