Тұрғын үй салу жоспары 122 пайызға орындалды

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының аймақтық коммуникация қызметі облыстық құрылыс басқармасының жетекшісі Амангелді Смайыловпен брифинг өткізді. Журналистермен ашық пікір алмасу жағдайында өткен брифинг барысында Амангелді Халаудинұлы тұрғын үй салу жөніндегі жылдық жоспар-дың 122 пайызға орындалғанын қуанышпен хабарлады.

Экономиканың басқа салаларының ішінде құрылыс индустриясы, әсіресе, тұрғын үй салу жедел өркендеген. Оған облыс бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында атқарылған жұмыс көлемі айғақ болғандай. Осы мерзім ішінде 271,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспар 122 пайызға орындалды. Ақмол, Шортанды, Аршалы поселкелерінде 45, 36 және 16 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, Щучинск қаласында 75 пәтерлі бір үйдің кілтін жас отбасылар алды. Облыс орталығындағы «Жансая» тұрғын үй кешенінде 135 пәтерлі төрт үй іске қосылды. Калачи селосы мен Красногорск поселкесі тұрғындарын көшіру үшін Есіл қаласында 73 пәтерлі бір үй салынды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында аймақты дамыту жоспарына сәйкес 10 жоба жүзеге асырылмақ. Макинка, Степняк, Ерейментау қалаларындағы 18, 21, 60 пәтерлі үш үйдің құрылысы жақында аяқталмақ. Облыстық бюджет қаржысы есебінен Ақмол, Балқашын, Қосшы селолары мен Степногорск қаласында 4 үй салынып жатыр. Көкшетау қаласындағы жас отбасыларға арналған 30 пәтерлі үш тұрғын үй құрылысы биыл аяқталады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Көкшетау қаласында 45 пәтерлі бес жоба жүзеге асырылмақ. «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамының қаржысы есебінен жергілікті атқарушы орган арқылы екі он сегіз пәтерлі және қырық бес пәтерлі үш үйдің құрылысы жүргізілуде. Тұрғын үй құрылысының жаңа механизмдеріне сәйкес салынып жатқан бұл баспананы Көкшетау қаласының тұрғындары несиеге алады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс