Төл тарихымыз тұлғалана түспек

«Достар» мәдениет сарайында өткен  Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысына облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің төрағасы, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев төрағалық етті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысты.

– Елбасының мақаласын барлығыңыз да оқып, танысқан шығарсыздар. Бұл мақала туралы Президенттің өзі: «…Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын» деп жазған екен. Шынында да, біз елімізде үлкен серпіліс туғызған, үлкен зерттеу, саралау жұмыстарына жол ашқан «Рухани жаңғыру» мақаласының одан әрі тереңдей түскенін көріп отырмыз. Елбасы ата-бабамыз жайлаған ұлы даланың әлемді елең еткізген елеулі құндылықтарын атап көрсетіп, алда түркі дүниесін ортақ іске жұмылдырар жаңа жобалар ұсыныпты, – деп жиынды бастаған Е.Исімбаев, жиылған ел ағалары, зиялы қауым өкілдерін сөзге тартты.

– Бұрын бізде түпқазық идеология жоқ деген пікір айтылатын. Қазір бәріміздің ойымыздан шыққан айқын мақсат бар. Мен «Рухани жаңғыруды» алғаш оқығанда сондай тебіреніс үстінде болғанмын. Міне, Елбасының мына мақаласы да сол ауқымды ойларды тереңдете түскен. Біз осы мақалада көтерілген мәселелерді ескеріп, айналамызға қарап, есімдері аталмай жүрген, елге еңбегі сіңген азаматтардың аттарын шығарып, жан-жақты жұмыстар жүргізуіміз керек, – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ш.Әлиев. Өлкетанушы М.Ыдырысов мақалада айтылған «Атқа міну мәдениеті» жөнінде пікір қосты. Сондай-ақ, жазушы В.Терещук, еңбек ардагерлері С.Мұқитанов, З.Қиықова, ақын С.Жетпісқалиев, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ оқытушысы, тарихшы Т.Уәлиев, тағы басқалар пікірлерін ортаға салды. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары А.Әміренова Елбасы мақаласының ерекшелігі, мазмұн-мақсаты жөнінде айта келіп, бүгінгі дөңгелек үстел мәжілісіне қатысып, ой бөліскендері үшін жиынға келгендерге алғыс айтты.

А.Шәріпбаев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий