Тәуелсіздік тойына – лайықты тартулар!

Көкшетау қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ««Қазақстанда жасалған» сауда белгісімен алуан түрлі өнім шығаратын жетекші кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистер бұл жолы «Арман» тоқыма фабрикасы, «Көкше» акционерлік қоғамы, «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы, «ТауКон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы еңбек тынысымен, өндіріп жатқан жаңа өнім түрімен жақынырақ танысты.

Көкшетау қаласының жетекші өндіріс кәсіпорындарының бүгінгі ұстанымы осындай

«Арман» тоқыма фабрикасы

Өтпелі кезең қиыншылықтарын жеңе білген өндіріс орындарының бірі «Арман» тоқыма фабрикасы өз өнімдерімен тек отандық нарыққа ғана емес, сонымен бірге ел аумағынан тысқары жерлерде де танылып үлгерген. Тоқыған киімдері беларусь тоқымасынан еш кем емес, тігісі жатық. Бүгінде кәсіпорын заман көшінен қалмай өмір талабына сай өнім шығаратын бірегей өндіріс ошағына айналып отыр. Бұл орайда серіктестік директоры Татьяна Басан былай дейді: «Тоқымашылар өз ісін жақсы меңгерумен ғана шектелмеуі қажет. Олар заман ауанымен бірге өзгеріп, үнемі жаңарып отыратын адамдар талғамын, олардың көңіліндегі көрікті ойларын жүзеге асырушы. Фабрикада мектеп формасымен қатар ер адамдар, әйелдер мен балалар киімдерінің 50-ге тарта түрін тоқимыз. Оның ішінде ұлттық ою-өрнек салынған киімдері мен мемлекеттік органдардың формалары да бар. Ұжымда 25 қыз-келіншек еңбек етіп, тұтынушылардың көңілінен шығатын киім тоқуға тырысуда. Бағасы да қолжетімді. Сондықтан болар, тұтынушылар қатары жыл санап өсіп келеді. Биыл «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурсында екінші орын алдық. Астана қаласында өтетін көрмеге қатысамыз. Шикізаттың тең жартысы өз еліміздікі және Беларусь елінен алынады. Мұнда жұмыс істейтіндердің дені – зейнет жасына иек артқан жандар. Жастар жағы сирек келетін көрінеді. Кәсіпорын директорының айтуына қарағанда, Қытай, Қырғызстан елдерімен бәсекелесу оңайға түсер емес. Өйткені, олардың киім-кешегінің сапасы айтарлықтай жоғары болмағанымен, бағасы қолжетімді. Сол себепті біздің тоқымашылар тек ара-тұра түсетін тапсырыстың арқасында күн көріп отыр. Жасырары жоқ, сауда орындарында арзанқол қытайлық киімдері тұрғанда бұл фабриканың өнімін өткізу қиын. Десек те, жұртшылықты отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуге жергілікті өндірістің әлеуеті жетеді. Фабрика кез келген киім-кешекті тігуге қабілетті. Кәсіпорын отыз жыл бұрынғы құрал-жабдығымен жұмыс істеп келеді. «Арманның» шикізатты өңдеу цехына жаңа жабдық қажеттігі білінеді. Кәсіпорынды техникалық жағынан жаңартпайынша, өндірілетін өнім көлемін ұлғайту мүмкін емес. Осы бағытта шұғыл шаралар қолға алынып, қолтықтан демесе, жеңіл өнеркәсіптегі олқылықтардың орны толары сөзсіз. «Тоқыма фабрикасы менің екінші үйім десем болады. Міне, содан бері 28 жылдан аса уақыт болыпты. 90-шы жылдары «Арман» фабрикасы да нарықтың қылбұрауын мықтап сезінді. 1988 жылы кәсіптік-техникалық училищені бітірісімен сүйікті мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Жасыратын несі бар, жұмыссыз отырған күндеріміз де болды. Бірақ кәсіпорын жабылмады, біз тарап кетпедік. Әбден тұралаған кәсіпорын аз жылдарда еліміздің экономикасымен бірге еңсесін көтере бастады. Қазір тәжірибелі тоқымашы ғана емес, тәжірибелі маманға айналдым. Әртүрлі жіптерден киімді әсемдеп, қонымды етіп тоқи білу асқан шыдамдылық пен шеберлікті қажет етеді. Әйтсе де, осы кәсіпті таңдағаныма еш өкінбеймін. Мен басқа ұжымды, басқа жұмысты көзіме елестете алмаймын. Кейде сән үлгісін өзіміз де құлпыртып жасауға да ниет білдіріп жатамыз»,–дейді тоқыма фабрикасының қызметкері Күләш Шәмшиева.

«Көкшенің» есептегіш құралдары

«Көкше» акционерлік қоғамында шығарылатын электр қуатын есептейтін құрылғыға деген қажеттілік туындап отырғаны анық. Оның отандық өнім болғаны, әрине, қуанарлық жағдай.

Кәсіпорынның бас директоры Бегайдар Сембеков зауыт 1990 жылы пайдалануға беріліп, әскери өнеркәсіптік кешеннің тапсырысы бойынша радиотехникаға бағытталған арнайы өнімдер шығармақшы болғанын атап өтті. Сол кездің өзінде мұнда металл өңдейтін қондырғылар паркі, өлшегіш бақылау аспаптары көп болыпты. Осының арқасында зауыт ауылшаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін, өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс материалдарын, жылу-электр орталығына орнатылатын бу қазандықтарының арнайы блоктарын, электротехникаға бағытталған жоғары және төмен вольтты қондырғыларды, көп тарифті электрондық электр және жылу энергиясының есептегішін, өзге де салаларға арналған бөлшектерді жасауды игеріпті.
Кәсіпорынның өндірістік алаңында әртүрлі бағыттағы токарьлық, фрезерлік, бұрғылау, механикалық пресс, дәнекерлеу және ұсталық тәрізді жүзден астам технологиялық қондырғы орнатылған. Сондай-ақ, металдарды өңдейтін гальваникалық жабу цехы жұмыс істейді. Мұнда қазіргі заманғы арнайы қондырғымен жабдықталған баспа платы өндірісі дамыған. Сондай-ақ, пластмассалық өнім мен металл балкасы жасалады. Зауытта күрделі тұрмыстық және өнеркәсіптік электротехникалық өнім шығаруға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы технологиялық үрдістерді игеру үшін «Филлипс-Электроник» голландық фирмасының баспа платын құрастыратын желісі, жұқа металды кесетін «ЧПУ» лазерлік қондырғысы мен өнімді полимерлік бояу үшін арнайы кешен орнатылған. Кәсіпорында электрондық аспаптарды тексеретін және ультра дыбысты бақылау нәтижесі бойынша металл конструкциясын қосып, дәнекерлеу сапасын бағалайтын бақылау-өлшеу зертханасы жұмыс істеуде.

«КамАЗ-ға» сұраныс жоғары

Бүгінгі күні бүкіл елімізге аты мәлім «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамының жұмыс істеуі автокөлік шығару саласындағы Қазақстан мен Ресей арасында жасалған сәтті жоба.

Алғашқы кезеңде жұмысшылар саны елудің маңайында болса, қазіргі таңда ол төрт есе өсіп, 200 адамға жуықтап отыр. Биыл кәсіпорынның акционерлік қоғамы 600-ден астам автокөлік құрастырған. – Зауытта экологиялық жағынан таза автокөліктер жасалады. Сондай-ақ, платформа құрастыру технологиясын игердік. Келесі жылы платформа мен автокөлік кабинасын өзіміз жасамақпыз. Сөйтіп, автокөліктің өзге түрін көбірек құрастырмақшымыз, – дейді кәсіпорынның өндіріс басшысы Александр Грабовский. Мұндағы 9 құрастыру цехындағы өндірістік жұмыс бір сәт тоқтамайды. Алып көліктерді құрастыру заманалық пневматикалық және метрологиялық аспаптар мен жабдықтарды қолдану арқылы жүзеге асырылуда. Арнайы техникалар мен құрылғылар бөлімі озық үлгідегі дәнекерлеу және бояу камераларымен жабдықталған. Кәсіпорында дайындалған барлық өнім тиісті есептік тіркеу рәсімдерінен өтіп, сертификатталады. Сондықтан, сапа талаптарына мін айта алмайсыз. Көкшетау кәсіпорны құрастырған техникалар еліміздің барлық халық шаруашылығы саласында, күш құрылғыларында табысты жұмыс істеуде. Осы уақыт аралығында отандық конструкторлардың, технологтардың, өндіріс жаңашылдарының және акционерлердің бірлескен күш-қарымымен модельдік тізбе 3-тен 30-дан астам түрге артқан. Осының өзінен кәсіпорынның табысты жолда келе жатқанын байқауға болады.

«ТауКонның» тәтті тағамдары

Көкшетаудағы «ТауКон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі экономикалық дағдарыстарға қарамастан өз өнімдерімен бәсекеге қабілетті екендіктерін көрсетуге барын салуда.

Серіктестік директоры Марат Сәрсеновтың айтуынша, әзірге кәсіпорын кондитер өнімдерінің 60-қа жуық түрін дайындайды. Негізі кондитер тағамдарының өзі нағыз шығармашылық жұмыс деуге болады. Оның толып жатқан «құпиялары» болатыны анық. Сондықтан, цех жұмысын бастамай тұрып шетелден осы саланың мамандары шақырылған. Ашылғанына бір жарым жыл ғана болған кәсіпорын 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Цехтарда шетелдік қондырғылар орнатылған. Жұмысшылар тегін тамақтандырылады. Орташа еңбекақы 68 мың теңгені құрайды. Биылғы жылдың он айында өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 68 миллиард 439 миллион теңгені құрап отыр. «Бизнес бір орында тұрмайды. Цехтардағы жаңа автоматты желілермен неше түрлі өнімдер жасалынуда. Кәсіпорын өнімділігін арттырып, сауда шекарасын кеңейту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта өнім Қазақстанның алты өңірі мен Ресейге шығарылады», – дейді Марат Сәрсенов.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс