Университет атанғанына 20 жыл!

Арқа төскейіндегі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №143 бұйрығымен  1996 жылдың 23 мамырында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институты, С.Сәдуақасов атындағы ауылшаруашылығы мен Қарағанды политехникалық институты филиалының бірігуі негізінде құрылған болатын. Осы қуанышты оқиғаға  жиырма жыл толуына орай 30 қыркүйек «Шоқан оқулары-20» халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференция болды. Оның жұмысына облыс әкімі Сергей Кулагин, шетелдерден келген ғалымдар қатысты. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция  «Көкшетау» мәдениет сарайында салтанатты жиналысқа ұласты.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті 3 деңгейлі оқыту жүйесіне көшіп, магистратура, бакалавриат, баға рейтингі, сапа менеджменті бойынша жоғары оқу орындарының ТОП-50 жүйесіне енген бірден-бір оқу орны. Жыл сайын 700-ден астам жасқа 86 мамандық бойынша білім беріп, 150 бағытта ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып, еліміздегі университеттер үздіктерінің 4-ші сатысында тұр. 300-ден астам оқытушысы бар. Халықаралық Темпус, Эразмус жобаларына қатысады. Жел энергетикасы, лингвистика зертханалары бар. Ғылыми жобалары аясында оқытушылар мен мыңдаған студенттер шетелде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алып отыр. Осы жетістіктер білімнің қара шаңырағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты жиында оқу орнының ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың баяндамасында айтылды. Оқу орнын мерейтоймен құттықтай келген қонақтардың легі үлкен. Республика көлеміндегі барлық дерлік университеттердің басшылығы жылы лебіздерін жеткізді. Шетелдік әріптестері де онлайн режимде құттықтауларын білдірді. Өңір басшысы Сергей Кулагин білім ордасының қазіргі тыныс-тіршілігімен арнайы барып танысып, ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, білім ордасының 10 оқытушысына Алғыс хат табыс еткен еді. Университеттің «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты жиынына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Сенат депутаты Жабал Ерғалиев құттықтау сөз сөйледі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары аталған білім ордасы бұрынғы институт атауын өзгертіп, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Смағұл Сәдуақасов атындағы ауылшаруашылығы институты және Қарағанды кәсіптік-техникалық институтының филиалы бір университетке бірікті. Салтанатты жиында университеттегі жоғары кәсіби біліктілік, мамандарына деген сұраныс, оқыту деңгейі, шығармашылық қадамдар, ғылыми ізденістердегі жетістіктер жайлы айтылды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындары департаменті директорының орынбасары Светлана Есмағұлова Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын оқып берді. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ардагер оқытушылары Тиыштық Мұқатова, Кәдіржан Әбуев, Жұпар Мұқытева, Қайыржан Қожабаев, Жібек Майлыбаева, Әмина Әлжанова «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болды. Ақбота Бексейітова, Қасымхан Құсайынов, Темірхан Жарқынбеков, Раушан Әміренова, Қарлығаш Мейірмановаға «Білім саласының құрметті қызметкері» төсбелгісі табыс етілді. «Ыбырай Алтынсарин» медалі Тұрсынбек Мәліковтің омырауына тағылды. Университетпен әріптестік байланыс орнатқан Латвия, Испания, Ресей, Болгария жоғары оқу орындарының басшылары өз құттықтауларын онлайн режимде жеткізіп, алдағы уақытта да бірлескен жобаларға қатысуға шақырды. Сахна төріне көтерілген білім ордасын әр жылдары басқарып, оның өркендеуіне үлесін қосқан Бақыт Жүнісов, Шәкір Ыбыраев, Сағынтай Елубаев, Найман Қалабаевтарға университеттің қазіргі ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров мерекелік медальдар табыс етті. Оқу орнының бұрынғы басшылары өздері қызмет еткен жылдарын еске алып, кәсіби мамандармен қоян-қолтық жұмыс істеген тұстарын өмірінің мәнді де мағыналы бір белесі болғанын атап өтті. Ал, әріптестерін құттықтай жеткен еліміздің әр түкпіріндегі жоғары оқу орындарының жетекшілері сый-сыяпаттарын тарту етіп жатты. Әсіресе, Лев Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың сыйлығы ерекше есте қаларлық болды. Ол Жандарбек Мәлібековке арнайы тапсырыспен жасатқан еліміздің Елтаңбасының лицензияланған нұсқасын табыс етті. Сондай-ақ, түрлі ғылыми жобалардың авторлары, 20 ғалымның 20 томын табыстап, өзі басқаратын білім ордасының оқытушы-профессорлары Шоқантану, Абылайхантану бойынша біздің университет студенттеріне ғылыми жетекші болуға дайын екенін жеткізді. Іргелі оқу орнының түлектері бүгінде өңірдегі банк филиалдарында табысты қызмет етіп жүр. Салтанатты жиынға арнайы келген «Халық банкі» мерейтойға шашу ретінде 500 мың теңгенің сертификатын сыйласа, «Сбербанк» филиалы 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Цеснабанк филиалы да өз тартуын табыстады. Салтанатты жиын әйгілі «Дос Мұқасан» ансамблінің концертімен жалғасын тапты. Айта кету керек, топтың негізін салушы және алғашқы басқарушысы, «Той жыры», «Алматы түні», «Жан досым» сияқты халық арасына кең тараған әндердің әуенінің авторы, ғалым Досым Сүлеев университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың курстас досы екен. Салтанатты жиында сөз алған ол, басты сыйлығы – «Дос Мұқасан» ансамблінің орындауындағы тамаша шығармаларды тарту ететінін айтқан еді. Залдағы аға буын өкілдері ретро-әндерді тыңдап, бір жасап қалды.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс