Тұрғындар шағымы жауапсыз қалмайды

Тұрғындарды кезекті қабылдауында қала әкімі Амангелді Смайылов келушілердің көтерген мәселелерін шешу туралы бөлімдер басшыларына, мамандарға тапсырмалар берді.
Бірлік шағын ауданының тұрғыны Қайынжамал Ғабдуллина қыстың күні от жағудың қиын болып тұрғанын, қолындағы баласы да, келіні де екінші топтағы мүгедек екенін айтып, отбасы жағдайын жеткізді. 2017 жылы үйлері орталық жылу жүйесінен ажыратылған. Бір маусымда 15 тонна көмір жағады. Алайда, төлем төлеу туралы хабарлама әлі күн келіп тұрады. Солар мазаны алуды қойса. Желі үй жанындағы бақшалары ішінен өтеді. Оны қайта-қайта қопарып, мезі еткен. Апай алдағы уақытта сол желілерді дұрыстап жөндеп, үйлерін қайта қосып, төлемақыларын реттеп, заңдастыруды сұрайды. А.Смайылов бұл мәселені толық анықтап, есеп-қисабын түзеп, үйді орталық жылу жүйесіне қосып беру туралы «Су Арнасы» мекемесінің бастығы Ермек Өмірғалиевке, тұрғындарды орынсыз мазалау себептерін анықтау үшін қалалық әкімшіліктың аппарат басшысы Серік Құдабайға тапсырма берді.
Келесі кірген Луговая 31 үйдің тұрғыны Нұртай Оспановтың шағымы үйлеріне келетін су қысымының нашарлығы. «Су тек түнгі сағат үштен бес жарымға дейін ғана келеді. Осы қиындықты шешіп беріңіздер» деген шағымын айтты ол. Әкім бұл сұрақ бойынша да Ермек Өмірғалиевпен сөйлесіп, ақылдасып, тұрғындарға қолайлылық туғызуды тапсырды.
Бірінші топтағы мүгедек Қанат Ғаббасов кезекте 286-шы болып тұр екен. Отбасы бойынша жинаған құжаттары дұрыс қарастырылмаған сыңайлы. Әкім Қ.Ғаббасов тапсырған құжаттарды толықтырып, кезегін қайта қарау жөнінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарына тапсырма берді. Әлия Баетова Байтұрсынов көшесі 106 үйде тұратынын, ол үйдің әбден тозығы жетіп, қауіпті жағдайда екенін, ол үйдің қашан сүріліп, жаңа пәтер берілуін білгісі келеді екен. Мамандар ол үйдің әлі сүрілу жоспарында жоқ екенін айтты. Ақылдаса келе, Ә.Баетова арендалық тізімге тұруға келісті.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий