Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 26 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атауымен кезекті ХХІV сессиясы болып өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен Ассамблея мүшелері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

a1fae4b360922c4c596160f75262b5f3

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі екендігін атап өтті. Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынның басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Бүгінде мемлекеттік қызметшілер корпусында Қазақстанның 45 этносының өкілдері бар екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Мемлекеттік аппаратта әрдайым этностық әралуандық болу келешекте де жалғасатын болады. Қазақстан Президенті ЭКСПО- 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мәселесін ескере отырып, елорданың, Алматы қаласы мен облыстардың әкімдеріне көрнекті ақпараттың жариялануын үш тілде – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде қамтамасыз етуді тапсырды. Одан әрі Елбасы индустрияландыру жұмысын жүргізу және экономикалық өсімді қамтамасыз ету, тіпті әлемдік дағдарыстың күшті ықпалына қарамастан бизнестің дамуына кеңінен жол ашатынына назар аударды. Мұны әлемнің мейлінше перспективалы 60 елінде жүргізілетін Жаһандық бизнес мониторингі мәліметтері көрсетіп отыр. Оған сәйкес, Қазақстан азаматтардың кәсіпкерлік белсенділік деңгейі жөнінен 29-орынды иеленді. Жұмыс орындарын ашу перспективасы бойынша 6-орында. Жалпы, еңбек нарығының тиімділігі рейтингінде біздің республика 140 елдің ішінде 18-орынға жайғасқан. Бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасаудың жаһандық рейтингінде біз 189 елдің ішінде 41-орынды иелендік. Мектептегі білім беру саласында, соның ішінде бескүндікке, үштілділікке өту бастамалары үлкен талқылауларға түрткі болды. Егер біз балаларымыз бен бүкіл еліміздің болашағын ойлайтын болсақ, мұндай өзгерістер білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Бірақ бәрі де тиянақты қарастырылғаннан кейін қабылдануға тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейгенін айтты. Мұның шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді – ауылшаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алып-қашты әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауылшаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа функциялық бағыттарды өз мойнына алғанына тоқталды. Қайырымдылық қызмет туралы жаңа Заңда ҚХА-ға меценаттар қоғамдастығының бас-ты үйлестірушісі қызметін атқару бекітіліп берілді. Тарихта бірінші рет қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың республикалық съезі өткізілді. «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасы мен Ассамблея жылы аясында 400 мыңнан астам қазақстандыққа қайтарымсыз көмек көрсетілді. Балалар үйлерінің 7800 тәрбиеленушісі мен жетім балалар үшін жалпы құны 5 миллиард теңге болатын білім беруге арналған есепшоттар ашылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы бүкіл ел бойынша 1993 қоғамдық келісім кеңесі және 820 аналар кеңесі құрылғанын атап өтті. Олар халықтың нақты мәселелерін шешумен, жергілікті деңгейде және ұжымдарда қақтығыстардың алдын алумен айналысады.
Ассамблея қызметінің тағы бір бағыты – даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен шешетін медиаторлар желісін дамыту. Медиация туралы Заң қабылдаған 2011 жылға дейін оған қалай кірісу керектігін ешкім білген жоқ. Ассамблея бастамашылық танытқан соң сең қозғалды. Мемлекеттік рәміздер туралы Заң күшейтілді, бұл олардың қазақстандық патриотизм атрибуттары ретінде азаматтардың қолдану аясын кеңейтті. Отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани құндылықтарды нығайту жөніндегі жалпыұлттық жоспар жаңғыртылды. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету жөніндегі жалпыұлттық жоспар жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпқойлар лигасы жобасының мәні зор. Оның аясында Дүниежүзілік банктің атсалысуымен өңірлерде жұмысшы мамандықтары бойынша мамандарды алдын ала даярлаудың 15 ресурстық орталығы құрылды. Білім мен ғылымды дамытудың 2019 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, үш тілде білім берудің Жол картасы жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы қомақты қаражат жұмсауды талап етпейтін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Оның инновациялылығы, энтузиазмы, жүйелілігі және нақты нәтижеге бағытталғандығы – бұл, сөз жоқ, еліктеуге тұрарлық үлгі. Мен біртектілік пен бірлік жөніндегі жұмыстың алғашқы қорытындыларын бекітемін. Сонымен бірге, босаңсуға және біз қоғамда бірлік пен келісімнің биік деңгейіне жеттік деп санауға да болмайды, ал бұл үдеріс енді өз-өзінен жалғасатын болады. Қазақстан Президенті сессия қорытындысы бойынша қабылдануы жоспарланып отырған Мәңгілік Ел патриоттық актісінің жалпыұлттық идеяның құжаттамалық пішіні екеніне назар аударды. Жиын барысында ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов даңқты боксшы Геннадий Головкиннің Елбасына және барша қазақстандықтарға жолдаған хатын оқып берді. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясының ашылуымен құттықтаймын. Мен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Сіздің берген тапсырмаңызды орындағанымды қуана хабарлаймын. Бұл жеңісімді Сізге арнаймын, Нұрсұлтан Әбішұлы. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз болып қала берсін. Сізге зор денсаулық, амандық тілеймін!», – делінген хатта. Осы арада еске сала кетейік, Геннадий Головкин өткен 24 сәуір күні өзінің 35-ші жеңісіне қол жеткізген болатын.
Сессия барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, «Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Леонид Николаевич Питаленконы және ҚХА Кеңесінің мүшесі, Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының құрметті төрағасы Розақұл Халмұрадовты этномәдени бірлестіктерден Ассамблея Төрағасының орынбасары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды. Жиын соңында Ассамблеяның XXIV сессиясының қорытындысы бойынша «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі жария етілді. Осымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы өз жұмысын аяқтады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс