Төңірегіне шуақ шашқан

Тағдыр мені парасат-пайымы жоғары азаматтармен жақындастырды. Олар тума талант иелері болатын… Өмірдің биік белесіне өзіндік абыройымен көтерілген педагог-журналист Хакімтай Қасымұлы Әміров туралы сыр ақтару толғанып, тебіренуді қажет етеді. Көңілімде жинақталған ризашылығымды ақиқатқа жүгіну арқылы жеткізуді жөн көрдім.

Жұбайым Нұрыш Молдахметов 1969 жылы Алматыдан жолдамамен келіп, Щучье қаласындағы МАИ-ға қызметке орналасты. Ұнатқан адамының іші-бауырына кіріп, бірден баурап алатын жан-жарымның арқасында Хакімтай ағаның отбасымен таныстық. Аға ол кезде Щучье қазақ мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, зайыбы Күләндаш тәте Щучье тігін фабрикасында еңбек етеді екен. Үлкен анамыз Үндеш әже үйдегі балаларға бас- көз. Қонақжайлық ілтипаты, үлкендігін алға тартып, масаттанбайтындығы, отбасының жарасымдылығы бізді қатты қызықтыратын. 1973 жылы мен оқытқан 10-шы сыныпқа Хакімтай аға да сабақ берген көрінеді. Қарлығаш Исманова, Балжан Хабдина, Қарлыған Ақпаева, Қадіржан Мұқышев сияқты алғыр, зерек шәкірттерге ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Ол жылдары жоғары сынып түлектері республика бойынша шығарма жазудан конкурсқа жиі қатысатын. «Менің елім» тақырыбы бойынша поэзия тілінде жазылған Хабдина Балжанның шығармасы көңілден шықты. Тексеруін тексерсем де конкурсқа жіберуге батылым жетпей, ағаға қаратып алдым. Нәтижесінде, республика бойынша екінші орынды иеленіп, шығарма «Қазақстан пионері» газетінде жарияланды. Мектептен алған терең білімі мен зеректігінің арқасында Балжан Хабдина Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, қазір «Өнер» баспасында істеуде. Бұл ағаның ұстаздық еңбегінің жемісі болатын. Ол адамның жан дүниесін айтқызбай сезетін, сезімтал, бауырмал, үлкен жүректі, мейірімді жан болатын.
Хакімтай ағаның қызметі ауысып, Көкшетауға көшетін болды. Қазақи әдет-ғұрыппен шығарып салдық. Халық дәстүрінде адамға құрмет, адами парасаттылық ата-тегінен келеді деген ұғым бар. Біреудің жақсылығын байқаса: «Тегі кім екен?» – деп, білгісі келетіндігіміз жасырын емес. Ата-баба қонысы Зеренді ауданы, Кіші Жамантұз. Қарауыл Қанай би ұрпағы Жұманнан Кәмәли, Әмір. Әмірден Қасым, Қасымнан Хакімтай аға жалғыз перзент. Нағашысы, Малай ұрпағы Сапи Айтқожаұлын көзіміз көрді. Бурабай ауданы, «Златополье» кентінде тұрды. Абырой беделі жоғары, ділмар, сөзі өтімді ақсақал болатын. Педагог-журналист ретінде Хакімтай аға білім беру реформасына орай білім мен тәрбие мәселесіне байланысты тұжырымдамалардың іске асуына өзіндік үлес қосты. «Мектеп реформасы, талап және міндет» рубрикасы негізінде «Ұстаз – бағбан, шәкірт – жас өрімтал» тақырыбында «Көкшетау правдасы» газетінің 1984 жылғы 28 шілдедегі нөмірінде Хакімтай Әміров менің ұстаздық ұлағатым жайында бір беттік көлемді мақала жариялады.
Ұлағатты ұстаз-журналистің қойған сұрақтарының өзектілігі сонша мұғалім мұраты мен міндетін терең түсіну – инабатты, тұла бойы ар-ұятқа толы, кішіпейіл, парасатты, көкірегінде көзі бар азамат тәрбиелеу. Шәкіртті білім кәусарымен сусындатып, ойын оятып, өнер-ғылым шыңына ұмтылдыру бағытында пікірлестік. Сабақты проблемалық-логикалық талдау үстінде шәкірттердің назарын басты мәселеге аудартуга, дербес әрекет жасауға бағыттауды басшылыққа алдық. Ағамен сұхбаттасу проблемалық оқыту, оқу-тәрбие ісін үйлесімді, оптимальды ұйымдастыруға шыңдады. Бірде облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің айлық курсында лекция оқуға келдім. Хакімтай аға мен Күләндаш жеңгейдің қал-жағдайын білейін деп үйіне бардым. Ағатайым өз кабинетінде екен. Тәтем дастархан жайып, бір табақ етті алдыма қойды. «Мұншама етті неге астыңыз?», – деп, таңдана қарадым. «Ағатайың Таңсық бізге келін емес, қарындас, тиесілі сыбағасын ас деген соң», – деп күлімдей қарады. Шіркін, «қарындасым» деп еркелеткен, қиналғанда сүйеу болған ағаның орны ойсырап жүр. Ұлттық мінез-құлықты сыйға тартқан Алланың сүйікті перзенті еді… Жабырқаған жаныңды түсініп, қайрат-жігер беріп, маңдайыңнан сипайтын, жаратылысы бөлек жандардың болғанына не жетсін! Ұстаздық өмір жолында өшпес өнегесімен із қалдырған жан болды.
«Жарық дүние қысқа өмір, сағым боп өтер бір сызық» – екендігі ақиқат. Асыл азаматтың жарық дүние сызығы 1986 жылғы 7 қарашада үзілді. Атамекені Кіші Жамантұзда жерленді. Әкесінің атын өшірмейтін адами парасаттылық, жарасымды сыйластық, ақылды бала. Перзент анасы – Күләндаш Омарқызы «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері үш ұл, бес қыздан тоғыз немере, он жиен, тоғыз шөбере сүйген алтын құрсақ, ардақты ана. Ұлдың кенжесі Еркебұлан Хакімтайұлы ішкі істер министрлігінде қызмет атқарған, полиция полковнигі. Қара шаңырақты ұстап отырған, ынтымақ-бірліктің ұйытқысы, немере, шөберелерінің сүйікті әжесінің арқа сүйер тірегі. Жаны шуақты, жүрегі мейірімді Күләндаш Омарқызы ер азаматын қадірлеп, жар сыйлаудың небір дәстүрлі үлгісін басынан өткерді. Аға бақилық болғаннан кейін, бірнеше жыл өткен соң да киген пальтосы, норкамен жиектелген бөрігі, жаңа ғана киіп шешкендей ілулі тұратын. Жазу үстеліндегі құралдары мен «Көкшетау правдасы» газетінің соңғы нөмірлері, қойын дәптерлері, қолданған қалпында стол үстінде жинақталған. Тәте, бәрі сол қалпында тұр екен дегенімде: «Ағатайың қазір келіп қалатындай көрінеді, дайын тұрсын», – деп демін ішіне тартатын… Жұртқа жақсылық тілейтін, ақыл-кеңес беретін, адал ықылас ниеті, сыпайы мінезі ұрпағына жұғысты болсын.

Таңсық ЖҰРЫНОВА,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ардагер ұстазы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс