Тұрғындардың тілегі тыңдалды

Қала әкімі Ермек Маржықпаев жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдап, шешілуге тиісті мәселелер бойынша жауапты басшыларға тапсырма жүктеді.

Қалалық бақ шаруашылығы басқармасының атынан бір топ зейнеткерді бастап Рашида Қазбекова келді. Олардың тілегі – саяжай бағытына тұрақты жолаушы тасымалын ұйымдастыру. Зеренді жолындағы бақшаларға автобустар сәуір айының 6-сынан бастап жүргізілді. Алайда, саяжайшылардың оған көңілі толып отырған жоқ. Айтуларынша, қоғамдық жолаушы тасымалы әлі реттелмеген. Өзінің учаскесіне уақытында бара алмаған олардың ағаш көшеттері күтілмей жатыр. Уақыттың өтуіне байланысты, жеміс бермей қалуы әбден мүмкін. Жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеме басшысы Рүстем Қалышевтің айтуынша, автобустар бекітілген кесте бойынша жұмысқа шыққан, әрі олар тұрақты емес, маусымдық көліктер. Қабылдауға келген зейнеткерлер саяжайларды электр желісімен қамту мәселесін шешуді де сұрады. Жаңа заң бойынша оларға жарық тартуға болады.  Бұл мәселе мекеме басшыларымен ақылдасып, шешілмек.

Қала тұрғыны Любовь Исаева Қопа көлінің дәл жағасындағы Чаглинская көшесіндегі 1-ші үйде тұрады. Төрт жылдан бері жер асты суынан көз ашпай келе жатқан отбасы баспанасының қабырғалары сыздан опырылып түсіп жатыр. Жертөлесі де суға толып тұр. Жұбайы екеуі сол учаскені әкімшілік сатып алып, өздеріне басқа баспана алуға қолғабыс етуін сұрап келіпті. Ермек Боранбайұлы бұл мәселені назарға алып, шешудің жолдарын қарастырамыз деді. Оған жарты жылдай уақыт кетеді. Комиссия қарауына ұсынылып, мәслихат сессиясында шешімін табады.

Шайзада Жүнісова мүгедек баласымен пәтер жалдап тұрып жатқан қызының жайын айта келіпті. Кезекке қазан айында тұрған оларға бірден баспана берілмейді. Мүгедек баланы Түркияда емдетуге 80 мың доллар қаржы керек. Қайырымды жандар мен волонтерлердің арқасында 12 мың доллар жиналыпты. Шаһар басшысы баспана кезегін күтуге тура келеді деді. Ал, баланың денсаулығын түзеуге қажетті қаржыны жинас-тыру жұмыстарына атсалысатындарын айтты. Қала тұрғыны Ботагөз Мұхамедиярова Сабатаев пен Темірбеков көшелерінің қиылысында тұратын сегіз отбасының жер учаскесін құрылыс компанияларымен келісіп, сату мүмкіндігін беруді сұрап келіпті. Алайда, бұған дейін осы жерде өзіне үй салған бір қожайын ғана оған келісімін бермей отыр. Шаһар басшысы ол адамның баспананы қаншалықты заңды тұрғызғанын тексеруді тапсырды. Содан кейін ғана мәселе шешіледі. Айымгүл Алданазарова болса, 2010 жылы заңдастырылмаған жер учаскесіне үй салып, енді оны тіркете алмай жүр. Сот шешімі де оның пайдасын күйттемесе керек. Қала әкімі бұл жерде өз тарапынан еш көмек жасай алмайтынын айтты.  Жеке кәсіпкер Жанкелді Әбілмәженов қаладағы автобус аялдамаларын жаңарту жұмыстарына қатысқысы келеді. Бүгінде оған ниеттенген кәсіп иелерімен меморандумға қол қойылған. Шаһар басшысы аялдама павильондарына өзіндік реңк беретін ұсыныстары барларға қолдау көрсетілетінін айтты. Артем Синельников өз учаскесінің бір бөлігіне баспана тұрғызуды енді бастағандарға қатысты шағым айта келді. Шаһар басшысы оның құқығын қорғау қажеттігін алға тартып, заңсыз құрылыс жұмысын жүргізіп жатқандарға тосқауыл қою қажет деді.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий