Тұғырынан таймаған тұлға

Саналы ғұмырын Көкше өңірінің белгілі тұлғаларының өмірін зерттеуге арнаған жан мұндай қадамға ең алдымен туған топыраққа деген тағзым жетелеген еді дейді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қадіржан Әбуев 80 жасқа толды. Жасының ұлғайғанына қарамастан ғылыми жұмыстармен айналысуын тоқтатпаған жан әлі күнге дейін өзі зерттеп, зерделеп жүрген ғалым Шоқанның есімімен аталатын Көкшетау мемлекеттік университетінде еңбек етіп келеді. Талай шәкірт тәрбиелеген жанның құрметіне Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Отан тарихының деректануы мен тарихнамасының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда алыс және жақын шетелден келген тарихшы-ғалымдар өз зерттеулері бойынша баяндамалар жасап, Қадіржан Қабиденұлының туған өлкенің тұлғалы адамдарын зерттеудегі өлшеусіз еңбегіне үлкен баға берді.

Өз ортасына сыйлы болудың сырын іздейтін болсақ, ол алдымен адамның қабілетіне емес, өзгелерге деген қарым-қатынасына байланысты екені даусыз. Өйткені, адамды көркем ететін – мінезі. Қадіржан Қабиденұлы ғылыми жұмыстармен шұғылдана жүріп, маңайындағы әріптестерімен тығыз байланыста бола білетін жан. Әрдайым тарихтың ақтаңдақ беттеріне үңілетін ғалым тәуелсіздік алған жылдардан бастап кеңес үкіметі тұсында тыйым салынған тақырыптарға бара білді. Профессордың Ақмола өңірін зерттеуге арнаған 280 ғылыми жұмысы, оның ішінде 8 монографиясы, 4 сөздігі мен 49 оқу құралы жарық көрді. Ғалымның барлық жұмыстары дереккөздерге сараптама мен жаңа ақпараттан тұрады. Қорытындылары да негізделген деді өз сөздерінде шетелдік ғалымдар. Әсіресе, Анкара университетінің профессоры Мәриям Хаким Абылай мұрасын осы кезге арқалап алып жеткен қазағына алғысын жолдап, Президент айқындап берген Ұлы даланың жеті қырын шетелге түрлі тілде танытудың уақыты жеткенін айтты.
Өз өңірін зерттеуде кеңейтілген және жан-жақты талданған дүниелерді ұсынатын Қадіржан Қабиденұлы көп уақытын студенттермен, магистранттармен және докторанттармен өткізеді. Жастарға дереккөздермен жұмыс істеуді, негізделген қорытынды жасау-ды, белгілі бір терминдерді дұрыс қолдануды үйретеді.
1997 жылы ғалымның «Көкшетау» атты тарихи очеркі жарық көрді. Бұл еңбек бүгінде өңірдің тарихын танудың таптырмас құралына айналды. Оның барлық ғылыми жұмыстары туған топырағының тұлғаларына арналған. Абылай хан, Кенесары Қасымұлы, Шыңғыс Уәлиханов, Науан Хазірет, Шоқан Уәлихановтар жайлы ғалымның жазған еңбектері құнды.
Биыл Ақмола облысының құрылғанына 80 жыл толады. Осы тарихи датаға байланысты облыс әкімінің қолдауымен Қадіржан Әбуев талай жылғы зерттеу еңбегін топтастырып, «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты кітабын жарыққа шығарды.
Ғалым өзі қызмет ететін университетте тарих факультетінің ашылуына мұрындық болды. Аспирант болып келген жас кафедраны 30 жылға жуық басқарды. Қазірдің өзінде студенттер кафедраны сол кісінің есімімен атайды. Осы кісінің жетекшілігімен кәсіби деңгейі жоғары мамандардың басы қосылып, білім берудің жаңа бағыттарына ұмтылады. Кафедра оқытушылары университет басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, «Болашақ» стипендиясының иегері атанып жүр. 1998 жылы оқу ордасында ғалымның бастамасымен магистратура ашылып, осы уақыт аралығында 50-ден астам магистратуралық диссертациялар қорғалды. Бүгінде төрт докторанттың ғылыми кеңесшісі.
Талантты зерттеуші ретінде Қадіржан Әбуев ұлы Абылай ханның өмірі мен еліне сіңірген еңбегін зерттегені үшін Әлемдік Шыңғысхан қорының орденіне ие болған еді. Салтанатты жиын барысында университет ректоры «ҚР Білім саласының үздігі» медалін омырауына қадап, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Құттықтау хатын оқып берді. Облыс және қала әкімдерінің атынан орынбасарлары Қанат Ыдырысов пен Алтынай Әміреновалар лебіздерін білдіріп, сый-сыяпаттарын жасады. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология университетінің басшысы Зиябек Қабылдинов «Алаш» медалін ғалымға табыс ете тұрып, алдағы үш жыл көлемінде жергілікті тарихшылармен бірлесіп, Ақмола өңірінің ертедегі дамуы мен осы кезеңге дейін жазылған үш томдығын шығару туралы ұсынысын ортаға салды. Мемлекет және тарих институты директорының орынбасары Амангелді Қашқынбаев, күні кеше ғана құрылған «Қаһармандар» қорының төрағасы Сабыржан Қасымовтар да құттықтады.
Қадіржан Қабиденұлы өзінің сүйікті ісіне жан-тәнімен кірісіп, сол жолда ерінбей-жалықпай еңбектенетін жан дейді әріптестері. Әсіресе, Көкшетаудың тарихын зерттеуге сіңірген еңбегі зор. Оның кітаптары мен мақалаларының кейіпкерлері қарапайым еңбек адамдары мен тұлғалы жерлестері. Саналы ғұмырын білім ордасының өркендеуіне арнаған жан жайлы әлі талай жылы лебіздер айтылар да, жазылар. Ең бастысы, ол кісінің жанында жүріп, жақсы әңгімесін тыңдап, әзіл-қалжыңына құлақ түру, білмегеніңді үйрену, шыңдалу. Жастарға өмірлік жолдама алып берген ғалымның қанша адамға қолдау көрсеткені де бізге аян деген жылы сөздері көпшіліктің көңілін толқытты.
Елге сыйлы азаматты мерейто-йымен құттықтаған әріптестері мен ғалымдар мағыналы ғұмырының әр сәті қуанышқа толы болуын тіледі. Кеш барысында еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орнының атынан келген өкілдер ізгі тілектерін білдіріп жатты. Дәл осы күні «Тарих» факультетінің ашылғанына 25 жыл толуына орай Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде білім ордасының түлектері тарту еткен инновациялық кабинеттің ашылу рәсімі өтті.

Г. Бәйішева.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий