Төкең талғамы немесе «Жер шоқтығы» журналы туралы бірауыз сөз

Қалам ұстаған адамды бір ой мазалап, меңдеді ме, ол түбі қағаз бетіне түспей қоймайды.
Аспанды торлап, айналсоқтаған торы бұлттың ақыры жаумай қоймайтыны секілді…

№2-20 2017 кр

«Жер шоқтығы» журналының жаңа саны жарық көрген сайын «Бұ жолы Төкең (Төлеген Қажыбай) оқырманына не қызық ұсынды екен?» деп қолға аламыз. Шыны соған үйреніп алғандаймыз. Байыптап қарасақ, мұның өзі биыл күзде Алла бұйыртса 75 жылдығын тойлағалы отырған абыз жазушының кейінгіге жол нұсқауы, бағыт сілтеуі, тәрбиесі іспетті. «Сендер мынаны білесіңдер ме, мынаны оқыдыңдар ма, мынаны оқып, түйсініңдерші, мына мәселенің мәнісін біле жүріңдерші» дейтіндей. Оның үйдегі кабинетіндегі кітап сөресінде небір көзі қимас асыл дүниелер жиналған. Құнды кітап, журнал, газет… «Жер шоқтығына» сол ғаламат дүниелерден кертіп береді де отырады. Кейбірі көзімізге мүлде түспеген, кейбірін сонау бір жылдары оқысақ та ұмытып үлгергенбіз. Міне, солармен қайта табысып, қайта көрісеміз. Оның ішінде Мағжан шығармашылығы, оның айшықты жырлары, сирек пікірлері, Ақан, Біржан, Үкілі туралы толғаныстар, Мәшһүрдің маһамдары, Абай сыры, Әуезов әлемі, қысқасы қазақтың небір марқасқаларының жауарлары бар. Немесе, әлем классиктерінің әйгілі шығармаларына кез боласыз. Әдебиетіміздегі әлдебір талас, екіұдай пікір, шоқтығы биік кеңестер де осында. Ендеше, журналдың әр санының мазмұнына үңіле кетелік.
2012 жылдың 2-ші санынан Социал Жұмабаев пен Кәрім Жалмақановтың «Біржанның белгісіз ғұмыры», Асан Омаровтың «Абай мен Шәкәрім диалогы», 2014 жылғы 9-шы санынан Медеу Сәрсекеевтің «Ғабит Мүсірепов туралы эсселер», 2015 жылғы 3-ші санынан Несіпбек Айтұлының «Абайдың бас шәкірті немесе Сараның өз мұрасы өзіне жетеді», Софы Сматаевтың «Хандығымыздың қай тойын және қалай өткізбекпіз», Жайық Бектұровтың «Абайдың белгісіз шумақтары», Нартай Мәшһүр-Жүсіповтің «Қазақ билері» сияқты материалдар жарияланды. Бұларды көзің шалса оқымай тағат таппасың кәміл! Бұл тек жазу столымыздан табыла қалған журналдар тәбәрігі ғана. 2012 жылдан бастап шығып келе жатқан басылымды түгел түптеп, тізбектесек, талай қазынаны алға тартқан болар едік. Міне, осылайша, елу жыл бойы қолынан қаламын түсірмей жазып, оқырманына отызға тарта поэзия, проза, драмалық шығармалар жинақтарын ұсынған ірі жазушы, қазақ және әлем әдебиетінің інжу-маржанын іздеп, та-уып оқыған талғамды қаламгердің алтын көмбесін еркін ақтарып отырмыз.
Әрине, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының органы болғандықтан журнал жергілікті ақын-жазушылар, өлкетанушылар, әдебиетшілер мен тарихшылар көсемсөздерін, зерттеу мақалаларын жариялап тұрады. Сәбит Жәмбек, Мұсатай Ғалым, Дәулет Әмірұлы, Ерболат Баят, Қуаныш Оспанов, тағы басқалардың жазбаларын оқыдық. Ал, олар аз көрінеді десек, ол сол маман, қаламгерлердің өз кінәсі: аз жазады, сирек ұсынады, белсенділік төмен. Мұны оқта-текте естіліп қалатын, осы басылым туралы «Көшірме материал көбірек» деген пікірге орай айтып отырмыз.
Жақында қолымызға «Жер шоқтығының» биылғы жылғы 2-ші саны тиді. Тағы да сол! Төкең талғамы жүрісінен жаңылған жоқ! Жайық Бектұровтың «Сәкеннің соңғы сәттері», Мұзафар Әлімбаевтың Сырбай Мәуленов шығармашылығының қыр-сырын ашқан «Көз нұры, сөз сыры», Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші», Стивен Кингтің «Тірі қалу», Сейдахан Әлібектің «Сабыр Рақымов – қазақтан шыққан тұңғыш генерал», Қадыр Мырза Әлінің «Отызыншы жылдар ойраны» сияқты ғаламат дүниелер жарияланыпты. Бірінен бірі қызық, бірінен бірі тартымды. Жоғарыда айтқанымыздай қабырғалы қаламгер қамқорлығына кез болғандай әсердеміз. Рас, ақпарат ағыны аласұрған заман, ағысы қатты. Қайда барарыңды, қайда қарарыңды, нені оқып, нені білу керегіңді де ойлап үлгере алмай, суға кеткен жандай тал қармайтынымыз бар! Сіздің де басыңызда сондай сәттер бола ма, оқырман? Ендеше, Төкеңнің талғамына сеніңіз, шоқтығы биік «Жер шоқтығын» оқыңыз, өкінбейсіз…

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс