Тұңғыш Президенттің бастамалары – халық игілігіне бағытталған бағдарламалар

Өткен жылы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жөнінде халыққа арнаған Үндеуінде: «Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды!» деп әрбір қазақстандық отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбекақысын көбейту жөніндегі кең ауқымды шараларды жариялаған болатын. Олар ел экономикасының алға басуының, қоғамдағы саяси тұрақтылықтың арқасында жүйелі іске асырылып қана қоймай, ауқымдары одан әрі кеңейтіле түсуде.

Парламент Елбасының ел игі­лі­гіне бағыт­тал­ған бастамаларын қа­жет­тілігіне қа­рай заңнамалық тұрғыдан уақтылы қамта­масыз етті. Мәселен, Мә­жілістегі «Нұр Отан» партиясы фрак­циясына мүше – депутаттардың бас­тамасымен қолданыстағы заң­на­маға «7-20-25» бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді.

Аталған бағдарлама бойынша был­тыр екінші деңгейлі 8 банк арқы­лы 4350 отба­сы­ның өтінімдері мақұл­данып, соның 3497-сі жалпы сомасы 42 миллиард теңгенің жеңілдікті несиесін алды. Әйткенмен 1237 отбасының өтінімдері қанағат­тан­дырылған жоқ. Бұған олардың жет­кілікті кірісі болмауы және несие­лік тарихының на­шарлығы, яғни бұрынырақ банктерден алған қарыз­дарын өтемегендігі себеп болды.

Көптеген азаматтың 20 пайыз мөлше­рін­дегі бастапқы жарнаны тө­леуге мүмкіндігі жоқтығын ескерген Елбасы 2018 жылғы

5 қазанда жария еткен «Қазақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру» Жолдауында әкімдерге жергі­лік­ті бюджет есебінен біліктілігі жоғары педагог­терге, медицина қызметкерлеріне, полицей­лерге және өңірге қажетті басқа да маман­­дарға тұрғын үй сертификаттарын беру­ді тапсырған болатын. Бұл ретте Нұр-Сұл­тан қаласының әкімдігі өзге өңірлерге өнеге көрсетіп, баспанаға мұқтаж 100 отбасы­ның әрқайсысына бастапқы жарнаны төлеу үшін 1 миллион теңге мөлшерінде қаржылай көмек берді.

Қазір «7-20-25» бағдарламасын іске асыру тетіктерін одан әрі же­тіл­­діру қарастырылуда. Осы орайда біздің сайлаушылармен болған кездесулерімізде ата-аналар өз балаларына жеңілдікті ипотекамен баспана сатып әперуге рұқсат беруді сұ­рағандығын айта кеткен жөн. Сондай-ақ ауылдық жерлерде қызмет істейтін мұ­ғалімдер мен дәрігерлер де аталған бағдарламамен қаладан пәтер са­тып алғылары келетіндіктерін біл­дірді.

Елбасы кірісі төмен көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шек­теулі балалары бар отбасылардың қа­мын ойлап, Nur Otan партия­сының ХVIII съезінде оларға Тұрғын­үй­құрылысжинақбанкі арқылы несие өсімінің мөлшерлемесі 2-3 пайызды құрайтын тұрғын үй займдарын беруді тапсырғаны мәлім. Бұл мақсатқа жақында республикалық бюджетті нақтылау кезінде 50 миллиард теңге бөлу қарастырылды. Осы игі бастамаға 7 жыл ішінде 350 миллиард теңге жұмсалмақшы. Мұның өзі жыл сайын 6 мың көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Елбасының жалақысы төмен жұ­мыс­кер­лер­дің еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту жөніндегі бастамасы да заң жүзінде негізделіп, үстіміздегі жылдан бастап жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен (немесе 63 мың 125 теңгеден) төмен 2 миллионға жуық адамның жеке табыс салығының мөл­шері бұрынғы 10 пайыздан 1 пайыз­ға дейін азайтылды. Сондай-ақ бюд­жеттік мекемелерде жұмыс

істейтін 275 мың қызметкердің жалақысы орта есеппен 35 пайызға өсірілді.

Халықтың әлжуаз топтарын әлеу­меттік қолдауды күшейту мақсатын көздеген Елба­сы­ның Nur Otan пар­тиясының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес атау­лы әлеуметтік көмек тағайындау үшін аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың жиын­­тық кірісін есептеу кезінде мы­­на­дай тө­лем түрлері – «Күміс ал­қа­мен» және «Алтын алқамен» наград­тал­ған көпбалалы аналар мен көпбала­лы отбасыларға берілетін жәрдем­ақы­лар, мүгедек балаларға берілетін жәр­демақы және студенттік стипен­диялар есепке алынбайтын болып шешіліп, заңдастырылды. Осы жөнінде Мәжіліс депутаттары өткен жыл­ғы қарашада болған «Үкімет сағатында» Үкі­мет­ке тиісті ұсыныстар енгізген болатын.

Елбасының Nur Otan партия­сының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәй­кес 2019 жылғы 1 шілдеден бастап аза­мат­тық қызметшілердің, мем­лекеттік бюджет есебі­нен ұста­латын ұйымдар қыз­мет­кер­ле­­рінің жа­­лақысы 30 пайызға көтері­ле­ді. Бұл шара денсаулық сақтау, білім беру, әлеу­меттік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруа­шы­лығы және бас­қа салалардағы 1 мил­лион­нан астам азаматтық қызметшінің әл-ауқа­тын біршама арттыруға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ тұрғындармен ті­ке­лей жұмыс істей­тін атқарушы орган­дар­дың төменгі буын қыз­мет­керлерінің жалақысы орташа алғанда 25 пайызға көбейтіледі.

Бұдан бөлек, биылғы оқу жылында білім гранттарының саны 20 мыңға ұлғайтылды. Қазіргі таңда 69 мың 59 студент жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен оқып жүр. Жоғары білімді техникалық кадрлар мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға жұмсалатын шығын әрбір грантқа шаққанда 346,6 мың теңгеден 635,8 мың теңгеге дейін көбейтілді.

Әйткенмен ветеринария сала­сы­ның ма­ман­дарын даярлауға бөлінетін бюджет шы­ғын­­дары бұрынғы мөл­шерде қалғандығы қисын­сыз деп санаймыз. Алдағы уақытта бұл мәсе­ле де оң шешімін табуға тиісті.

Білім және ғылым министрлігінің мәлі­ме­тіне сүйенсек, қазір 91 мың сту­дент жатақ­хана­ға мұқтаж. Өткен жылы оқу орындары өз қаражаттары есебінен жалпы саны 2780 студентке арналған 10 жатақхананы пайдалануға бер­ген. Үстіміздегі жылы тағы 5 мың сту­дентті жатақ­ханамен қамтамасыз ету жоспарланған болса, іс жүзінде қазір 8 мың 294 орынға арналған жа­тақ­ханаларды пайдалануға беру жө­нінде 19 шарт жасалған.

Сонымен қатар Денсаулық сақ­­тау минис­тр­­лігіне қарасты Се­мей мем­лекеттік ме­ди­­цина универ­си­те­тінің республикалық бюд­жеттен 2 мил­лиард 246 миллион теңге­ден астам қаржы бөлінген 1000 орын­дық студент­­тік жатақханасының құрылысы 2014 жыл­дан бері салынып бітпей, қазір тоқ­тап тұрғандығын ескермей болмайды. Мұн­дай сорақы кемшіліктің себебі – аталған объектіні салу бойынша өткізілген конкурста материалдық-техникалық базасы да, құрылыс салу тәжірибесі де мүлдем жеткіліксіз, екін­ші санаттағы құрылыс ұйымы жеңіске жет­кен­дігінде.

Елбасының шағын несие беруді көбейту жөнін­дегі бастамасын іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, қаржыландыру кө­лемі 62 миллиард теңгеге дейін ұлғай­тылды. Алайда, жаппай кәсіпкерлікті да­мытуға бағытталған осынша қаржы­ның 59,5 мил­лиард теңгесі немесе 95 пайызы ғана игерілген.

Біз ауылдық елді мекендерде бол­ған сайын жеке кәсібін ашқысы ке­летін азамат­тар­дың екінші деңгейлі банктердің филиал­дары талап ететін кепілдің болмауына бай­ланысты несие ала алмай жүргендіктері жай­лы шағымдарын естіп жүрміз. Өйткені оларға ауадай қажетті ақпарат жетпей жатыр. Айталық олар «Ауыл шаруа­шылығын қаржы­лай қолдау қоры» акционерлік қоғамы (АҚ) ауылдағы тұрғын үйлерді де, жерді де, авто­көлікті де, өзге техниканы да кепілдік мүлік ретінде қабылдайтындығынан бейхабар болып шықты. Осы қор былтыр Нәти­же­лі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лік­ті дамыту бағдарламасы аясында жалпы сомасы 30 миллиард теңгені құрайтын 9 мың­ға жуық шағын несие берген. Ал биыл ауыл кәсіп­керлерін несиелендіру көлемін 50 миллиард теңгеден асыруды көздеп отыр.

Жалпы, ауыл тұрғындары кәсіп­кер­лікпен айналысқысы келетін адам­дарға мемлекет тарапынан әр­түр­лі жеңілдіктер қарастырылып отыр­ған­дығын және «Сыбаға» сияқты бағ­дар­ламалардың тиімділігін біле бермейді. Себебі оларды көпшілікке түсіндіру, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жет­кі­ліксіз.

Қыста жағылған көмірдің қара тү­тіні бу­дақтап, тынысты тарылтып тұратын өңір­лер­дің тұрғындары Елба­сының елді газбен қамта­масыз етуді жалғастыру жөніндегі бас­та­­масының игілігін көретін күн де алыс емес, «Са­рыарқа» магис­тральды газ құбы­рының бірін­ші кезең­індегі желісінің құрылысы өткен жылғы желтоқсан айын­да басталды. Оны аяқтау және гид­росынақтан өткізу 2019 жыл­­дың со­ңына белгіленіп отыр. Осы мақ­­сатқа әртүрлі қаржыландыру көз­дерінен 267,3 миллиард теңге жұм­салмақшы. Газ құбы­рын салу барысын­да 1690 жұмыс орны құры­лады, ал оны пайдалану кезінде 200 адам тұ­­рақты жұ­мыспен қамтылады. Энер­гетика минис­тр­­лігінің мәліметіне қара­ғанда, келесі жы­лы Нұр-Сұлтан қа­ла­сына, Ақмо­ла және Қарағанды об­лыс­тарының елді ме­кен­деріне «көгілдір отын» беріле бастайды.

Түйіндей айтсақ, Елбасының әлеу­меттік баста­малары бүгінгі таңда ел билігіндегі сали­қалы сабақтастықтың ар­қа­сында дәйекті жалға­сын тауып, ха­лық игілігіне бағытталған, аса ма­­ңызды әрі ұзақмерзімді бағдарламалар ре­тінде іске асырылу үстінде.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі

(«Егемен Қазақстан»).

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий