Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Еліміздің Ата Заңының қабылданғанына 22 жыл толуына арналған биылғы мерекелік шаралар 30 тамызда облыс орталығындағы «Менің Қазақстаным» сәулеттік композициясы ескерткішінің жанында өтті. Барша отандастарымыз сияқты көкшетаулықтарды да мақтаныш сезіміне бөлеген бұл салтанатты оқиғаға аға ұрпақ өкілдерімен бірге Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін баянды ету жолында қажырлылықпен еңбек етіп келе жатқан жастарымыз қатысты. Меймандар арасында соғыс және еңбек ардагерлері, Көкшетау қаласының құрметті азаматтары, әр деңгейдегі мәслихат депутаттары, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, орта және жоғары оқу орындарының шәкірттері де болды.

 Еліміздің Көкбайрағы желбіреп тұрған ескерткішке қарай бағыт алған көкшетаулықтар мен меймандарды қолдарына жалауша ұстаған волонтерлер патриоттық музыка әуенімен құшақ жая қарсы алды. Қазақстандық этностардың сәнді киімдерін киген әуесқой әртістер де осы жерде сап түзеген. Салтанатты шеру әскери курсанттардың Қазақстан Республикасы Конституциясы бейнеленген кітапшаны Тутұғырдың жанына қоюға әкеле жатты. Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтау сөз сөйледі. 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституция тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауда демократиялық, әлеуметтік және құқықтық қағидаларды нығайтуда қуатты күшке айналды. Ішкі және сыртқы саясаттағы дамудың басым бағыттарын айқындап, Отанға деген сүйіспеншіліктің, азаматтық борыш пен толеранттықтың және бірліктің негізін қалады. Бүгінгі таңда біздің қолжеткен таңғажайып жетістіктеріміз Конституцияны қабылдауға бастамашыл болған Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр-қайратымен, азаматтарымыздың Негізгі Заңның принциптері мен нормативтеріне адалдықтарымен тығыз байланысты. Конституция тарихи тағдыры бір көптеген этностардың басын біріктірді. Ата бабаларымыздың бостандық, азаттық, тәуелсіздік жайлы армандарын жүзеге асыруға қол жеткізді. Ендеше, бұл мереке Отан игілігі жолындағы жетістіктерге жетуімізге күш-қуат береді деген үміттеміз.
* * *
Мерекелік салтанатты шара өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ақмолалықтарға алғыс хаттар тапсыру рәсімімен жалғасты. Мұндай құрметке биатлоннан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Геннадий Макаров, «Жас ұлан» облыстық филиалының төрағасы Мейрамбек Зәкіров, Көкшетау қаласы ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің басшысы Серік Зейнуллин, «Тыныс» акционерлік қоғамының бөлім меңгерушісі Ольга Кисилева, облыстық талдау және конфессияаралық қарым-қатынасты дамыту орталығының директоры Гүлнұр Сатыбалдина, «Гәкку» ансамблінің жетекшісі Гүлмира Ордабаева, «Көкше» акционерлік қоғамының дәнекерлеушісі Артем Шумков ие болды. IMG_7068Өңір басшысы, сондай-ақ, 16 жасқа толған жоғары техникалық мектептің, көпсалалы азаматтық қорғаныс, құрылыс-техникалық, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы және агротехникалық колледждердің студенттері Әділ Сағынтайұлы, Регина Гейзе, Алмат Елтаев, Евгений Мезенцев, Рахат Нұрғалиев пен №13 орта мектеп пен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Аделина Мирошник пен Алексей Полехинге төлқұжат тапсырды. Конституция күні құрметіне, сондай-ақ, мото-вело автошеруі өткізілді. Оған қатысушылар облыс орталығының көшелерін аралап, Бұқпа тауындағы күрделі жөндеуден өткен демалыс алаңының ашылу салтанатына қатысты. Келесі күні Абылай хан даңғылы бойындағы Мақтай тауы жанындағы жеңілатлетикалық жарыста кішкентай бүлдіршіннен самайын қырау шалған ардагерлерге дейін өздерінің спорттық қабілеттіктерін көрсетіп, сынға түсті. Әр кезең бойынша жеңіске жеткен жүлдегерлерге арнайы дипломдар тапсырылды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс