Уақытпен үндескен, қоғаммен тілдескен

Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Ермек Маржықпаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар қызметкерлерге Алғыс хаттар, жарияланған байқау қорытындысы бойынша сертификаттар табыс етті.

Салтанатты шарада аймақ басшысы Ермек Маржықпаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыстың және тұтас елдің өркендеуіне қосып отырған зор үлестерін атап өтті. «Бүгінде журналистика саласына артылар міндет пен жүк жеңіл емес. Еліміздің журналистер қауымы заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүр. Мемлекетімізде баспасөз бен тележурналистика, ақпараттық сайттар заман талабына сай түрленіп, қоғамға қажетті маңызды ақпараттарды уақытылы таратып келеді. Елді игі іске жұмылдырып, берекені арттырып, татулықты нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қашанда жоғары», – деді өңір басшысы өз құттықтауында.
Өңірде 76 баспасөз, 17 электрондық БАҚ жұмыс істеуде. Сондай-ақ, республикалық БАҚ-тардың 20 меншікті тілшісі еңбек етуде. Бүгінгі күні журналистердің еңбегі мен қоғамдық өмірімізге қосып жатқан үлесі зор бағаға ие. Бұл күні өңір журналистикасында саналы ғұмырларын оқырман қауымға қалтқысыз қызмет етуге арнаған баспасөз ардагерлеріне қошемет көрсетілді. Шара барысында «Акмолинская правда» газетінің редакторы Серік Смағұлов, «Қазақстан» РТРК» АҰ Ақмола филиалының директоры Әлібек Татанов ҚР Президентінің Алғыс хатына ие болды. Журналис-тика ардагерлері Сайлау Көшкенов, Лариса Аитова, Жақсылық Бәйменов, Гүлнар Шаймерген және басқалары «Еңбек ардагері» медалімен, Иван Перер-ва ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» белгісімен, «Зерен», «Вести Енбекшильдерья» аудандық газеттерінің редакторлары – Светлана Ким,
Василий Устьянцев ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Степной маяк» газеті редакторының орынбасары Евгений Кимов, «Көкшетау» газетінің тілшісі Әсем Құлжанова және басқалары облыс әкімінің алғыс хатына ие болды.
Бұдан соң облыстық «Алтын қалам» байқауының қорытындысы жарияланды. Биылғы байқауға бұқаралық ақпарат құралдарынан 90-ға жуық материал түскен. Байқау қорытындысы байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні қарсаңында шығарылып, жеңімпаздар 15 аталым бойынша анықталды. Осы байқауда «Көкшетау» газетінің жауапты хатшысы Гәкку Бәйішева мен «Степной маяк» газетінің фототілшісі Валентина Отт жеңімпаз атанды.

Ә.ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий