Уақыт көшіне ілесіп…

Көкшетаудағы «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы» (КАИК) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақ ауылшаруашылығын механикаландыру мен электрлендіру ғылыми-зерттеу институты өкілдерімен әріптестік байланыс орнатқан. Ғалымдар зауытқа сынақтан өткен техникалардың ресми құжаттарын береді. Ал, кәсіпорын басшылығы көліктерді өндіріске қосады. Көкшетау қаласының іргесінен былтыр ғана пайда болған бұл зауыттың жұмысы қазір қарқын алып келеді. Бүгінде мұнда шөп шапқыш, шөп шинағыш және тіркеме секілді бас-аяғы 8 түрлі техника шығарылып жатыр. Оған енді топырақ өңдейтін және мал азығын дайындайтын тағы 6 техника қосылады.  

Зауыттың бас директоры Олег Балыбин қазір техникалардың қосалқы бөлшектерін де өзімізде шығаруға тырысып жатырмыз. Ал, жаңағы 6 техника келесі жылдан бастап өндіріліп, сатылымға шыға бастайды. Бізге мемлекет субсидия беріп отыр. Сол себепті алдағы уақытта техникаларымызды үстемесі 5 пайыздық лизингке береміз дейді. Аз ғана уақыттың ішінде кәсіпорын еліміздің түкпір-түкпірінен өкілдіктерін ашып үлгеріпті. Яғни, кез келген қазақстандық шаруаға Көкшетаудың техникалары қолжетімді болмақ. Зауыт қазір жылына 250 бірлік техника шығарып отырса, келесі жылдан бастап 600 бірлікке дейін жеткізу жоспарланған. Ал, жүйелі жұмыс істей алатын осындай өндіріс ошақтарына мемлекет те көмегін аямайды.

Зауытқа биылдан бастап жеңілдетілген несие берілейін деп жатыр. Ол қаржыға жаңа станоктар алынып, жұмыс орны кеңейтіледі. Жалпы, өндірісті көбейтіп, техника шығару ауқымы кеңейді. Зауыттың жоспарында 30 түрлі техника құрастыру межесі тұр. Бұл жұмыстарға әзірге 30 адам жұмылдырылған.  Келесі жылдан бастап кәсіпорын өндіріс аумағын одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Ол үшін осы зауыттың жанынан тағы бірнеше өндіріс алаңдары салынады. Бұл жобалар жүзеге асқан кезде жұмысшылардың қатары 200-ден асады деген жоспар бар.  «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің жұмысын 2012 жылы «Қазақстан-Беларусь индустриалды-технологиялық ауылшаруашылығы мен коммуналдық техника паркі» инвестициялық жобасы аясында Көкшетау қаласында бастаған болатын. 2014 жылдың мамыр айынан бастап «Минск Трактор Зауыты» ашық акционерлік қоғамы мен МТЗ-КАИК арасында бірлескен жинақтама жүргізу жөнінде келісімшарт жасалды. Оның барысында озық технологияларды пайдалана отырып, «Беларус 82.1», «Беларус  82.1- 23/12-23/32», «Беларус 92П» тракторларын шығару жөнінде лицензиялық келісім жасалды. 2014 жылдың маусымында «Бобруйскагромаш» ашық акционерлік қоғамымен бірлескен «КазАгроБел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталатын бірлескен кәсіпорын құрылды. Кәсіпорынның құпияларын беруді қолдану арқылы және техникалық құжаттаманы пайдаланып, трактор тіркемелерін, жартылай тіркемелерді және баспақ-жинағыштарын өндіру технологиясы бойынша лицензиялық келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, машина жинақталымдарын жеткізу жөнінде де келісімге келді.  Ал, 2018 жылы бірлескен МАЗ тіркемелерін және МАЗ  жүкті өзі түсіргіштерді құрастыруға қатысты лицензиялық келісімге қол қойылды. КАИК компаниясы  Қазақстандағы эксклюзивті дилер болып саналады. Бүгінде ол «AGKO-
AMITY JC» LLC (АҚШ),  Белоруссияның «Минск Трактор Зауыты», «Бобруйскагромаш», «Пиндік шағын механизация құралдарының зауыты», «МАЗ» ашық акционерлік қоғамдары, «Дорэлектромаш» ашық қоғамдық бірлестігімен жұмыс істейді. Сатып алынған техникаға он екі айлық кепілдеме беріледі. Сервистік қызмет көрсету орталықтары «Вираж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сауда желілерінің әр филиалында бар. Тапсырыс берушінің өзіне баратындай мобильді сервис түрі де қолданылады. Техникалық мамандардың біліктілігі үнемі арттырылып, арнайы техникаға деген көзқарас та бірінші кезекте тұрады дейді зауыт басшылығы.

Биыл өзінің 18 жылдық  мерейтойын атап өткен Көкшетаудағы «КАМАЗ-Инжиниринг» зауытын бәсекелестігі төмен компанияға жатқызу қиын.

Бұл ұйым білікті мамандардың арқасында еліміздің күш құрылымдарына, коммуналдық салаға, мұнай-газ бен халық шаруашылығына қажетті арнайы техниканы құрастырады. Он  үш жылдың ішінде конвейерден 10 мыңнан астам техника шығарылған. 2005 жылы құрылған Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны өнім түрлерін одан әрі көбейтіп, көлік бөлшектерінің отандық үлесін мейлінше арттыруды көздеп отыр. Аталған зауыт – елімізде теңдесі жоқ жалғыз кәсіпорын. Мұнда жыл сайын арнайы көліктердің үлесі басым. Ал, олардың бәсекеге барынша қабілетте болуы – зауыттағы мамандардың басты міндеті.

Бізде тапсырыс берушілердің талабын толық қанағаттандыратын, барлық талаптарға сай келетін, сондай-ақ, жоғары сұранысқа ие арнайы техникалар шығарылады. Бастапқыда Евро-1 санаты бойынша көлік құрастырсақ, қазіргі көліктеріміз Евро-4 талабына сәйкес келеді. Енді Еуро-5-ке дайындық үстіндеміз дейді техникалық бюроның мамандары.

Зауытта әр екі сағат сайын бір көлік құрастырылады. Осылайша конвейерден күніне кем дегенде 4-5 техника шығады. Ал, сол көліктердің әрбір тетігі зауыт жұмысшыларының қолынан өтеді. Алғашқыда мұнда бар-жоғы елу адам жұмыс істеген болса, кейіннен өндірісте 200-ге тарта жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылыпты. Қазір зауыт 40-тан астам техниканың түрін шығарып отыр. Бастапқыда жүкті өзі түсіретін машиналар мен  вахталық автобустар шығарған болса, кейін сериялық өнім қолға алынды. КАМАЗ-Инжиниринг бүгінде Қазақстан Республикасындағы техникалық жарақтанған ірі зауыт-өндіруші саналады. Құрылған күнінен бастап өзінің модельдік қатарын арттыруды көздеп келеді. Негізі еліміздің қажетін қанағаттандыруды көздейтін кәсіпорын Қазақстанның кез келген аумағына тапсырысты жүргізуші – экспедиторлардың көмегімен тегін жеткізіп береді. Өндіріс ошағы құрылған күннен бастап «AutoTrade-K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасқан. Ол ресейдің Набережные Челны қаласындағы «КАМАЗ» ПАК Камалық автомобиль зауытының ресми дилері ретінде «КАМАЗ-Инжинирингпен» бірлесіп Қазақстанда жаңа камаздарды тікелей сату құқығына ие. Барлық автомобиль техникасы зауыт кепілдігімен, сервистік және техникалық қызмет көрсетуімен қамтамасыз етілген. Еліміздің әр аумағында сертификатталған КАМАЗ автоорталықтары жұмыс істейді. Корпоративтік клиенттерінің сапында тау-кен комбинаттары, мұнай-газ компаниялары, ұжымшар шаруашылықтары, құрылыс компаниялары, қалалық шаруашылықтар және жеке тұлғалар бар. Өндіріс ошағы заманауи бақылау-диагностикалық және технологиялық қондырғылармен жарақтанған. Жинақталатын өнім өзіндік құнына салық салынбайтын «Еркін қойма» арқылы сатылатын тауарлар тізіміне енген. «Камаз- Инжиниринг» акционерлік қоғамының құрылтайшысы болып ресейлік машинақұрастыру флагманы саналатын «Камаз» АҚҚ мен «Қазақстан-Инжиниринг» ұлттық компаниясы АҚ болып табылады.  Кәсіпорын Камаз ірі жүк көліктеріне бейімделгеннен бастап оның 4000 түрін шығарды. Көкшетауда жиналатын автомобильдер маңызды құрылыс магистральдерінде жұмыс істейді. Өндіріс ошағы, сондай-ақ, маңызды салық төлеушілердің қатарында. Жоба жүзеге асқан күннен бастап  бюджетке 1,5 миллиард теңге аударды. Кәсіпорын өз көліктерінің сапасына ерекше мән береді. Қазір мұнда халықаралық стандартқа сай сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Сондай-ақ, экологиялық және кәсіби қауіпсіздік пен денсаулық менеджменті жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Компания Камаз базасында сериялық автомобильдерді, арнайы техниканы, қосалқы бөлшектерді жеткізуші ретінде де кең танымал. Бүгінгі күні зауыт жүкті өзі түсіргіш – самосвалдарды, қорапты тартқыштарды шығарушы және жеткізуші ретінде тапсырыс берушілердің лайықты бағасын алған. Алдағы уақытта Көкшетаудағы ірі жүк көлігін құрастыратын зауыт автомобильдердің модельдік қатарын кеңейте түсуді жоспарлауда.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий