Тұғыры биік тұлға

«Аңыз адам» журналының кезекті саны ұлт мақтанышы, мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің өмірі мен қызметіне арналған. Ел ағасы көзі тірісінде «Мен артыма ешқандай дүние-мүлік, байлық, қалдырған жоқпын. Халқыма, еліме барынша адал және таза қызмет еттім. Ар-ұятыма, кісілігіме, адамгершілігіме қылдай дақ түсірген жоқпын. Менің ұрпағыма қалдырған ең қымбат қазынам да, мұрам да сол!» – деген екен. Журналда Еркін Нұржанұлымен үзеңгілесе қатар жүрген, қызметтес болған әріптестерінің естеліктері топтастырылған. Замандастарының пікірлері де бар. Жан-жары Күл-ше Оспанқызы бірінші басшы қызметінде жүрген кездерінде бас-ты ұстанған қағидасын ортаға салып, ар тазалығын қашанда биікке қойғандығын алға тартады. Журналда жерлесімізбен қанаттаса еңбек еткен жерлестері, қоғам қайраткерлері Мақтай Сағдиев, Кәкімбек Салықов, Көкшетау облысының құрметті азаматтары Сайлау  Сейітқалиұлы, Сансызбай Мұқитанов, жазушы Төлеген Қажыбайдың естеліктері топтастырылған. Жергілікті қаламгер Еркін Әуелбеков өңірді басқарған жылдары Көкшетау мәдениет сарайы, мейрамхана, вокзал, аэропорт ғимараттары салынғанын тілге тиек етіпті. Бүгінгі келбеті көркейген Көкшетауда әлі күнге дейін сол нысандар халық игілігіне қызмет етіп келеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Ақмола облыстық филармониясының әншісі Ғазиза Жұмекенова өзін кезінде Еркін Нұржанұлы Торғайдың шеткері бір ауылынан алдыртқанын және сол кісінің арқасында сахна әлеміне енгенін әдемі жеткізген екен. «Аңыз адам» журналындағы естеліктерді оқи отырып, біздің өңірдің даму белестерін көз алдыңнан өткізесің, әрі сол жолда аянбай еңбек еткен ерге тағзым етесің.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий