Тұрғындар алдында есеп берді

Көкшетау қалалық мәс-лихатының хатшысы Бауыржан Ғайса Красный Яр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінде №1 округ сайлаушылары алдында есеп беріп, соңғы екі жыл ішінде атқарылған жұмысы туралы баяндама жасады. Онда халық қалаулысы нақты атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды, сондай-ақ, білім, құрылыс, инвестиция, өнеркәсіп кешені бойынша жасалған жарқын істерге назар аударды. Кездесуге Красный Яр селолық округінің әкімі Базарбай Әбуов пен қалалық ардагерлер кенесінің төрағасы Шияп Әлиев қатысты.

IMG_5849Ашық пікір алмасу жағдайында өткен жиында адамдарды жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, тұрғын үй шаруашылығын жаңарту, селоны көркейту және абаттандыру бағдарламаларының қалай орындалып отырғанына талдау жасады. Жол жөндеу, мектеп пен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің құрылысы мәселелері де қозғалды.
Мұнан әрі қалалық мәслихат депутаты село тіршілігіндегі оң өзгерістерге тоқталды. «Соңғы жылдары Красный Яр селосында да аз жұмыс атқарылған жоқ. Бұған дейін селодағы барлық үйлерді жылумен қамтамасыз етуде қиындық туып келгені жасырын емес. Жаңа қазандықтың іске қосылуымен бұған дейін жылу жетпейтін аудандардың проблемаларын шешуге қол жеткізілуде»,–деді Бауыржан Ғайса. Облыс орталығына жақын орналасқандықтан село тұрғындарының екі мыңға жуығы қалаға қатынап жұмыс істейді. Тұрмысты жақсартамын, мал басын көбейтемін деген құлшынысы, еңбекке ептілігі бар азаматтарға мемлекет көмек көрсетпей отырған жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 140 орындық балабақша ашылып, үш тұрғын үй жөнделді.
Красный Яр селолық округінің әкімі Базарбай Әбуов 13 мың тұрғыны бар округте ауқымды жұмыстар атқарылғандығын жеткізді. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы жөнделмей, тозығы жеткен орталық алаңда жүргізілген көркейту жұмыстары. Алаң аумағы түгелдей асфальтталып, гүлзарлар отырғызылды, субұрқақ қалпына келтірілді. Әйтсе де селодағы абаттандыру мәселесінде тазалық мәдениеті әлі қалыптаспағандығын, жасалған дүниелерді бүлдіріп-сындыру оқиғаларының тыйылмай отырғандығын да жасырмады округ әкімі. Селода шаруасын дөңгеленткен шаруа қожалықтары халыққа ұдайы көмек қолын созып келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік дамып, халықтың тұрмысын түзеуге талпыныс өте жоғары.
Өткен қыста қалың қар мезгілінен ерте және молынан түсті. Селода 60 мың шаршы метр қар шығарылған. Күзгі-көктемгі қар еріген кезде Қылшақты өзеніне жақын орналасқан елді мекендерді су басып қалу қаупі бар екендігі белгілі. Биыл қар түскен су қоймалары мен бөгеттерге алдын ала тексеру жұмыстары жүргізіліп, техникалық мүмкіндікті ескере отырып, барлық шаралар дер кезінде атқарылған. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында үздіксіз мониторинг жүргізіліп, елді мекенге қауіп төндіретін көпірлер, бөгеттер үнемі бақылауда ұсталды.
Селодағы мол қаржыны қажет ететін су тарту мәселесі бүгін-ертең аяқталмаса да, таяу болашақта өз шешімін табары сөзсіз, себебі, село әкімі бұл мәселені назардан тыс қалдырмай келеді. Он тоғыз шақырымдық магистральдық құбыр жаңартылып, 3 насос станциясы жөнделген. Село тұрғындары елімізде болып жатқан оң өзгерістердің бірқатар игілігін көріп отырғаны да шындық. Қала әкімдігі, халық қалаулылары, кәсіпкерлер мен тұрғындардың көмегімен біраз нәтижеге қол жеткізді. Бұрын селода 140 бағана шамдары ғана болса, бүгінде ол 2700-ге жетті. Ескі ғимараттар сүрілді. Көпқабатты үйлердегі су мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Ел ішінде тұрмысын жақсарта түсуге ниет білдіргендер қатары арта түсуде. Тұрғындар село iшiнде соңғы жылдары орын алған оң өзгерiстер үшін әкiм жұмысына оң баға бердi. Кездесуде жұртшылық жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру, жол белгілерін орнату жөніндегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Есепті кездесу емен-жарқын өтті. Көпшілік көкейіндегі сауалды қоя білді, тұщымды жауап та алды. Тұрғындармен болған депутат жүздесуінде өткір мәселелер де жасырынып қалмады, жасалған іске баға да беріліп, алғыс та айтылды.

Әсем Ұланқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс