Тұран тұрпатты Мағжан

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада ақын, жазушы Серік Жетпісқалиевтің жетекшілігіндегі «Алтын арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының кезекті іс-шарасы өтіп, оған педагогика ғылымдарының кандидаты, ақын мұраларын зерттеуші Сабыр Сеңкібаев қатысты. Ғалым тарихтың ақтаңдақ беттеріне үңіліп, кейбір жаңсақ пікірлерді жоққа шығарып, өзін де дүдәмал күйге түсірген жәйттерді ортаға салды. Биыл ақиық ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл. Қуғын-сүргін құрбаны болып, жазықсыз жазаланған асыл ерге қатысты талас тудырарлық дүниелер көп. Ол болашақтың еншісінде. Дегенмен Мағжан мұрасын зерттеуді, зерделеуді үзбей жалғастыра беру керек деді ғалым. Жергілікті әдебиет саласының өкілдері де өзара пікірталастырып, ойларын ортаға салды. Шара барысында ардагер журналист Бақберген Амалбекке «Қазақстанның құрметті журналисі» төс белгісі табыс етілді.

Сабыр Сеңкібаевтың айтуынша, тәуелсіздік алған жылдардан бастап Мағжан ақынға қатысты жалпы 5000-ға жуық дүние жарияланған. Ондаған кандидаттық диссертациялар қорғалған. Мағжан шығармасы бүгінде тар шеңберден шығып, Түркі әлемін аралап кетті. Бүгінде Түркия елінің өзінде 30-дан астам ақынды еске аларлық ескерткіштер, естелік дүниелер бар. Мағжан тіпті мұхит асып, алыстағы Американың Мичиган университетінде поэзиясы ағылшын тілінде оқытылып жатыр. Бұл біз үшін мақтаныш деді өз сөзінде ғалым.Жалпы Мағжанның тағдыры қилы-қилы, тартыстарға толы. Оны бақытсыз адам деуге болады. Жеке басының драмасы, трагедиясы ақынның заманынан ерте туғанымен астарласып жатыр. Әуелі болыс болған әкесі Бекмағамбеттің оны өз орнын басады деп дайындауы білім алуына кедергі еткені рас. Содан кейін сүйікті жарының, жалғыз ұлының өмірден озуы мойнына ауыр жүк салды. Қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген Мағжан Жұмабаев жайлы кейін түрлі қауесеттер тарады. Бірі ол атылмаған, айдауда болып, 50-ші жылдардың соңына дейін өмір сүрді десе, енді бірі Магаданда қасында бірге жатқанын, тіпті өзіне аманат еткен қолжазба дәптерін жоғалтқанын жария етті. Ал енді бірі соғыстан кейінгі жылдары Магаданда айдауда жүрген ақынды Бауыржан Момышұлы өзі көріп, тілдесті деді. Осының бәрі сайып келгенде Мағжан тағдырын одан сайын күрделендірді. Дегенмен осы айтылған деректерді ғалым Сабыр Сеңкібаев жоққа шығарды. Ал өзін дүдәмәл етіп, ойын сан-саққа жүгірткен тағы бір дерек, ол Мағжанды “1938 жылы атылды” деген дерекпен өмiр бойы келiспей өткен екiншi адам – жазушы, ақын Хамза Абдуллиннің уәжі. Жасыратын ештеңе жоқ, Мағжан Жұмабаевтың өмiрi мен шығармашылығын ерекше жетiк бiлетiн екеу болса, соның бiрi – Хамза Абдуллин, ал бiреу болса, соның дәл өзi де осы Хамза Абдуллин едi. Ол өзiнiң “Мұстафа мен Мағжан – Тұран елiнiң даналары” атты кiтабында “Мағжан 1938 жылы атылған жоқ, 1956 жылы өз ажалынан “Новая Земля” аралында қайтыс болды…” деп жазды. Осы деректерді алға тартқан ғалым енді тек 70 жылдан кейін ғана бұл шындық ашылады деді. Өйткені тәуелсіздік алған ел өзі бұрын бодан болған елдің архивін тек жетпіс жылдан кейін ашуға құқылы екен. Сонда аға ұрпақ өкілі оның ақиқатын білмей, арманда кетпек. Тек кейінгі ұрпақ Мағжанның тағдырына қатысты нақты деректерді білетін болады. Шара барысында ғалым ақынның педагогикасына да тоқталды. Білім саласының қызметкерлері, кітапханашылар, мұражай қызметкерлері өзара пікір алмасты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий