Тұрланды толқытқан сапар

Тұрлан әкесінің жанында отырып мәшине әйнегінен айналаға көз салып келеді. Қаладан шыққандарына екі сағаттай болған. Межелі жерге жетіп те қалды. Жылдамдықты тежеп, ауылға келіп кіргені сол екен әкесінің мінезі біртүрлі өзгеріп сала берді. Әлденеге қатты қуанып, дауысын көтере сөйлеп отыр:
– Міне, менің асыр салып ойнап өскен ауылым. Сен де осында туғансың. Мынау Ерден атайдың үйі. Қазір ешкім тұрмайды. Жабық. Мына жерде Азнабай атайдың үйі болатын, орны ғана қалыпты. Ооо, мына үйді көтеріп, қайта салып алыпты-ау! Қора-қопсысын да қатырып алыпты. Осы ауылдың жастарының бірі ғой, шамасы! Жарайсың!
Ол осылай әңгімелеп, көне ауылдың ортасындағы жолмен өтті де, көлігін ауыл шетіндегі шоқ қайыңдарға қарай бұрды.
– Біздің үй анау шетке қарай. Кейін соғамыз. Ал, жазда мына шоқ қайыңның етегіне киіз үй тігетінбіз. Анау жерге, әрірек жылқы байланатын. Сені мен анаңды әйелдер босанатын үйден алып шыққанда әкелген жерім осы. Мамыр айының аяғы ғой. Осында, киіз үйдің ішінде саған азан шақырып ат қойдық, бесікке салдық, қырқыңнан да осы жерде шықтың. Сондықтан бұл жерді сенің нағыз туған жерің, кіндік қаның тамған жер деуге болады ғой! Енді Тұрланның өзі де әкесі сияқты тебіреністі күйге түсті. Екеуі көліктен түсіп, тізеден келетін шөпті кешіп келеді. – Әке, мен кіп-кішкентай болдым ба? – Иә. Мынадай ғана болатынсың, – деп екі алақанын қосып көрсетті әкесі.
– Міне, туған жерің қандай әдемі, балам! Жағалай ағаш, неше түрлі гүлі тербелген көк кілемдей, жасыл алқап! Қолыңнан келгенше осы ауылға қол ұшыңды соз, көмектес! Бұл жерді ешқашан ұмытпа! Жігіт болғанда да келіп тұр. Балаларыңа да көрсет! Тұрлан әкесіне қарап күлімдеп қойды. – Ал, бүгінгі келген себебіміз – қазақта «Туған жерге аунату» деген дәстүр бар. Біз қазір сол дәстүрді орындаймыз! – Қалай? Қалай орындаймыз, әке?! – Қазір… қазір… менің соңымнан ере бер… Жүр, жүр… Әкесі төмен қарап, шөп ішіне үңіліп келе жатты да кенет Тұрланды «әуп» деп көтеріп алып, «Ал, туған жеріңе бір ауна, балам!» деп, шөп үстіне домалатып жіберді. Бірнеше рет аунап түскен Тұрлан әуелі қорқып кеткендей болды да, сол сәт көкірегін әлдеқандай қуаныш керней жөнелді. Миына: «Мен осы жерде туғанмын! Кіп-кішкентай болғанмын! Туған жердің иісі қандай керемет еді!» деген ойлар келді. Шөп үстінде шалқасынан, сан түрлі шөптің жұпар иісін құмарлана жұтып, көзін жұмып, күліп жатқан баласының жанына әкесі келіп отырды. – Міне, балам! «Туған жерге аунату» деген ата дәстүріміз осы. Мына жерде сенің бесігің тұрған. Менің анам марқұм, сенің әжең бесік жырын айтып, сені тербетіп отыратын… «Еліне қадірлі азамат болсын» деп тілейтін. Енді ұмытпайсың. Бұл сапар Тұрлан үшін расында да өте ерекше, көңілін толқытқан сапар болып еді.

Серік Жетпісқалиев. Көкшетау қаласы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий