Тұрғындар белсенділігі қажет

Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйдің сапасына назар аударылып, жеделсатылардың (лифт) уақытында пайдалануға берілуін пысықтап, спортпен шұғылданып жүрген балалармен әңгімелесті. Тұрғындармен пікіралмасу барысында әркімнің өз баспанасына жауапты екенін тағы еске салған өңір басшысы жоспарда тұрған істердің бәрі толық атқарылатындығын айтты. Облыс әкімінің жұмыс сапары барысында қала әкімі Ермек Маржықпаев бірге жүрді.

«Agrimer Astyk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз аумағында спортзал ашқанын өткенде ғана хабарлағанбыз. Кәсіпорынның қызметкерлеріне жеңілдетілген баға белгіленген болса, сырттан келіп, денесін шынықтырамын деген тұрғындарға да есік ашық. Облыс әкімі Сергей Кулагин спортзалын аралап, оның мүмкіндіктерімен танысты. Жаңадан жасалған кешеннің іші жарқырап тұр. Әйелдер мен ерлерге арналған жеке жаттығу және спортзалы, фитнес, аэробика, тренажерлер, теннис үстелдері өзін сергек сезінгісі келген жандарға қызмет етпек. Өңір басшысы кешеннің жұмысына көңілі толатынын жеткізді. Горький көшесіндегі 9 қабатты №23 үйдің жиырма алты жыл бойы істемеген жеделсатысына биыл жан кірді. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Тұрғындармен әңгімелесу барысында өңір басшысы әркімнің өз баспанасына жанашырлықпен қарап, қираған жерін жөндеуге ниетті болуын ескертті. Аталған баспананың әбден тозығы жеткен шатырын қалыпқа келтіру жөнінде тапсырма берілді. Биыл Көкшетау қаласы бойынша 16 үйдің лифтісі жөнделеді. Келесі жылы 17 үйдің кезегі келмек. Дәл осындай жұмыстар Ғабдуллин мен Абай көшесінің қиылысындағы 12 қабатты үш үйде де жүргізіліп жатыр. Әуезов көшесіндегі 238 «а» және 236 үйдің ауласында орын тепкен жаңа футбол алаңында балалар жаттығып жүр. Жас футболшылармен әңгімелескен өңір басшысы оларға табыстар тіледі және жергілікті футбол клубының келешектегі белді ойыншылары болатындығына сенім білдірді. Осы маңның тұрғындары жасалған игілікті іске разы екенін жеткізді. Бұдан бұрын қала әкімімен әңгімелесу барысында балдырғандардың ойын алаңына құм қажет екені айтылған болатын. Қазір осы өтініш орындалыпты. Бұл күні, сондай-ақ, облыс және қала басшылығы «Боровской» мөлтек ауданындағы 55 «а» мекенжайында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйде де болып, оның сапасына мән берді. Өңір басшысы барлық жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асатынын жеткізіп, қаланы көркейту бойынша атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.

«Көкше-ақпарат»

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс