«Тәуелсіз Қазақстан» поезы Көкшетау қаласына аялдады

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен республикалық әлеуметтік «Тәуелсіз Қазақстан поезы» акциясы Көкшетауда жалғасты. Қарашаның 2-і күні жолға шыққан поезд қарашаның 11-інде Көкшетау вокзалына келіп жетті. 43 күннің ішінде 35 елді мекенді аралап шығатын поездың бұл оныншы аялдамасы. Аталған поезбен келген меймандарды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі вокзал басында өтті. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Марал Жақыпова құттықтау сөзін арнады. Ал, делегация атынан поезд штабының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Әміржан Әлпейісов сөз алып, көкшеліктердің қонақжайлылығына ризашылығын білдірді. Құрамында 271 адамы бар поезда 72 медицина қызметкері, 7 министрлік және 3 ұлттық компания өкілдері болды. Екі күн ішінде көкшеліктерге 8 жұмыс тобы қызмет көрсетті. Облыс және қала тұрғындары Көкшетаудағы медицина мекемелерінде түрлі сала дәрігерлерінен кеңес алып, министрлік мамандарына өз сауалдарымен жүгінді.

«Тәуелсіз Қазақстан» поезының делегациясын вокзал басында қарсы алған жұртшылық атынан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов сөз алды. Биылғы мерейлі жылдың маңызына тоқталып, осы мерекеге орай атқарылып жатқан игі шараларды да айтып өтті. Мәңгілік Ел болуға бет алған еліміздің жетістіктері мен бағындырған белестері талай жеңістердің бастамасы дей келе, делегация мүшелеріне оң сапар тіледі. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Марал Жақыпова да түрлі ұлттың өкілін бір шаңырақ астына топтастырған өңірімізге атбасын бұрған поезд делегациясына игі істеріне табыс тіледі.
– Біз талай дүлдүлдер мен ірі қоғам қайраткерлері шыққан киелі де қасиетті өңірге келіп жеттік. Сарыарқаны сазымен әлдилеп, әнімен еркелеткен сал-серінің сүйіп, жырлап өткен өңіріне табанымызды тигіздік. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде әр аймақ мемлекеттік бағдарлама шеңберінде дамып, гүлденуде. Мұның бәрі егемен елдің қол жеткізген табыстары, – деді өз сөзінде поезд штабының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Әміржан Әлпейісов.
Делегация мүшелері бірнеше топқа бөлініп, жұмысына кірісіп кетті. Түрлі медицина мамандары ауруханаларда қабылдау жүргізсе, «Нұр Отан» партия-
сының облыстық филиалында Әділет министрлігінің өкілдері тұрғындарға кеңес берді. Ауылшаруашылығы министрлігінің мамандары өз саласы бойынша кездесу ұйымдастырып, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері осы салаға маманданған орталықтарды аралады, ал Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнес саласы бойынша сауалдарға жауап берді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этнобірлестік жетекшілері Достық үйінде, дөңгелек үстел басында емен-жарқын әңгімелесті. 2 қараша күні жолға шыққан поездағы түрлі сала мамандары осы аралықта 15 мың адамға кеңес беріпті. 3 мың адамға медициналық көмек көрсетіліп, жолдамалар жазылған. Делегация мүшелері жоғары оқу орындары студенттерімен, мектеп директорларымен, кәсіпорын ұжымдарымен кездесу өткізіп, Көкшетау қаласының көрікті жерлерімен танысты. Дәл осындай кездесулер Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданында және Есіл қаласында да өтті. 14 қараша күні жолға шыққан поезд Петропавл қаласына бет алды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс