Тәулік бойы тыным таппайды

Ағымдағы күзгі-қысқы маусымда Көкшетау қаласы бойынша пәтерлерге, мекемелерге жылу беруде елеулі кідіріс байқалмайды. Егерде үйіңіздегі температура санитарлық нормаға сәйкес келмесе, оған алдымен тұрғындардың өзі, пәтер иелері кооперативтері кінәлі. Өйткені, подъездердегі аңғал-саңғал есік-терезелер дер кезінде жөнделіп бітелмейді. Ең бастысы кей адамдардың, әсіресе, коттедждерде тұратындардың коммуналдық қызмет ақыларын дер кезінде төлемейтіндігі қатты қынжылтады. Сол себепті «Көкше Жылу» кәсіпорнының мамандары берешегі көп үйлерді жылу жүйелерінен ағыту шараларын қолдануда.

Қыстың алғашқы күндерінен толассыз жауған қар жол қатынасына едәуір қиындық келтірді. Әсіресе, орталық көшелер мен қалаға кіреберіс жолдардың бойы көлік қатынасын едәуір қиындатқанымен, арнайы техникалар жаппай жұмылдырылып, қалада тазалық жұмыстары уақытылы жүргізілуде. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлері мен қар тазарту жұмыстарымен айналысатын мекемелер қарқынды жұмыс істеуде.

Әр мекеме өздеріне қарасты аумақты қардан тазартады. Қардың мол түсуіне байланысты кейбір мекемелер техника санын да арттырған. Қалада тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, тиісті мекемелер көше қарларын тазартып жатыр. Мысалы, 67 көше «Көкше Жәрдем» коммуналдық кәсіпорнына бекітілген. Аталған кәсіпорынның бас инженері Марат Бейсенбаевтың айтуынша, қазіргі күні 55 адамнан екі бригада және жеті ЗИЛ көлігі, төрт МТЗ тракторы, төрт автогрейдер, он тоғыз самосвал, барлығы 40-қа жуық қар тазалаушы көлік жұмылдырылып жатыр.
– Жаңа жыл алдында толассыз жауған қар жол қатынасына кедергі келтіргені рас. Бірақ жыл сайын атқарылып жүрген іс болғандықтан біздің мекеме бұл жұмыстарға сақадай сай болатын. Алғашқы күннен-ақ көше қардан тазарды. Жұмысшылар арнайы кезекшілікке шығып алакеуімнен жұмыстарына кірісті. Әсіресе, көлік көп жүретін сырт көшелер мен орталық көшелерге ерекше мән берілді. Қар тазалаушылар таңғы сағат 4.00-ден бастап көшелерді тазартады. Бірінші кезекте қоғамдық көлік жүретін жолдар аршылды. Бүгінгі күні қар тазартатын, аршитын, таситын көліктерді көбейтіп жатырмыз. Қыс басталғалы 12 қаңтарға дейін 70 мың текше метр қар сыртқа шығарылды. Көктайғақ кездері адам көп жүретін көшелерге құм араласқан тұз себілді. Жалпы қыс басталғалы барлық шаруалар уақытында атқарылғандықтан, ешқандай қиындықтар орын алып отырған жоқ, – дейді Марат Бейсенбаев. Дегенмен, қыста тұрғындар тарапынан кездесетін қиындықтар бар. Мәселен, негізгі қар аршу жұмыстары түнде жүргізілгенмен, қар көп жауған уақытта күндіз де көше тазартыла береді. Осындай уақытта жол жиегіне ретсіз қойылған көліктер кедергі келтіреді. Белгіленген келісімшарт негізінде әрбір мекеме көшелерді механикалық тазартумен қатар, аялдама алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдарын және жол маңындағы қар мен мұзды тазартады.
Сондай-ақ, жылдағыдай қаланы қардан тазарту кезінде мекемелер сырт көшелермен бірге орталық көшелерге де баса мән беріп жатыр. Қала сыртындағы айналма жолдардың маңы да назардан тыс қалмады. Жауапты мекемелер өздеріне белгіленген көшелерді механикалық тазартумен қатар, аялдама алаңдары мен жиектас жанындағы аумақтарды, жаяу жүргіншілер жолдарын, жол маңындағы тротуарларды қар мен мұздан тазартып жатыр.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс