Тұрғындар тілегіне құлақ түрді

Көкшетау қаласының әкiмi Ермек Маржықпаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтардың өтінішін тыңдады. Қабылдауға келген әр тұрғынның әртүрлі себеп-уәжі болды, қала басшысына өз мұңдарын айтып, барынша көмектесуді сұрады.

Кезекті қоғамдық қабылдауда тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың басым бөлігі – жер телімі, пәтер мәселелері. І топ мүгедегі Әлібек Ахмалишев жастайынан көз ауруына шалдыққанына қарамастан еңбек етіп, отбасын асырап отырған жайы бар. Қабылдау барысында 12 жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын айтқан ол баспана алуға көмек сұрады. Еңбекқор жігіттің өмірге деген құлшынысына риза болған әкім келер жылы жалдамалы пәтермен көмек көрсетілетінін жеткізді. Есіл балалар үйінде тәрбиеленген Ольга Тимошенко пәтер мәселесінде атқарушы органдардың бір жарым жыл сандалтып қойғанын ашына баяндады. Айтуынша, уақытша берілген баспанада жөндеу жүргізілмегендіктен, тұру мүмкін емес. Баспананы кезексіз алудан үмітті екенін жасырмады. Әкім пәтер кезегіне тіркеуге алынғандар тізімі тиісті органдар тарапынан үнемі бақыланып отыратынын ескертті.   Көпбалалы Виктория Егорова да тұрмыс жағдайын айтып, баспанаға зәру екендерін қынжыла баяндады. Қала басшысы тұрғын үй заңға сәйкес кезек ретімен ғана жылжитынын, бұл жүйеге өзгеріс енгізе алмайтынын жеткізді. Мағрипа Дайырбекова есімді кейуана да қартайған шағында пәтер жалдап жүргенін айтып, көмек сұрады. Кейуананың мұңына құлақ түрген қала әкімі пәтер тек заң аясында кезекпен берілетінін айтып, түсіндірді. Бұл мәселе жөнінде сала басшыларымен ақылдасып, хабарын беруге уәде етті. Қабылдауға келгендердің арасында жатақханамен қамтамасыз етуге көмек сұрай келгендердің де қатары көп екендігіне көз жеткіздік. Қала әкімі бүгінде көп адамдарға баспана алу мүмкіндігін тудырып отырған «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы пәтер алуға болатынын түсіндірді. Әкім барлық тұрғынның жағдайы бірдей, біреудің тұрмыс жағдайының ауырлығына қарап, кезекте тұрған өзге адамды ығыстыруға болмайтындығын айта келе, мүгедектер мен жетім балаларға, сондай-ақ, аз қамтылғандарға да мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтар заң шеңберінде жалғаса беретіндігін атап өтті. Қоғамдық қабылдауға келгендердің бір тобы қаланың түрлі салалар бойынша, оның ішінде коммуналдық тұрғыдан дамуға қатысты мәселелерді қозғады. Бекболат Әміржанов есімді тұрғын ескі ет комбинаты ауданындағы жол мәселесін алға тартты. Қала әкімі жақын күндері мұндағы жол жағдайын арнайы келіп көретінін жеткізді. Барлық өтініштер бойынша азаматтарға түсініктеме және нақтылы жауаптар берілді. Тиісті бөлім басшылары да туындаған сауалдардың шешімін табуы назарға алынатынына уәде берді. Қала әкімі Е.Маржықпаев қабылдауда көтерілген мәселелердің жіті бақылауда болатынын атап өтті.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий