Уақыт көшіне ілесіп…

Республикадағы мұрағат ісінің мамандарына және жақын шетелдік әріптестеріне де жақсы таныс Гүлбаршын Салық – белгілі өнертанушы, публицист, мұрағатшы. Көп жылдардан бері шаң басып жатқан құжаттарды ақтарып, біздің өлкеге қатысты құнды деректерді тауып, қоғам қайраткерлерінің есімін жаңғыртып келеді. Қашан көрсең тыным таппай жүретін жанды өз ісін сүйетін, шын берілген, мамандығына адал адам деп ауыз толтырып айтуға болады.

Оның әр жылдары жарық көрген кітаптары: «Көкшетау – жанға дәру», «Ақмола полициясының бүгіні мен өткені», «Полицияның ерекше қызметі», «Жүректілердің ісі». Тағы бір зерттеу еңбегі баспада жатыр.

Мұрағат ісі Гүлбаршынды бала жасынан қызықтырса керек. 7-ші сыныпта оқып жүрген кезінде Шыңғыс ханның шежіресіне көзі түсіп, өзінің кімнен, қалай тарайтынын білуге ұмтылыпты. Содан бастап отбасының тарихына үңілген. Ақыл сұрап келген адамы жасы сексеннен асқан әкесінің ағасы болыпты. Ол кісі өте ақылды, данагөй, өмірлік тәжірибесі мол, жады мықты жан екен. 98 жасқа қараған шағында дүние салыпты. Атасы Гүлбаршынды жанына отырғызып қойып, жеті атасын түгендеп айтып беріпті. Ал, елгезек бала бәрін тап-тұйнақтай етіп, қағаз бетіне түсірген. Атасының айтуына қарағанда, бабасы сонау Әбілқайыр ханның оң қолы болған Өзбек деген кісі екен. Кейін тарихи деректерге сүйене отырып, ол Қыпшақ пен Қарақыпшақ бабасына дейін зерттеп, өзінің әулетінің шежіресін құрып шығыпты. Атасының әңгімелерінен сусындап өскен қыз ғұмырының ұзақ болғанын қалайды. Әжесінің тыйым салғанына қарамастан, бірбеткей бала: «Мен жүз жасаймын!» – дейді екен. Әрине, адам баласы өзіне не тілесе, сол болады деген қағида бар. Соған сүйенгені де.
Гүлбаршын Салықтың мамандығы – кітапханашы-журналист. Мектеп бітіргеннен кейін кітапханашылар техникумына түсуге бел байлаған, бірақ жолы болмапты. Содан кейін өзі туып өскен Қызылту өңірінде алғашқы еңбек жолын «Толбухин» кеңшарында бастапты. Түрлі істің басын шалып, комсомол ұйымының жетекшісі де болған. Мұның бәрі – әрине, пысық өреннің бойындағы алғырлығы. Табанды қыз Барнауылдағы Алтай мемлекеттік мәдениет институтына оқуға түсіп, арманына жетіпті. Ол білім ордасында жастарды кітапханашы, библиограф, журналист мамандығына баулыған. Институтты бітіргеннен кейін кеңшардағы кітапхананың меңгерушісі болып, кейін Көкшетау қаласындағы облыстық кітапханада қызмет еткен. Осы жұмысында жүріп, жергілікті газет-журналдардан қол үзбей мақалаларын жариялап тұрған. Кітапхананың қорындағы көне кітаптарға үңіліп, сарғайған парақтарынан қызықты мәліметтер іздеп, көкшеліктерді қажет ақпараттармен таныстырып отырған. Гүлбаршын Дәкенқызы Көкшетау облыстық мемлекеттік мұрағатының құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің жетекшісі болып жүріп бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істеді. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағаты филиалын басқарып, 12 жыл Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің музейіне жетекшілік етіп, кейін өңір мұрағатының тізгінін қолына алды. Жауапты қызметтерде жүріп, архив мұрағаттарынан кітап құрастырып, 600-ден астам ғылыми-зерттеу мақалалар жариялады. Ақмола облыстық өлкетану қоғамы төрағасының орынбасары, облыс музейлерінің ғылыми-әдістемелік кеңесінің, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесінің бағындырған белестері мұнымен шектелмейді, ішкі істер департаментінің музейін 90-шы жылдары қолына алған Гүлбаршын көптеген офицерлер мен ардагерлердің көмегінің арқасында 4000 бірлік құжат жинаған. Олардың қатарында XVIII-XIХ ғасырдың көне құжаттары, қару-жарақтар бар. Музейдің кейінгі ұрпаққа қажет екенін талмай түсіндіріп, әр ауданның ішкі істер бөлімінің архивін аяғынан тік тұрғызған. Осындай қажырлы еңбегі жыл сайын бағаланып, ішкі істер органдарының «Жұлдыз» медалімен марапатталып, ауғандықтардың мерекелік наградасына ие болған. Құқық қорғау органдарында жұмыс істеген жылдары қатаң тәртіп пен жауапкершілікке өзін де тәрбиелеп, жастарды да үйрете білгендігін мақтанышпен айта алады. Жалпы, Гүлбаршынның бойынан жинақылықты, ұқыптылықты байқайсың. Осы қасиетін қызметінде де пайдаланады. Бойкүйездік бойына жат, енжарлыққа жаны қас, жалқаулықты жанына жолатпайды. Өзін тек өлкетанушы ғана емес, әкімшілік қызметке бейімі бар жан ретінде қарайды. Сондықтан ұйымдастырушылық шаруаларды ұршықша үйіріп әкетеді. Өзі де шаршамайды, жанындағылардан да соны талап етеді.
Ал, архив жұмысына келетін болсақ, бұл бір бөлек әңгіме. Шаң басқан архив құжаттарын ақтарған кезде Гүлбаршын басқаша сезімде болады. Әр парағына тарихты тұндырып, әр құжатына қызықты мәліметтерді жинақтаған сайын жаңа әлемге түскендей әсерде болады. Әсіресе, Көкшетау қаласының тарихына, қуғын-сүргін құрбандарына, есімі ескерусіз, ұмытылып қалған тұлғаларға қатысты деректері мол. Мысалы, Көкшетау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Қаңтарбаевтың сіңірген еңбегі зор болғанымен, оның аты көп аталмайды. Көкшетау қаласының атауына қатысты қызықты бір дерек, оған революция жылдары Қызыл Армияның командирі Соколовтың атын беруді ұйғарғандар да болыпты. Бұл жерден колчакшыларды қуып, Омбы асырГ.Салык с внучкой Саминой 2016гған кезде жаңағы командир көз жұмыпты. Сол кезде солдаттар Көкшетауды Соколовск деп өзгерткісі келіпті. Алайда, біздің бағымызға қарай жергілікті қоғам қайраткерлерінің тарихқа қиянат келтірмей, табандылық танытуының арқасында Көкшетау атауын аман алып қалыпты. Міне, осындай деректер Гүлбаршын Дәкенқызында өте көп. Бәрін жадында сақтап, сұраған жанға мәлімет беруден еш жалықпайды. Алдағы уақытта ғылыми жұмыстармен айналысуды мақсат тұтатын жан ізденуге көп уақытын жұмсайды.
Қанша жерден өз кәсібіне шынайы берілген адам болса да, Гүлбаршын үй шаруасын жақсы көреді. Шаңырағын шаттыққа бөлеп, дәмді ас дайындап, балалары мен жарын қуантады. Тазалықты жақсы көреді. Гүл егіп, балконын жайнатып қойып, хош иістің ортасында шай ішкенді ұнатады. Жан-жары Абзал Әбсалық – өнер адамы. Шығармашыл жандар бір-бірімен үндестік тауып, үйлесе біледі. Ортақ қызығушылықтары бар. Мейірімді ана қызын әлпештеп күтеді. Қазір ұлынан кішкентай немере сүйіп, соның қызығына тоймай келе жатқан бақытты әже. Гүлбаршын Дәкенқызы заман көшіне ілесе қадам басып, жаңашылдыққа ұмтылып, жаңалыққа құштар болып, жаңарған Қазақстанның жарқын болашағын көзімен көргісі келеді. Бұл жолда өзінің де үлесін қосуды мақсат тұтады. Ол үшін қажыр-қайратын сарқа жұмсамақ нәзік жан иесіне тек сәттілік тіледік.
***
Жетпістен астам марапаттардың иесі зейнетке шықса да ошақ қасында отырып қалуды жөн көрмеген жан қазір Көкшетау жоғары медициналық колледжінде бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істейтін ұйымдастырушы, музей жұмысын жүйелейтін қызметкер ретінде іске кірісіп кетіпті. Қандай шаруаны қолға алса да, қалт еткізбейтін қайратты қазақ қызының қанаты талмасын дейік.

 

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс