Тәуелсіздік – жыр тілімен

Көкшетауда «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!» деген тақырыппен Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен мүшәйра болып өтті. Тақырып аясы кең, толғандырарлық, тебірентерлік. Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 25 жыл толмақ. Бұл ұлы даланы мекен еткен алаш баласының, қазақ жұртының, біздің ата-бабамыздың ғасырлар бойғы асыл арманы еді. Міне, осындай терең тақырыпты жырлап, мүшәйраға облыс бойынша елуден астам ақын өлең жолдапты. 

Өңір орталығынан басқа мүшәйрада Степногор, Макинка қалалары, Есіл, Целиноград аудандарының ақындары белсенділік танытыпты. Алдын ала құрылған Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, ақын Төлеген Қажыбай бастаған алқа мүшелері келіп түскен өлеңдерді саралап, солардың бір шоғырын ғана жарысқа қосқан. Өткен жұма күні М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада сол оза шапқандар өзара додаға түсті. Топ алдында шабыттана жыр оқығандардың ішінен «Алтын заман» атты жырымен Жәди Шәкенұлы бірінші, «Айналдым сенен, азаттық!» атты өлеңімен Күләш Нысанбек екінші орынды иеленді. Қуаныш Оспанов пен Мұхамед Қоңқаевтар үшінші орындарды еншіледі. Ал, орыс тілді ақындар ішінен бірінші орын есілдік Лилия Резеповаға, екінші орын көкшетаулық Виктор Терещукқа, үшінші орын бұландылық Тамара Барышниковаға бұйырды. Тәуелсіздіктің мән-мағынасын жырлап, бәйге биігінен көрінген ақындар, сондай-ақ, барлық қатысушылар арнайы дипломдармен, қазақы ою-өрнекті ұлттық бұйымдар, сый-кәделермен марапатталды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Арман Бердалин мүшәйраға қатысып, бақтарын сынаған ақындарға алғыс-рахметін жеткізіп, оларға шығармашылық табыстар тіледі.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс