Тұрғындар тілегі – іске тірек

DSC_4636

Өткен дүйсенбі және сәрсенбі күндері Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев қаланың бірқатар мөлтек аудандарында болып, жиылған тұрғындарға үстіміздегі жылдың алты айында атқарылған шаруаларды баяндап, олардың пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Бұл жүздесулердің алдағы істерге тірек болары сөзсіз. Әкім іс сапары кезінде Красный Яр кентінің әкімі Н. Айсин мен Станционный кентінің әкімі А. Тасқымбаев та өз елді мекендеріндегі істің мән-жайын баян етті.

Қала басшысы Станционный кентінде №7 орта мектепте, қала ішінде әр шағын
ауданда орналасқан №1, №21, №13 және №19, сәрсенбі күні №6, №12, №14 орта мектептерде болып, жұртшылыққа  қаланың 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сөз қозғады. Бұл жерде бірінші атап айтар мәселе – жартыжылдықта қаланың барлық негізгі көрсеткіштер бойынша жоспарды орындап шыққандығы. Мұның өзі ортақ іске, бір

мақсатқа жұмылудыDSC_4649ң нәтижесі. Осы үрдіс жалғасын таппақ. Қала басшысы дәл осы күндергідей тұрғындармен жиі жүздесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдап, алдағы жоспарларды құру үстінде сол ұсыныстарды ескеріп отырады. Сондықтан да, жүзеге асқан істер көңіл тоғайтады. Көрсеткіштердің меже биігінен көрінуіне қаланың «ЕНКИ», «Көкшетауминводы», «КаМАЗ-инжиниринг» сияқты ірі кәсіпорындардың өнікті жұмысы игі әсер етіп отыр. Орта және шағын бизнестің дамуы да ойдағыдай. Индустриалдық карта бағдарламасы бо-йынша қала 17 жобаны қолға алса, ол 20,2 млрд. теңгені қамтиды, 1257 жұмыс орынын ашуға мүмкіндік береді. 96 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, 2 млрд. 203 млн. теңгені игеретін «Вектор комбайн заводы» ЖШС жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Индустриалдық картаға тағы да 3 жобаны енгізу қолға алынуда. Олардың қатарында «Eurasia GropKazakһtan» ауылшаруашылығы техникасын сату және оған қызмет көрсету орталығының құрылысы, «Agpo KZ» дәнді дақылдарды өңдеу және 18 000 шаршы нан қабылдау пунктінің құрылысы, тәулігіне 500 тонна майлы дақыл тұқымын қабылдай алатын «KoksһeMay» ЖШС құрылысы бар. Бұған қоса Красный Яр кентінен «Ветер Инвест Көкшетау» ЖШС жел электр станциясының құрылысы, «Көкше Престиж Бидай» ЖШС элеватор құрылысы қолға алынды. Қала басшысы осындай-осындай тиімді жобалар жөнінде айта келіп, қаланы абаттандыру, жолдар мен аулаларды жөндеу, балалардың ойын және спорт алаңдарын салу барысына тоқталды. Ол жұмыстар жоспарлы түрде жалғаса бермек. Мысалы, №1 мектепке 600 орындық, №13 мектепке 420 орындық, №4 мектепке 360 орындық қосымша ғимарат салудың сметалық-жоба құжаттары дайындалған. Биылғы тоқтаусыз жауған жазғы жауын бірқатар қиындықтар да әкелді. Кей көшелердегі суағар, арықтар толып, кейбір көпқабатты үйлердің жертөлелері жер асты суларының көтерілуі салдарынан суға толып кетті. Тиісті қызмет көрсету орындары хабар тигенде шұғыл барып, көмектесумен келеді. Алайда, мұның салдарын болдырмауға тырысуымыз керек. Тұрғындар, әсіресе, жеке үйлердің тұрғындары көше жиегіндегі арықтарға қалдықтар тастап, олардың бітелуіне, сөйтіп, судың жайылып кетуіне себеп болып отыр. Олар басқа уақытты былай қойғанда күзде және көктемде дұрыстап тазаланады. Тазаланған арықтарды сол күйі ұстауға тұрғындардың өздері де атсалысуы қажет. Жасалған ойын, спорт алаңдары жөнінде де әкім сондай пікір айтты. Оларды үлкендер қадағалап, істен шықпауын қамтамасыз етуге тиіс. Қалада құрылыс қарқынды жүруде. Сапалы тұрғын үйлерге қоныстанушылар саны артты. Ал, алдағы уақытта тұрғындардың көз қуанышына айналып, әлеуметтік-мәдени дамуымызға оң әсер етер серпінді құрылыс қатарына «Сарыарқа» мөлтек ауданында бой көтерер 1200 орындық «Рухани жаңғыру сарайы», сол аудандағы аса қолайлы, кең де жарық, бүгінгі заман талабына сай компьютерлендірілген 900 орындық мемлекеттік тілдегі жаңа IT мектеп, бұрын «Революция күрескерлеріне» делінген бақтың жаңғыртылып қайта салынуы болмақ. Аталмыш мектеп еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі өз алдына жеке салынбақ алғаш мектеп болғалы тұр. Олардан басқа мектептерге қосымша ғимараттар, жаңа балабақшалар салу үздіксіз жалғасып келеді. Қаланың күрт өсуіне байланысты оны жылумен қамтуда мәселе туындайтыны жасырын емес. Сол себепті төртінші қазандық құрылысы басталып, оның сүзгішін қайта салу қолға алынуда. Ал, жалпы жылу мәселесі тек жылу электр стансасын салғанда ғана толық шешіледі. Оны салатын ұжыммен келіссөз жүруде. Қаладан қоқыс шығару мекемесі коммуналдық шаруашылықтан жекеге ауысу үстінде. Күні бүгіндері сол себепті қоқыс шығаруда кемшілік бар. Ол жолға қойылады. Тек тұрғындар көрсетілетін қызметтерге уақытылы ақы төлеп отырулары керек. Красный Яр кентіндегі жел электр станциясы, сол кенттегі қоқысты қайта өңдейтін зауыт та жаңа тұрғыдағы нысандар қатарында. Шаһар басшысының есебін тыңдауға келген тұрғындарды толғандыратын мәселелер өте көп. Соның басым бөлігі жол жөндеу, қысқа қажетті қатты отынның бағасы, күл-қоқыстың уақытында жиналмауы сияқты күнделікті түйткіл мәселелер. Халықты өз ауласына жақсы қарап, өз подьезін таза ұстауына ынталандыру үшін биыл «Ең таза аула», «Ең үздік пәтер иелері кооперативі» сияқты байқау жарияланған. Оған қарамастан ауласына гүлдер егіп, подьезін жайнатып қойған тұрғындар да бар. Олардың суреттері әлеуметтік желілерге тіркеліп, халықтың жақсы бағасын алып та жатыр. Дегенмен, тағылық әрекеттерге барып жатқандар да әкімнің сын садағына ілінді. Ауызекі тілде Шанхай аталатын елді мекен мен Нұрлы көш поселкесіндегі өткен жылы ғана салынған балалар алаңындағы әткеншектер, сырғанақтар, құм төселген алаңшалардың қоршаулары бүлініп, қиратылған. Мұның бәрін істеп отырған тұрғындардың өздері. Сырттан келіп ешкім бүлдіріп жатқан жоқ. Шаһар басшысы осындай әрекеттерге барып жатқан адамдарды ойлануға шақырды. Өйткені, бар жақсылық балаларға жасалуда. №1 мектепте өткен кездесуде тұрғындар орталық көшелердегі тротуарларға жаңбыр суы жиналып қалатынын, саз болып жататынын және олардың ешқашан жуылмайтынын айтты. Сондай-ақ, жөнделген жолдардың суағарлары дұрыс жасалмайтындықтан, қатты жауындарда жаңа асфальттің үстін су басып кетеді. Кейде жол жөндеушілердің жауын астында асфальт төсеп жатқанын да байқаймыз деді кәсіби мамандар. Қопа көлінің жағалауына жасалған қос жағажайда биыл демалушылар көп тынығуда. Алайда, қоқыстарын жинауға келгенде немқұрайлылық танытып, бәрін шашып кетеді. Оны қала әкімі Ермек Маржықпаев та атап өтті. Тұрғындардың өз қаласына деген жанашырлық сезімінің жоқтығы қынжылтады. Көл жағасында тұратындардың тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне емес, көлге лақтыратыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан осындай олқылықтар реттелмей, көлдің таза болатынына күмәнмен қарамау мүмкін емес. Ал, қаладағы қоқыс жәшіктерін тазартып тұратын мекеме жекеменшіктің қолына өткелі көп мәселелер туындап жатыр. Толып қалған контейнерлер уақытында тазаланбай, жан-жағына шашылған қоқыс желмен ұшып, маңайды лас-тайтын жағдайлар көбейіп кетті. Бұл мәселені де тұрғындар алға тартты. Тазалықпен айналысатын мекемеге жаңа басшы тағайындалған, шаһар басшысы сол жерде оны тұрғындармен таныстырды. Ол мекеменің жұмысын дұрыс жолға қоюға уәде етті.  №21 мектепте өткен есептік кездесу барысында жекеменшік үйлердің тұрғындары қатты отынның биыл қаншалықты толық көлемде жеткізілетінін сұрап білді. Өйткені, өткен жылы қазан, қараша айларында көмір тапшылығы туындап, тұрғындар үйін жылыта алмай, қатты қиналған әрі бағасы да күрт өсіп кеткен. Шаһар басшысы бағаны бірқалыпты ұстау мүмкін еместігін айтты. Себебі қатты отынмен айналысатындар жекеменшік иелері. Биыл елімізде көмір өндіретін орындармен келісімшарттар жасалуда. Қыркүйек айында 30 тонна артылған вагондардың алғашқы легі келіп жетеді. Көмір тапшылығы биыл туындамауы тиіс деді қала әкімі. Жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер биыл жаңа 50 автобус сатып алмақ. 15 автобус аялдамасы жөнделіп, жаңа павильондар орнатылуда. Қазір қалада екі саябақта интернет желісі жұмыс істейді. «Смарт сити» бағдарламасы бойынша инфобус, электронды кітапхана, бұлтты бухгалтерия, бір түбіртек-бір сатылым сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы, қаланы көркейту, көгалдандыру, жақсарту, жаңарту бағытында жұмыстар күнделікті жүргізіліп жатыр. Бәріне шыдамдылық танытып, түсіністікпен қарау керек. Көкшетауды әсем де таза қалаға айналдыру өз қолымызда. Енді тек жанашырлық танытып, әрқайсымыз оның көркеюіне атсалысуымыз керек деді қала әкімі. Ал, түрлі сауалдарын жолдаған тұрғындардың біріне бірден мамандар жауап беріп, бірін шаһар басшысы өз көзімен көріп барып, шешім шығаруға уәде етті. Барлық кездесулерде айтылған әрбір учас-келерге тән кемшіліктерге назар аударылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері бойынша нақты тапсырмалар беріліп, хаттамалар бойынша бақылауға қойылады. Әкім кездесулеріне қалалық маслихаттың хатшысы Е. Исімбаев пен депутаттар қатысты.

Серік САПАРҰЛЫ, Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий